Форум • 21 Қараша, 2023

БАҚ-тың болашағы қандай? Түркістанда медиакраттар форумы өтті

186 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Түркістанда «Масс-медиа туралы» Заң және журналистиканың бүгіні мен ертеңі талқыланған медиакраттар форумы өтті. «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен жиынға Парламент депутаттары, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, танымал медиатұлғалар, бірқатар өңірдегі медиахолдинг басшылары мен еліміздегі жетекші БАҚ өкілдері қатысты.

БАҚ-тың болашағы қандай? Түркістанда медиакраттар форумы өтті

Онлайн және офлайн форматта ұйымдастырылған іс-шарада заң жобасын қабылдарда аймақтық журналистика өкілдерінің талап-тілек­тері ескерілуге тиіс екені ай­­тылды. Форумда баяндама жа­саған «Aulieata media» ЖШС бас директоры Оралхан Дәуіт аймақ­тарында құрылған медиа­хол­­дингтерде біріз­діліктің жоқ екенін атап өтті.

– Бір өңірлерде медиахолдингтер облыстық ішкі саясат басқар­ма­сына бағынса, енді бір өңірлерде қаржы басқармаларына, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларына бағынады. Құрыл­тай­шылары – осы мекемелер. Бір өңірлерде медиахолдинг құрамына аудандық, қалалық газеттер енгізілсе, енді бір өңір­лерде аудандық, қалалық газеттер жекешеленіп кеткендіктен, тек облыстық газеттердің ғана басын құрап, холдинг болып отыр. Аймақтық газет­тер­дің тағдыры сол өңір әкім­де­рінің жеке көзқарасына, же­ке шешіміне қарай осындай күйге түскен сияқты. Яғни еліміздің БАҚ саласында белгілі бір тәртіп, ереже болмай тұр. Заң, тәртіп бәріне ортақ десек те, бір облыс­та газеттердің барлығы бірдей қан­дай заңға сүйеніп жекешеленіп кеткені, ал екінші бір облыста бү­тіндей неге жекешеленбей қал­ға­ны біз үшін әзірге түсініксіз, – деген Оралхан Дәуіт баяндамасында басылымдардың басты проблемасы – баспасөзге жазылу, кадр тапшылығы, әр өңірде әр­түрлі мемтапсырыстың бағасы, жур­налист қауымды алаңдатқан қаламақы жайы туралы ашық айт­ты.

– Газетті жекешелендіріп ал­ған кәсіпкер басылымның бағын ашу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауы керек. Яғни оқырманның сұранысын зерделеп, заманға сай газет шығаруға тиіс. Аудан­дық, қалалық газеттер де осы мақсатпен жекешелендірілген бо­латын. Бірақ бұл сауда өз мақ­са­тына жетті ме? Жекеге беріл­ген басылымдардың жағдайы жақ­са­рып кетті ме? Бүгінде жекеге берілген барлық газеттер әрең күн көріп отыр. БАҚ саласына, басы­лым­дарға жанашыр көзқарас керек. Ақпарат саласының «отымен кіріп, күлімен шығып» жүрген журналист ағайындар БАҚ туралы жаңа заңнан үлкен үміт күтеді. Тегінде қандай заман, қандай жағ­дай болса да, журналистердің бас­ты міндеті – тек ақиқатты жазу, – деді Оралхан Дәуіт.

Медиафорумда сөз алған Мә­де­ниет және ақпарат ми­нис­тр­лігінің БАҚ саласын­дағы мемлекеттік сая­сат департаментінің директоры Қайнар Ахетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа заң жобасын әзірлеуде қоғамның даму үдерістерін ескеру қажеттігін айтқанын еске салды.

«Бұған дейінгі заң 1999 жылы қабылданған. Содан бері өткен талай жыл ішінде 40-тан астам нақты өзгеріс енгізілген. Осы­ның өзі БАҚ туралы заңның ескір­генін, заман талабына сай өз­герістерді енгізу қажеттігін біл­діреді. Бір мәселені айтатын бол­­сақ, жаңа заң жобасында жур­налистердің сұрау хаттарына мем­лекеттік органдардың жауап беру мерзімі 7 күн болса, қазіргі нұсқада 5 күнге дейін қысқартылу ұсынылып отыр. Оны депутаттар қолдады. Өңірлердегі телехабар таратуға байланысты субсидиялар қарастырылған. Бұған дейін біздің шекаралас өңірлерде халық «сұр тарелкалар» арқылы ақпарат алып отырған болса, алдағы уақытта мемлекет отандық хабарларды тарататын мекемелерге субсидиялар төлеп отыратын болады. Заң жобасында мемлекеттік тапсырыс шеңберіндегі мемлекеттік тілге бай­ланысты да нақты нормалар қарас­тырылған. Ол қабылданған жағдайда барлық мемлекеттік тап­сырыстардың 3/2 бөлігі мемле­кет­тік тілде бо­лады. Енді бұл заң жобасы әзірленгенге дейін де қоғамдық талқылаулар өткізілген», деді департамент директоры. Сондай-ақ Қ.Ахетов мемлекеттік басы­лым­дарды жекешелендіру – ке­зінде Ұлттық экономика ми­нистрлігінің қаулысына сәйкес іске асырылғанын айтты. Медиа­сауат­тылық пен журна­листік кадрларды даярлау бо­­йынша да нақты ұсыныстар бар. Министрлік өкі­лінің айтуынша, жоғары оқу орындарында бітіруші курс сту­дент­теріне арналған арнайы курс­тар ұйымдастыру мәселесі қолға алынған. Ал Мәжіліс депутаты, «Масс-медиа туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Жанарбек Әшімжан жоба талқылауға түскелі бері 200-ге жуық ұсыныс берілгенін айтып өтті. Бүгінде талқылаулар жиі өткі­зілуде және бірқатар жаңалық бар. Мысалы, журналистер жария­ла­ған материалдар бойынша ескіру мерзімін 1 жылға дейін түсіру ұсынылып отыр. «Сондай-ақ «Қазпошта» жұмысына қатысты ұсыныстар бар. Балалар басылымына субсидия мәселесі де қам­ты­лу үстінде. Жұмыс тобының отырысы апта сайын өткізіліп жатыр, яғни барлықтарыңыздың талқылауға қатысуға мүмкіндіктеріңіз бар. Бел­сенді болыңыздар», деді Мәжіліс депутаты.

