Байқау шымылдығын Ақсу және Екібастұз қалаларының өнерпаздары түрді. Өнер сайысын ұйымдастырушы, «Шаңырақ» облыстық орталығының директоры Замира Солтанова өнерпаздарға сәттілік тілеп, жалпы жобаның өңір өнерпаздарының арасындағы шығармашылық байланысты нығайта түсуде маңызы зор екенін атап өтті.
«Өнер додасы» байқауы өңір-өңірді жарыстыруды ғана емес, табыстыруды көздейді. Қазақ «Ел іші – өнер кеніші» деген. Сол кенішті ақтарып, халық алдына ұсынсақ, талапты жандардың талантын ұштасақ деген ниеттен осы бір сайыс бастау алды. Сондықтан әр өнер құрамасы тәжірибелі өнер иелерімен бірге бұрын-соңды үлкен сахнаға шықпаған жастарды да бәйгеге қоса алды деген сенімдеміз», деді ол.
Байқауға Ақсу, Екібастұз қалалары және Ақтоғай, Аққулы, Баянауыл, Ертіс, Железин, Май, Павлодар, Тереңкөл, Успен, Шарбақты аудандары, сонымен бірге Павлодар қаласының ауылдық аймақтары мен Майқайың кентінің өнерпаздарынан құралған 14 өнер құрамасы қатысты. Шарт бойынша қатысушылар жеті бағытта: дәстүрлі ән, терме, күй, айтыс, халықтық ансамбль, сирек кездесетін ұлттық аспап, халықтық би бойынша сынға түсті.
Сайыс жекпе-жек форматында ұйымдастырылып, жеті кезеңдегі сайыскерлердің өнеріне жергілікті мәдениет қайраткерлері, өңірге танымал ақындар мен сазгерлер, әнші-күйшілер қазылық етіп, баға берді.
Ақтық сында көрермен қауым Успен мен Аққулы аудандарының тамаша өнеріне куә болды. Нәтижесінде, алғашқы аталған құраманың додаға тыңғылықты дайындықпен келгені белгілі болды. Қазылар алқасының шешімімен Успен ауданы өнер сынының жеңімпазы атанып, бас жүлдеге тігілген 1 млн теңгені олжалады. Ал екінші орын Аққулы ауданының еншісіне жазылса, Баянауыл ауданы мен Майқайың кенті үшінші сатыдан көрінді.
Өңірлік мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан атап өткендей, жоба мақсатына жетті. Келер жылы «Өнер додасының» ауқымын, жүлде қорын да көбейту ойда тұр. «Елдің абыройын асқақтататын сала – өнер. Ал өнер адамына қолдау көрсету сіз бен біздің басты міндетіміз болуға тиіс. Биыл жеті бағыт-кезеңді тең тарта алмаған өңірлердің мәдениет саласының басшылары мен әкімдіктері кемшіліктерімен жұмыс істейді деп сенеміз. Ұлттық өнерге қолдау көрсеткен аудан басшылары бүгін соның жемісін көрді», дейді ол.
ПАВЛОДАР