boxingkazakhstan
Ұлттық құраманың белді боксшылары, әлем, Азия чемпимондары, тіпті кәсіпқой бокста бақ сынаған саңлақтар да жазғы Спартакиаданың дуына қосылуы, төрт жылда бір келетін доданың бәсін арттырып отыр. Бүгін жартылай финалда алты әлем чемпионы рингке шығады. Жартылай финалдық сайыста әлем біріншілігінде алтын медаль олжалаған Теміртас Жүсіпов (48 келі), Сәкен Бибосынов, Санжар Тәшкенбай (51 келі), Сабырхан Махмұд (57 келі), Бекзат Нұрдәулетов және Нұрбек Оралбай (80 келі) да айқасқа түседі.
Бас қаладағы жазғы Спартакиада ұлттық құраманың бас бапкері мен жаттықтырушылар құрамына алдағы уақытта өтетін лицензиялық турнирге қай боксшыны апаратынын айқындауға септігін тигізері сөзсіз. Париждегі жазғы Олимпиада ойындарында боксшылар тек 7 салмақ дәрежесінде ғана сынға түседі. Әзірге біздің ерлер құрамасында тек аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев қана Олимпиада жолдамасына ие. Ол Қытайда (Ханчжоу) өткен жазғы Азия ойындарының финалына шыққаны үшін лицензияға қол жеткізген болатын.