Өндіріс • 19 Қараша, 2023

Кәбіл экспортының алғашқы легі

162 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде фотоэлектр жүйелеріне арналған кәбілдердің алғашқы өндірісі оң жолға қойылды. Радиациялық модификацияланған оқшаулауы бар инновациялық өнімнің жаңа желісін сатып алуға Өзбекстанмен келісімшарт жасалды. Күн батареяларының құрылысына арналған отандық кәбілдік-өткізгіштің алғашқы легін көрші елге жеткізіп те үлгердік.

Кәбіл экспортының алғашқы легі

Ғылым мен өндірістің ілгері­­­леп жатқанын айғақтайтын бұл ­бас­­­та­ма Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ға­лым­­­дарына тиесілі. Талапшыл ға­­лымдар ел нарығындағы тұң­ғыш ради­ациялық тігілген оқ­шау­лағышы бар кәбілдік-өт­кізгіш өні­мінің жаңа түрін өнді­рушілермен бір­лесіп жасап шы­ғарды. Өнімнің жобалық қуаты 15 мың шақырымға де­йін барады. ЕҰУ жанындағы «Ядро­лық технологиялар паркі» акцио­нерлік қоғамы ғалымдары фото­электр жү­йелеріне арналған кәбіл­дерді әзірлеу технологиясын жасау­да үлкен зерттеу жұмыстарын жүр­гізген. Оның пайдалану қасиет­терін, ыстыққа төзімділігін жақ­сарт­қан. Бұл инновациялық өнім баламалы энергия көздері саласында қолданылады.

– Біз бұрын-соңды Қазақстан­да кәбіл өнімдерін өндіруде қолда­ныл­­маған радиациялық тігу техноло­гиясын қолданамыз. Тотығу деградациясына жол бермеу үшін өңдеу инертті ортада жүргізіледі. Бұл өндіріс әдісі біздің елде қол­данылмайды. Біз ЭЛВ-4 электронды үдеткішінде қорғаныш ортада кәбіл өнімдерінің полимерлі оқшаулауын модификациялау жобасын «ҚазЭлектроМашпен» бірлесе жүзеге асырып жатырмыз. Қысқа тұйықталу кезіндегі термиялық тұрақтылықтың жоғары тогі, төмен зақымдану және тө­мен гигроскопиялық, кәбілдік бұйым­дардың үлкен құрылыс ұзын­дығы мен төмен салмағы, жұмыс режіміндегі оқшаулаудың рұ­қ­сат етілген температурасының жоға­рылауына байланысты жүктеме қабілетінің жоғарылауы – бұл біздің өнімнің айрықша ерекшеліктерінің бір парасы ғана, – деді «Ядролық технологиялар паркі» жобалау тобының басшысы, «Beta izol» директоры Азат Нұрқасымов.

Айта кетейік, фотоэлектр жү­йе­леріне арналған кәбілді ЕҰУ жанын­дағы «Ядролық технологиялар паркі» мен «ҚазЭлектроМаш» бірге құрған «Beta izol» стартап-компаниясы шығарады. Қазіргі кезеңде көрші елдерде отандық осы өнімді сатып алуға деген үлкен сұраныс бар.