Қоғам • 22 Қараша, 2023

Жол сапасы: Кемшілік мердігерде ғана ма?

181 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ертіс-Баян өңірінің автокөлік жолдары уақыт санап сапа тұрғы­сынан жақсарып келе жатқанымен, бұл салада қорда­ланған проблема баршылық. Әсіресе жаңадан төселген асфальт жабынын күтіп ұстау мен бақылау мәселелері кемшін.

Жол сапасы: Кемшілік мердігерде ғана ма?

Жол жобаларында белгілі бір учаскені жөндеу барысын­да келесі бөлікке түсетін кө­лік жүк­темесі есепке енбейді. Осы­­ның сал­дарынан бүгінде жөн­деген­і­міз­ден бүлдіріп жатқа­нымыз көп.

Өзге өңірлерден келген жолаушылар Павлодар облысының жолдарын көбіне мақтап жата­ды. Себебі мұндағы республикалық маңызы бар жолдардың 97 пайы­зы нормативтік жағдайда бол­са, жергілікті желі бойынша бұл көрсеткіш 91 пайызға жете­ді. Ал жол сапасы бойынша Пав­лодар облысы республикада ал­ғашқы үштікке енеді. «Аста­на – Павлодар» бағытындағы авто­бан мен Семейге апаратын үлкен тасжолдардың игілігін жұрт­шы­лық молынан пайдаланып отыр.

Дейтұрғанмен, қордалан­ған мәселелер облыс орта­лы­ғы­нан қашықта салынған немесе жөндеу жүргізіліп жатқан жол­дарға қатысты. Мысал ретінде «Қал­қаман – Майқайың – Баян­ауыл – Ботақара» бағытындағы рес­пуб­ликалық тасжолдың 101-105 шақырымын алайық. Бұл жолдың бөлігі қазынадан ақша қарпудың тірлігіне айналғаны көпшіліктің ашу-ызасын тудырып тұр. Құрылысы сағызша созы­лып, жұрт­ты ығыр етті. «Қазан­нан қақ­пақ кетсе, иттен ұят ке­теді» демек­ші, әуелден-ақ кон­курс­та ұтып, ақ­шаның астында қа­лу­ды ғана ой­лаған мердігер фирма – «Ақмола құрылыс материалдары» ЖШС-ында ұят түгіл, ынсап жоқ екен.

ап

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Көтере алмайтын шоқпарды беліне байлағанын кеш ұғынған кәсіпорын осыдан екі жыл бұрын бел ортаға жете бергенде жұмысты тастай қашты. Сөйтіп, мердігердің жауапсыздығы жергілікті халықтың сорына айналды. Көктемде Ащысу өзені тасығанда республикалық жолдың Бірлік пен Ақмек­теп ауылдары тұсындағы учаске­лерін су шайып, көлік қатынасында қиындық туындайды. Бұл мәселе сонау 90-жылдар­дан бері жалғасып келе жатқаны да мәлім. Абырой болғанда бұған дейін Бірлік ауылы маңындағы үлкен көпір жаңартылып, ағып келген судың жолын бөгейтін арнайы құрылыстар салынды. Одан соң жол саласына жауаптылар ендігі басты мә­селеміз жоғарыда айтқан 101-105 ша­қы­рым учаскесі болсын деп ант-су ішкен. Бұл аумақ жер жағдайы бойынша төмен орналасқан. Зор екпінмен келетін қызыл су бұрынғы жылдары асфальт жолдың астына салынған құбырлармен ағып үлгермей, жолды жырып кететін. Ол жерді «ҚазАвтоЖол» жылдар бойы жамап-жасқағаннан басқа түк бітірмеді. Жергілікті жұрт айтып жүргендей, пробле­малы учаске жемқорлар үшін қазына­дан ақша ұрлаудың тірлігіне айналды. Ай­тыла-айтыла жауыр болған мәселе бойын­ша кейіннен тиісті шешім шығарылып, әлгі жерге биіктетілген көпір салына бас­таған еді. Алайда жаңа көпірдің құрылы­сын әлдекімдер әдейі бөгеп келгендей әсер қалдырады. Оның құрылысы да биыл­ғы қараша айында толық тапсырылуы керек-тін. Алайда ол жайында әзірше рес­ми хабар жоқ. «ҚазАвтоЖол» АҚ былтыр қыр­күйекте «ҚазГерСервис» ЖШС-мен құрылысты жалғастыру бойынша шарт жасасқан еді. Құны 2 млрд 400 млн теңгеге бағаланған көпір жобасы шындап келгенде республикалық жолдың сорына айналды. Себебі кейінгі екі жылда әлгі жолдың Шөптікөл ауылы тұсынан көпірге дейінгі аралығын қиыршық тас пен өзге де құрылыс материалдарын тиеген жүк көліктері быт-шыт қылып бұзды. Яғни небәрі 4 шақырымдық жолды жөндеу үшін бақандай 25 шақырымға жуық асфальт жабыны тас-талқан болды. Осыдан 4-5 жыл бұрын ғана күрделі жөндеуден өткен жол деуге ауыз бармайды. Ал бұл бағыттағы күре жол туристік Баянауылға апаратын жалғыз бағыт екенін ескерсек, өңірдің туристік әлеуетіне үлкен нұқсан келіп отырғанын шамалай беруге болар.

