Қоғам • 21 Қараша, 2023

Пойыздар кестесі өзгереді

196 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанадан Алматы мен Шымкент қалала­рына қатынайтын жолаушылар пойызы­ның жүру кесте­сіне өзгеріс енгізілмекші. 10 желтоқсаннан бастап төменде аталған пойыздар елордадан тек кешкі уақыт­тарда жолға шығатын болып шешілді.

Пойыздар кестесі өзгереді

Аталған уақыттан бастап пойыздар қозғалысының «пакеттік» кестесі бойынша Тальгоның 4 жолаушы құрамы Астанадан Алматы мен Шымкент қалаларына дейін жұрт жұмысынан шығып, оны-мұны шаруаларын реттеп үлгеретін кешкі уақыттарда қатынайтын болады. Олар 20 минут аралықпен жүреді. Жолаушы пойыздарының кешкі кесте бойынша қозғалысы жолаушылар үшін қауіпсіздік пен жайлылықты, сондай-ақ, құрамдарға техникалық қызмет көрсетудің толық ауқымын қамтамасыз етеді. Жолаушы пойыздарының «пакеттік» кестесі келесі бағыттар бойынша Астанадан шығу уақытына сәйкес жүргізіледі:

- №86/85 Астана (Нұрлы жол) – Шымкент, сағат 20:00-де;

- №4/3 Астана (Нұрлы жол) – Алматы-2, сағат 20:20-да;

- №72/71 Астана (Нұрлы жол) – Шымкент, сағат 20:40-та;

- №10/9 Астана (Нұр-Сұлтан 1) – Алматы-2, сағат 20:58-де.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ елордалық вокзалдарда бір мезетте төрт пойыз қатарынан тұратынын ескерте оты­рып, жолаушыларға пойызға отыру кезінде олардың нөмі­ріне және жөнелту уақытына назар аударуды ескертеді.

Ұлттық тасымалдаушы Қазақстан Республика­сының 2030 жылға дейінгі көліктік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасына сәйкес жаңа көлік маршруттарын құруға, маршруттық желіні және пойыздар қозғалысының кестесін өзгертуге негізделген интермодальдық тасымалдарды дамыту жөніндегі шаралар кешенін іске асырады.