Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Қазақстан Үкіметінің республиканың инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі жоспарлары және мемлекеттік қолдаудың қолжетімді шаралары туралы айтып берді.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанмен кооперацияны одан әрі кеңейту бойынша бірқатар нақты ұсыныс айтты. Бұл тұста машина жасау, тау-кен өнеркәсібі, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, медицина, қаржы және тағы басқалары басымдыққа ие.
Сонымен қатар бұл іс-шараға биылғы маусым айында құрылған бірлескен жобаларды қаржыландыру және тәуекелдерді хеджерлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшелері де қатысты.
«Бізді «Қазақстанда неміс сапасына сай жасалған» формуласы бойынша өнім шығаратын өндірістерді құрудағы ынтымақтастық қызықтырып отыр», деді Р.Скляр.
Премьер-министрдің бірінші орынбасарының айтуынша, геосаяси жағдайдағы өзгерістер мен іскерлік ахуалдың жақсаруы бүгінде Қазақстан мен Германияның өзара тиімді экономикалық ынтымақтастығы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Оған қоса Р.Скляр Германияның жетекші іскерлік бірлестіктерімен келіссөздер жүргізіп, бірнеше ірі неміс компаниясымен екіжақты кездесулер өткізді.
Германия өнеркәсібі федералдық одағының (BDI) басқарма мүшесі В. Нидермаркпен одаққа қатысушыларды Қазақстанның индустриялық әлеуетін жаңғыртуға және арттыруға тарту мүмкіндіктері талқыланды. Бұл – Германияның негізгі экономикалық қауымдастығы, оның ішінде 40 салалық бірлестік және 8 миллионға жуық қызметкері бар 100 мыңнан астам компания кіретін үлкен ұйым.
Германия экономикасы Шығыс комитетінің атқарушы директоры М.Хармспен келіссөз кезінде Қазақстан-Германия Іскерлік кеңесі, Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақ-неміс үкіметаралық жұмыс тобы, Бірлескен жобаларды қаржыландыру және тәуекелдерді хеджерлеу жөніндегі жұмыс тобы, Берлин еуразиялық клубы сияқты бірлескен институционалдық диалог платформаларының қызметін жетілдіру мәселелері қозғалды. Германия экономикасы Шығыс комитеті Шығыс Еуропа мен Азияның 29 еліне қатысты Федералды Үкіметтің саясатын қалыптастыруға қатысады, сондай-ақ біраз ел ұйымдарында негізгі серіктес болып отыр.
Компания өкілдерімен екіжақты кездесулер аясында Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асырудағы ынтымақтастық мүмкіндіктер туралы ұсыныстар қаралды. Атап айтқанда, металлургия, өңдеу және тау-кен өнеркәсібі, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру және тағы да басқа салалар бойынша мүмкіндіктер қаралды.
«LANXESS AG», «Rain Carbon», «HMS Bergbau AG», «Diehl Stiftung», «G. Zwiehoff GmbH» және тағы да басқа компаниялардың басшылығымен келіссөздер жүргізілді.
Сапар барысында салалық министрліктер мен ұлттық компаниялардан қосылған делегация мүшелері өздерінің жұмыс бағыттары бойынша жеке кездесулер өткізді.
Айта кету керек, Қазақстан – Германияның өңірдегі жетекші сауда-экономикалық серіктесі. Оның үлесіне Германияның Орталық Азия елдерімен саудасының барлық көлемінің 80%-дан астамы тиесілі.