«Әділдік жолы» РҚБ Павлодар облыс­тық филиалының жетекшісі Нұргүл Қайыр­денова жол саласының жобаларын әзірлейтін мемлекеттік компаниялар арнайы сметада қолданыстағы көлік жолына түсетін ауырлықты есептемейтінін айтады. Яғни жолдың белгілі бір бөлі­гін жөндегенде келесі бөлігі ауыр жүк кө­ліктерінің «құрбаны» болады. Екіншіден, құрылыс компанияларының әлгіндей материал таситын көліктерін бақылап, жүкті шамадан тыс тиеуге рұқсат бермей­тін құзырлы органдар да осалдық танытып отырғандай.

– Баянауылға апаратын тасжолдың мәселесі жылдар бойы сағызша созылып келе жатқаны көңілімізден шықпайтыны рас. Мердігерлер бір жағын жөндеп жатса, келесі жағы әп сәтте бүлініп қалады. Ол аумақта көмір кеніштері, қиыршық тас зауыттары орналасқанын, көлік қарқыны жоғары екенін ұмытпауға тиіспіз. Бұл мәселені реттейтін заң нормативтері жоқ көрінеді. Екіншіден, мемлекеттік сатып алу тендерлерін өткізгенде оның уақытына назар аударылмайды. Логикалық тұрғыға салсақ, біздің облыстағы климаттық жағдайларға байланысты жол жөндеу жұмыстары әрі кетсе қыркүйек айының соңында аяқталуы керек. Әрі қарай суық түседі, ал ол құрылыстың сапасына кері әсерін тигізеді. Сондықтан жөндеу жұмыстарын жаздың ортасында емес, көктемде бастап кеткен абзал. Бұл үшін қаңтар айында тендер ойнатып, ақпанда мердігер барлық қажеттіліктерін әзірлеп, дайын отыруы керек. Үшіншіден, жолдардың кепілдік мерзімі ұзаруға тиіс деп ойлаймын, – дейді Н.Қайырденова.

Жергілікті көлік бақылау инспекциясы­ның материалдық ресурсы өте әлсіз. Инс­пекцияның бөлім басшысы Далам Щег­ловтың ақпарынша, қазіргі уақытта мекемеде жүк көліктерін бақылауға арналған небәрі 3 арнайы көлік бар. Штатта 26 адам болса, олар тек автокөлік жолдарын емес, теміржол, су жолдарын бақылайтынын естен шығармаған жөн. Сондықтан техникамен қатар адам күші де жетіспейді деп қынжылды ол. Әлгіндей жүк көліктері жиі жүретін учаскелерге инспекция мамандары айына бір-екі мәрте рейд жасап қана қайтатын көрінеді. Одан өзгеге шама-шарқымыз жетпейді деп мойындады.

Өңірлік жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшының міндетін атқарушы Инна Бейм биыл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу мен жаңартуға 26,8 млрд теңге бөлінгенін, жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 722 км жол жөнделуге тиіс екенін жеткізді. Жалпы саны 143 жобаның дені аудандық маңызы бар жолдарды жамап-жасқау мен елді мекендердің көшелерін асфальттауға бағытталыпты. Бұл тұрғыда биыл Екібастұзға қарайтын Ақкөл ауылына, Баянауылдың Аймауытов, Ұзынбұлақ, Жұмат Шанин ауылдарына апаратын жолдарға алғаш рет асфальт төселгенін айтып өтейік. Жиырмадан аса ауылдың кірме жолдары, көптеген кенттің ішкі жолдары талапқа сай етілді. Алайда кейбір тұста мердігерлердің жауапсыздықтары тағы да бой көрсетіп қалды. Жергілікті қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтардың араласуымен бірқатар кемшілік уақтылы жойылғанына куә болдық. Соның ішінде Жұмат Шанин ауылындағы тасжолдың былтыр салынған асфальты жол төсеуші компанияға тиесілі жүк көліктерінің салмағынан бұзыла бастады. Абырой болғанда мердігер асфальт жабындарын қалпына келтірді. Елді мекеннің жолын жөндеу жобасы тек келер жылы аяқталатынын ескерсек, биылғы жағдай қайталанбас үшін құзырлы органдар алда оның сапасын қадағалауға алуға тиіс деп ойлаймыз. Тағы бір кемшілік, Павлодар ауданының Маралды ауылынан анықталды. Асфальтты дұрыс төсемеген мердігер жол сапасы ұлттық орталығының нұсқауымен оны өз қаржысына қайта салып шықты.

