Зерде • 20 Қараша, 2023

Өшпес рух өнегесі

255 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атырауда дауылпаз ақын, ақберен батыр Махамбет Өтеміс­ұлының туғанына 220 жыл толуына орай іс-шаралар легі өтіп жатыр. Соның бірі – «Махамбет мұрасы – елдіктің өшпес рухы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция.

Өшпес рух өнегесі

Конференцияны облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Ғ.Сланов атын­дағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана ұйымдастырды. Мақсат – Махамбеттің ұлтына ұран болған рухы биік туындыларын насихаттау. Жиынға елімізге белгілі ақын-жазушылар, махамбеттанушы ғалымдар, тарихшылар мен кітапхана қызметкерлері, өңір жұртшылығы қатысты.

«Атырау – қазақ еліне, тарихы мен әдебиетінде белгілі тұлға­лар дүниеге келген өңір. Сондай тұлғаның қатарында Махамбет бабамыз да бар. Жыл басынан бері ақынның шығармаларын насихаттау мақсатында бірнеше іс-шара өткізілді. Осы орайда тек концерттік бағдарламалармен, театр­лық қойылымдармен шек­тел­мей, республикалық ғылы­ми-тәжірибелік конференцияны ұйымдастырдық. Мұнда бел­гілі әдебиетшілер мен тарихшы­лар­дың, зиялы қауым өкілдерінің ба­сын біріктіріп, ақын жырлары мен өмірін кеңінен насихаттауды көздедік», дейді басқарма басшысы Әбіл Жоламанов.

п

Батыр Махамбеттің қырлары туралы Жүсіп Қадыр, Амангелді Шамғонов, Ақылбек Шаяхметов, Бибігүл Хайыржанова, Әділет Қабылов, Алтыншаш Тәжіға­лиева секілді профессорлар, махамбеттанушы ғалымдар баяндама жасады. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы, педагогика ғы­лымдарының кандидаты Бибігүл Хайыржанованың «Махамбет шы­ғар­малары арқылы жас ұр­пақ­ты отаншылдық рухта тәрбие­леу мен оқытудың өнегесі» атты монографиялық еңбегі таныстырылды.

«Екі ғасыр бойы өміршеңді­гін жоймаған Махамбет жырлары­ның жаңа қыры әлі толық ашыл­ған жоқ. Мәселен, мен өз зерт­теулерім арқылы ақынның си­­рек кездесетін өлеңдерін таптым. Оның жырларының әр шумағы мен тармағын, ұйқасын терең зерттеп, 2007 жылы кандидаттық диссертация қорғадым. Бірнеше жылдан кейін бұл еңбегім «Махам­бет шығармалары арқылы жас ұрпақты отаншылдық рухқа тәр­­биелеу мен оқытудың өне­гесі» атты монографиялық кі­тап бо­лып жарық көріп отыр. Бо­ла­­шақта түрік мамандарымен бірге Махамбет өлеңдерін түрік тіліне аударсақ деген жоспарымыз бар. Өйткені Түркия елінде ақын шығармашылығына ерекше қызығушылық бар», дейді Б.Хайыржанова.

Ал екінші іс-шара – бірінші республикалық театрлар фести­валі. Оған еліміздің әр өңірі­­нен іріктелген жеті театр қатысты. Өнер ұжымдарының қойылы­­­­мын бағалайтын қазылар алқасына ­Қа­­зақ­станның Халық әртісі, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Тұң­­ғышбай Жаманқұлов же­тек­шілік етті. «Махамбет сөздері­нің бәрі дерлік – өткір әрі рухты. Сол се­бептен өнер додасы тартысты өтіп, қойылымдар асқан шеберлік­пен сахналанатынына үміттендік», деді Т.Жаманқұлов.

Өнер додасының шымылдығы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының Тәкен Әлімқұловтың «Қош бол, Қараой» реквиемін сахналаумен бастады. Әр театрдың қойылымы өзіндік өрнегімен көрерменді тәнті етті.

Қазылар алқасының шеші­мімен фестивальдың бас жүлдесі «Қош бол, Қараой» реквиемін сахналаған Атырау облыстық Ма­хамбет атындағы академиялық Қазақ драма театрына берілді. «Жұбан» спектаклін ұсынған Батыс Қазақстан облыстық Х.Бө­кеева атындағы Қазақ драма театры бірінші жүлдеге лайық деп танылды. Екінші орынды «Әлихан­ның аманаты» қойылымымен Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры иеленді. Махамбет атындағы арнайы сыйлықты І.Омаров атын­дағы Қостанай облыстық қазақ драма театры «Алжир» қойы­лы­мымен жеңіп алды.

Сондай-ақ Гаухар Мангулова «Үздік режиссер», Темірбек Мұх­таров «Үздік сценограф» атанды. Ал «Үздік ер адам бейнесі» аталы­мын Медғат Өміралиев, «Үздік әйел адам бейнесі» аталымын Нұрлыгүл Жұбатова иеленді. Ал «Екінші пландағы ер адам бейнесі» аталымына Рауан Таймас, «Екінші пландағы әйел адам бейнесі» аталымына Жібек Үсенова ие болды. Бір топ Махамбет атындағы сый­лық лауреаты атанса, бірнеше қыз­меткер «Мәдениет саласының үз­дігі» төсбелгісімен марапатталды.

 

Атырау облысы