Іс-шараға Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов және өзге де мемлекеттік органдардың басшылары мен мүдделі тұлғалар қатысты.
Отырысты ашқан Бас прокурор Берік Асылов Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейін төмендету бойынша шаралар кешені қабылданып жатқанын атап өтті.
«Бүгінде көшедегі мәдениетсіздіктен бастап ұрлау, тонау және кісі өлтіруге дейінгі қылмыстардың барлық түріне қарсы күресті ширату қажет. Жыл басынан бері 80 адам кісі өлтіргені, өлімге әкеп соқтырған ауыр зиян келтіргені үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды. 2023 жылдың үшінші тоқсанында ғана 27 мың «отбасылық жанжалқой» әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Себебі биылғы 1 шілдеден бастап полиция мұндай адамдарды өз бастамашылығымен анықтау құқығына ие болды. Ал алдыңғы тоқсанда жәбірленушілердің өтініштері бойынша тек 7 мың әкімшілік құқық бұзушы жауапқа тартылған болатын», деді Б.Асылов.
Бас прокурордың айтуынша, жуырда Астанада Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін қоғамда зорлық-зомбылық мәселесі айрықша ушығып тұр. «Қазіргі таңда еліміздің 150 мың азаматы Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғауды күшейту туралы петицияға қол қойды. Сондықтан бұл мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырғандай, бәрімізден тізе қоса отырып күресуді талап етеді», деді Бас прокурор.
Отырыс барысында қоғамда осындай келеңсіздіктің таралуына ықпал етіп отырған бірқатар фактор бар екені атап өтілді. Әлі де отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың көп бөлігі жасырын қалып жатыр, өйткені жәбірленушілер қорқып, шаңырағындағы озбырлықты көпшілікке жаюға батылы бара бермейді.
Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларымен әр мемлекеттік орган өз бетінше күресіп жатқанын және өзара байланыс жағы кемшін екенін атап өтті. «Әрбір мемлекеттік орган жеке талдау жасап, қандай да бір шешім қабылдайды. Алайда біз бір-бірімізбен тәжірибе алмаса бермейміз. Тек орталықта ғана емес, аймақтар деңгейінде күш-жігерімізді қалай біріктіреміз? Осы жұмыстардың бәрін үйлестіретін бір тетік керек», деді А.Балаева.
Бас прокуратура Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басшысы Марат Әбішев елімізде 200-ден астам аудан болса, соның 85 пайызында дағдарыс орталықтарының жоқ екенін алға тартты. «2022 жылы әлеуметтік қызметтер (дәрігерге дейінгі медициналық, психологиялық, заң көмегі, оның ішінде құжаттарды қалпына келтіру бойынша т.б.) 2 749 адамға көрсетілгенімен, олардың саны 13 есеге көп болды, яғни 38 мың адамды құрады», деді Марат Әбішев.
Жиын барысында өзге де қатысушылар сөз алып, қылмыстың алдын алу жұмыстарын жетілдірудегі маңызды бағыт «мүлдем төзбеушілік» қағидатын ілгерілету екенін атап өтті. Бұл ретте жазаның бұлтартпастығы халықтың құқықтық мәдениетін арттырумен, азаматтардың ел заңдарына және бір-біріне деген құрметіне тәрбиелеумен қатар жүруге тиіс. Құқық бұзушылықтың барлық түріне қарсы ұстанымды әрбір адамның бойында ерте жастан қалыптастырған абзал.
Талқылау қорытындысы бойынша отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, сондай-ақ қоғамдық орындардағы қылмыстың алдын алуды күшейту бағытында бірқатар шара ұсынылды.