Студенттік шақ – жастардың өміріндегі ерекше кезеңдердің бірі. Сондықтан мерекелік іс-шара да студенттердің естерінде мәңгіге сақталатыны сөзсіз. Кеш шымылдығы факультет деканы, профессор Қайрат Сақтың айтулы мерекенің басты кейіпкерлерін құттықтаумен ашылды. Журналистика және саясаттану факультетінің аға оқытушысы Гүлжазира Ертасова ұйымдастырған салтанатты жиын білім алушылардың ән шырқап, бұрала би билеуімен өріліп, студенттік өмірді бейнелейтін «Студенттер сыры» фильмімен жалғасты. Әсерлі фильмнен соң әрі қарай ән айтылып, күй төгіліп, жыр оқылып, жұмбақ жасырылып, көкірек көзін ашар танымдық дүниелері мен көңіл көкжиегін кеңейтер көркем көріністер көпшілікке ұсынылды.
Халықаралық мереке факультетте де халықаралық деңгейде өтті десек артық айтпаймыз. Себебі, испаниялық ғалым, киносыншы Александр Алексеевич Пронин қатысып, жүрекжарды лебізін білдіріп, студенттерге тілегін жеткізді.
Сондай-ақ университеттің Jastar департаменті директоры Жамбыл Тілепов, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті Интернет-редакциясының жетекшісі Қуат Әуесбай студенттік шақтағы естеліктерін бөлісе келе, студенттерді халықаралық мерекемен құттықтады.
Мерекелік кеш соңында студенттер дәстүр бойынша өздері түсіріп, өздері өңдеп, монтаждап, әрлеген фильмнің тәрелкесін факультет басшысына естелікке сыйға тартты.
Айшықты шарадан профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қауымы және қонақтар зор ризашылықпен тарасты.