Орталықтың ашылу салтанатына Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев, АҚШ-тың елдегі Төтенше және өкілетті елшісі Дэниел Розенблум, GE HealthCare компаниясының Ресей, ТМД-дағы президенті және атқарушы директоры Елена Легезина және Астана медицина университетінің ректоры Камалжан Надыров қатысты.
Аталған компания әлемдік үздік тәжірибені пайдалана отырып, диагностика дәрігерлерін оқытатын сараптамалық алаң болады. Мұнда дәрігерлер медицина ғылымы мен практикасының жаңа жетістіктері туралы уақтылы ақпарат алып, өздерінің кәсіби даярлық деңгейін ұдайы жетілдіре алады. Іс-шара барысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният шетелдік компаниямен жасалған келісім туралы тарқатып айтып берді.
– Биыл қыркүйекте Нью-Йоркте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөнінде бірқатар келісімге қол қойды. Бұл келісімдердің бірінің нәтижесі GE компаниясымен УДЗ аппараттарын, компьютерлік томографтарды өндіру бойынша бірлескен зауыт ашу жобасы болды. Ірі компаниямен әріптестік байланыс отандық өндірісті дамытуға ғана емес, сонымен қатар медицина мамандарын оқытуға, медицина қызметкерлерін оқытуға және олардың біліктілігін арттыруға, ғылыми зерттеулер жүргізуге де септеседі, – деді А.Ғиният.
Астана медицина университетінің ректоры Камалжан Надыровтың айтуынша, мұндай бағдарламалар елдегі үздіксіз медициналық білім беру тұжырымдамасын қолдауға және дамытуға ықпал етеді.
– Осы шаруаның барлығы университеттегі оқытушы-профессор құрамның алдын ала үйлестірген жұмысының және Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауының арқасында іске асып отыр. Бүгінде университет 70-тен аса меморандум жасасты. Биылдың өзінде біз елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған түрлі мәселелер бойынша жетекші халықаралық және қазақстандық кәсіби қауымдастықтардың қатысуымен 40-қа жуық халықаралық форум, конференция, конгресс, съез өткіздік. Енді ашылып отырған оқу орталығы еліміздегі сәулелік диагностика саласының білікті мамандарын көбірек даярлауға көмектеседі. Университет жыл сайын жүзге жуық рентгенолог-резидент дайындап шығарады және 150 дәрігер оқытады. Жаңа оқу орталығының Астана медицина университетінің базасында ашылуы – есте қаларлық оқиға. Университеттің көпжылдық тәжірибесі бар. Профессорларымыз Қазақстанның радиологиялық қоғамын басқарады және еліміздің барлық өңірінен сарапшыларды оқытады. Биыл біздің университетте Орталық Азия елдеріндегі алғашқы радиология ғылыми зерттеу институты ашылып, оған академик Ж. Хамзабаевтың есімі берілгенін де атап өткім келеді, – дейді К.Надыров.
GE Healthcare Academy оқу бағдарламасы бірінші кезекте жоғары технологиялық медициналық жабдықты тиімді және қауіпсіз пайдаланудың практикалық дағдыларын қалыптастыруға бағытталыпты. Сонымен қатар мұнда пациенттерге медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған оқыту шеберлік сабақтары өткізіледі. Оқу орталығының базасында радиология саласында ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау жағы да жоспарланыпты. Бұл жұмысқа GE Healthcare сарапшы дәрігерлері белсене қатысады екен.
GE Healthcare компаниясының Ресей, ТМД-дағы президенті және атқарушы директоры Елена Легезина да орталықтың дәрігерлерді оқытуда мүмкіндігі мол екенін айтты.
– Компания Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы мамандары үшін білім беру жобалары мен бағдарламаларын қалыптастыруға және дамытуға өз үлесін қосу мүмкіндігіне ие болып отыр. GE HealthCare Academy – дәрігерлерді кешенді оқытуға арналған заманауи алаң. Диагностиканың жаңа технологиялары мен әдістері туралы өзекті ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ кәсіби байланыстар желісін кеңейтуге көмектеседі, – деп мәлімдеді Е.Легезина.
Орталықта сабақтарды Астана медицина университетінің оқытушылары және клиникалық оқыту бойынша GE HealthCare-нің жоғары білікті мамандары өткізеді. Дәрістер мен шеберлік сабақтарына қатысуға жетекші елдегі және шетелдік сарапшылар шақырылады екен. Ақпарат үшін айтар болсақ, GE HealthСare компаниясы озық медициналық жабдықтарды, диагностикаға арналған фармацевтикалық препараттарды, сонымен қатар интеграцияланған цифрлық шешімдерді, деректерді талдау қызметтері мен жүйелерін әзірлейтін әлемдік жетекші өндірушілердің бірі саналады. GE HealthСare 100 жылдан аса уақыт шеңберінде үздіксіз оқыту бағдарламасын әзірлеу арқылы дәрігерлер мен медициналық мекемелердің тиімділігін арттыруға, нақты диагноз қоюға, оңтайлы емдеу әдістерін таңдауға ықпал етіп келеді.