Жалпы, жол құрылысының сапасын бақылайтын бірден-бір мемлекеттік мекеме – «Жол активтерінің ұлттық сапа орта­лығы» кейінгі жылдары өңірдегі жол сапа­сының артуына елеулі үлес қосып отыр деп айтуға болады. Орталықтың өңір­­лік филиалы аттестатталған, стацио­нар­­лық сынақ зертханасы бірнеше бөлім­нен тұра­ды. Мұндағы мамандар жол-құ­ры­лыс ма­териалдарының барлығына сы­нақ жүргізе алады. Сапаны 150 түр­лі көрсет­­кішпен шамалайды. Биыл облыс аума­ғында жалпы ұзындығы 682 ша­қырымды құрайтын жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көшелерін жөндеу жә­не қайта жаңарту бойынша 140 жоба жү­зе­ге асырылған. Мекеме мамандары жыл ба­сынан аталған жобалардың сапасын тек­сере келе 316 ақауды анықтапты. Оның ішінде 173-і тым өрескел деп та­нылған.

– Мамандарымыз республикалық жолдарға пайдаланылып жатқан құрылыс материалдарынан 223 сынама алып, зертханада тексеріп көрді. Нәтижесінде, 92 сынаманың стандарттарға сай емес екені анықталды. 243 ақау анықталса, 107-сін әлі күнге жойылмаған деп есептейміз. Аудандық маңызы бар жолдарда 95 рет тексеріс жүргізілді, оның барысында 350 сынама іріктеліп, жол зертханасында сынақтан өтті. 32 үлгі нормаға келмей, одан 22 ақау анықталды. Біздің филиал анықтаған ақаулар мен кемшіліктер бойын­ша мердігерлер өз есебінен 60,1 млн теңгеден асатын жұмыстарды қайта ат­қарып шықты. Филиал қызметкерлері әр­қашан жол төсемінің стандарттарға сәйкес келуін қатаң бақылайды. Жол құрылысындағы сапасыздыққа көбіне мамандардың біліксіздігі себеп болатынын айту керек. Жолдың жобалық сметасынан бастап соңғы нәтижесіне дейінгі процедуралар, атқарылатын шаруалар арнайы мамандардың жетекшілігімен жүзеге асуы керек. Алайда кейбір құрылыс компанияларында кадр жетіспеушілігі қалыптасып отыр. Сосын жол құрамындағы материал­дардың сапасы дұрыс болуы керек. Қыста мүлде жол құрылысын жүргізуге болмайды. Асфальт 5 градустан төмен температурада төселмейді. Жол қауіпсіздігіне әсер ететін кемшіліктердің барлығы жолаушылар үшін қауіпті екенін ұмытпайық. Асфальтбетон жабынының бұзылуы, ойықтар, жол белгілерінің болмауы сияқ­ты жиі кездесетін олқылықтар қауіпсіз­діктің негізгі факторлары ғой. Сондықтан осының барлығын мердігерлер өз жауап­кершілігіне алуы керек. Мысал үшін қыста «Павлодар – Астана» автобаны ең қауіпті жолға айналатынын көріп жүрміз. Оның жабыны цемент-бетонды. Кедір-бұдыры аз мұндай жолда мұз тез қатып, көлік дөңгелегінің ілінісу коэффициентін тым төмендетіп жібереді. Салдарынан қаншама жол-көлік апаттары орын алады. Автобанды күтіп ұстауға жауапты компаниялар көктайғаққа қарсы материалдарды уақтылы әрі сапалы түрде сепсе дейміз, – дейді орталықтың өңірлік филиалының директоры Ерлан Қалымов.

Атап өтерлігі, бұл ұйым мектептерде кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізуге бағытталған «2000 мектеп» акциясын ұйымдастырды. Кейінгі төрт жыл ішінде 15 мыңнан аса оқушыны қамтыған үгіт-насихаттық дәрістер өткізген. Ал кәсіпорынның зертханасында 16 студент өндірістік тәжірибеден өтіп, оның үшеуі дипломдарын алғаннан кейін орталыққа жұмысқа орналасқан. Еңбек нарығы тез өзгеретінін ескерсек, жол құрылысы саласына да жаһандық трендке ие жаңа мамандық иелері қажет. 10 жыл бұрын өзекті болған кейбір мамандықтар бүгінде сұраныстан шығып қалған.

Жол саласы мамандарының сөзіне сүйенсек, көлік жолының жағдайы тек жүріс жолағының жай-күйімен емес, оған қатысты барлық инфрақұрылымның сапасымен бағаланады. Жол – кез келген көліктің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ететін күрделі жүйе. Жолдарымыз қауіпсіз әрі сапалы болуы үшін заманға сай стандарттардың барлығы енгізілуі керек. Ал бұл тарапта тек мердігерлердің жауапкершілігін ғана емес, жол саласын бақылайтын құзырлы органдардың пәрменін де күшейту қажет.

 

Павлодар облысы