Көпбалалы аналар мен 78 жастан асқан жолаушылар автобуста тегін жүреді. Қоғамдық көліктердің алдағы қыс айларына дайындығын басты назарға алған Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев жолаушылар тасымалымен айналысатын автопаркке барып, олардың жұмысын тексерді.
Қала басшысы жүргізушілердің медициналық бақылаудан өткені туралы журналға және автобустардың техникалық жағдайына назар аударды. Себебі жолаушылардың қауіпсіздігі бірінші орында тұруы қажет. Ол үшін автобус жүргізушілерінің денсаулығы мықты болып, қоғамдық көлік талапқа 100 пайыз сәйкес келу керектігі атап өтілді.
«Біз автопаркке бөлінетін субсидия көлемін арттырып жатырмыз. Сондықтан қызмет көрсету сапасы да жақсаруы керек. Қазір жағдайды өте жақсы дей алмаймыз. Халықпен кездесулерде «Арна» шағын ауданы мен саяжай алқаптарының тұрғындары автобустың кешігіп жүретіні жөнінде үнемі шағымданады. Жұмысты жандандырып, жұртшылыққа дұрыс қызмет көрсету қажет», деді Нұрлан Құматаев автопарк басшысына.
Компания басшысы әр автобуста диспетчерлердің және автопарк әкімшілігінің байланыс нөмірлері жазылған ақпарат ілініп тұрғанын айтты. Қандай да бір шағым болса, тұрғындар бірден басшылыққа хабарлай алады.
Айта кету керек, «Қапшағай АТО» ЖШС тек жолаушылар тасымалымен ғана айналысып қоймай, коммуналдық қызмет көрсетеді. Оның ішінде, жеке үйлерден қоқыс шығару да бар.
«Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару таңнан басталуға тиіс. Қоқыс тазалауға кетудің орнына, мені көрсін дегендей, техниканың бәрі тізіліп тұр. Одан да міндеттеріңізді орындағандарыңыз жөн еді», деп кейіді шаһар әкімі.
Автопарк жұмысымен танысқан Нұрлан Құматаев алдағы желтоқсан айында 4 автобус қолданысқа берілетінін атап өтті. Сондай-ақ ол автопарк басшысына қыстың аязды күндерінде автобустардың талапқа сай, жылы болуы қажеттігін тапсырды.
Алматы облысы,
Қонаев қаласы