Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Іс-шараға қатысқан Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев былтырғы Президент сайлауынан кейін елімізде саяси жүйе кешенді түрде жаңғыртылғанын атап өтті. Мемлекеттік құрылымның барынша демократиялық және орнықты үлгісіне көшу үдерісі басталды. Бұл ретте сапалы сараптама елдің қарқынды дамуының маңызды шарты екені анық.
– Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру үшін мемлекеттік органдар қызметінде талдау жүргізу бағытын күшейту қажет. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге әрдайым баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында мемлекеттік басқарудың тиімділігі негізінен талдаумен қамтамасыз етудің сапасына байланысты екенін айтты, – деді М.Әшімбаев.
Сондай-ақ саясаткер бүгінде мемлекет әлеуметтік мәселелерді шешу үшін кешенді зерттеулер мен ұсыныстарды қажет ететініне назар аударды. Палата спикері атап өткендей, бұл орайда сапалы талдау орынды шешімдер қабылдау және белгілі бір саланы дамытудың неғұрлым тиімді жолын таңдау үшін қажет.
Мәулен Әшімбаев Сенат заң шығару қызметі аясында сарапшылармен тығыз байланыста жұмыс істеп отырғанын да тілге тиек етті. Клуб мүшелері Палата комитеттерінің жұмыс топтарына қосылып, парламенттік тыңдауларға, Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның жұмысына және тағы басқа іс-шараларға жүйелі түрде қатысып келеді.
Айта кетелік, Сенат 2020 жылдан бастап жас сарапшылармен жүйелі байланыс орнатып, белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Әр тоқсан сайын Жас сарапшылар клубы аясында өзекті мәселелер талқыланып отырады. Соның нәтижесінде, салалық мемлекеттік органдармен және «Талдау мектебі» жобасына қатысушылармен бірлесіп, кешенді ұсынымдар әзірленеді. Бүгінде аталған екі алаң аясында 150 жас маман жұмылдырылған. Олар – экономикада және елдің қоғамдық-саяси өмірінің басқа да салаларында белсенділігімен танылған білікті мамандар.
Іс-шара барысында «Qazaqstan: орнықты даму жолында» сараптамалық жинағын құрастыруға атсалысқан жас сарапшылар өз тақырыптары бойынша баяндама жасады. Рустам Бекішев «Инфляцияның негізгі факторларын анықтау және оны төмендету шаралары», Айнұр Әмірбекова «Қазақстанның кең көлемді дамуындағы аймақтық экономикалық саясат», Тельман Шуриев «Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуеті: жаңа қатерлер мен мүмкіндіктер», Аида Ахметжанова «Білім беру проблемаларын шешудегі бизнестің рөлі», Карина Ковязина «Түбіне үңілу немесе қазастандық жастарға қалайша дұрыс көмек беруге болады?», Динара Есімова «Инклюзивті қоғам дамуы: білім беру, денсаулық сақтау, мүгедек адамдарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту» тақырыптарында сөз сөйлеп, аталған мәселелердің шешу жолдарын ұсынды. Бұл баяндамалар жарық көріп отырған жинақта толығырақ қамтылған.
Іс-шараға қатысқан Жақсыбек Құлекеев, Әділ Қожықов, т.б. мамандар жас сарапшылардың еңбектеріне баға беріп, артықшылықтары мен кемшіліктері жайында пікір білдірді.