Жиынға онлайн форматта қа­тыс­қан журналист, қоғам қайрат­кері Дархан Мыңбай «Масс-медиа туралы» заң жобасында бірқатар жақсы жаңалық бар екенін атап өтті. «Мәселе жекешелендіруде, сенімгерлік басқаруда емес. Тіпті осының барлығы нарықта рет­те­летін мәселелер. Бірақ осы жөнінде әлеуметтік зерттеулер ке­рек еді. Жалпы, қазір әлеу­мет­тік зерттеу бар ма? Жеке­ше­лен­ді­ру­дің тиімділігі қанша? Ме­диа­холдингтердің жұмы­сы несі­мен артық? Осыны редакторлардан, журналистерден зерттеп жатқан ешкім жоқ. Ала-құлалық болғаннан кейін журналистердің де кәсіби деңгейі төмендеп барады. Алайда журналистикада дағдарыс бар екен деп ай­қайлай беруге де болмайды. Қо­ғам­ның дамуына ілесе ал­май қалмағаннан гөрі, жаңа фор­маттағы жұмыс, жаңа ізде­ніс­тер қажет. Журналистер осыны ескерсе екен дейміз», деді Дархан Мыңбай.

Ал Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай журналистердің қауіп­сіздігіне баса назар аудару қа­жет­тігін айтып өтті. «Қазіргі уа­қытта әр жерде өтіп жатқан қақты­ғыс­тар­дың қақ ортасында репортаж жасап жүрген журналистер аз емес. Осы орайда олардың қауіпсіздігі заң шеңберінде шешілсе дейміз. Екін­ші­ден, өзіміздің өңірлік жур­на­листикаға, шекаралық аймақтағы журналистикаға баса назар аударуымыз керек. Себебі аймақтағы журналистердің жағдайы өте қиын. Аймақтарда үлкен бизнес жоқ, табыс тауып жарнамамен күн көретін мүмкіндік те жоқ. Тек мем­лекеттік бюджетке тәуелді. Жер­­гілікті жердегі аймақтағы жур­на­листиканың бәсекеге қа­бі­лет­­тілігін, тәуелсіздігін, ақ­парат­тың шындығын жария етеміз дейтін болсақ, орталықтан заң жүзінде қорғауды қолға алуымыз керек», деді сенатор.

«Масс-медиа туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының мүшесі Есенгүл Кәпқызы журналист сапалы ақпарат алу үшін, өз жұмысын кедергісіз жасауына мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдау қажет деп есептейді. Ол өз сөзінде заңда алалаушылық тудыратын баптардың болмауын қадағалау қажеттігін айтты. Бұл орайда журналистердің заң жобасы бойынша жұмыс тобына қаты­су­ға мүмкіндігі барын еске салды.

Жұмыс тобының тағы бір мү­шесі Жұлдыз Әбділда заң жоба­сын­дағы баспасөз картасы тура­­лы айтып өтті. «Журналистерге қысым көрсететін «Баспасөз картасы» болмауы керек дегенді айтқым келеді. Қазір, өкінішке қарай, манипулятивтік әдістермен бұл журналистердің әлеуметтік жағдайын көтеруге көмектеседі, оларға айрықша құ­қық береді деген тұрғыда айтылды. Бірақ еш жерде журналистер үшін арнайы бағдарлама жасамайды. Белгіленген бір мемлекеттік бағ­дарламалар бар. Біз кім болсақ та, ол бағдарламаларға қатыса ала­мыз. Жалпы, бұл ұсынысты Қаржы министрлігі де қолдаған жоқ. Өйткені бұл өте көп қаржыны қажет етеді. Пресс-картаны алуға да, алмауға да болады деген заңда. Онда бұл декларативтік норма болып қалады. Жалпы, біз пресс картаны мүлде алып тастаса деп ұсыныс білдіргенбіз. Бірақ ұсынысымыз қабылдана ма, қабылданбай ма, бұл белгісіз», деді Жұлдыз Әбділда. Заң жобасындағы пресс-карта тура­лы журналист Серік Әбікенұлы да пікір білдірді. «Заң жобасында журналистиканы жаңа бастаған жастарға жұмыс тәжірибесіне үш жыл толмай жатып, пресс-карта берілмейді деп көрсетілген. Бұл жаңадан жұмысқа алынған дәрігерге сен үш жыл екпе салмай тұра тұр немесе жас мұғалімге үш жыл сабақ бермей тұра тұр дегенмен пара-пар. Жоғары оқу орны оған білікті маман деп, қолына дип­лом ұстатқаннан кейін жас маман ондай алалауды көрмеуі керек», дейді журналист.

Сондай-ақ медиафорумға қа­тысу­шылар мамандыққа адал­дық, журналистердің әлеу­мет­тік жағдайы жөнінде өз пікір­ле­рін білдірді. Медиафорум қоры­тындысы бо­­йынша салалық ми­нистр­лікке және Парламентке «Масс-медиа туралы» заң жобасына қа­тысты ұсыныстар жолданады.

 

ТҮРКІСТАН