«Көрме жұмысымен танысқан балалардың көңіл күйі көтеріліп қана қоймай, ондағы қолөнер бұйымдары, ер-тұрман, тұрмыстық заттар сынды тарихи жәдігерлерді көріп, өздерін қызықтырған сауалдарға жауаптар алып, қуанып қалды. Сүйінбай ақынның мұралары балаларға ой салып, ерекше әсерге бөлегені сөзсіз. Бұл өз кезегінде қамкөңіл балаларға зор қуаныш сыйлады. Сол үшін музей қызметкерлеріне ризашылығымызды білдіреміз», дейді «Қамқорлық оңалту» орталығының меңгерушісі, білікті дәрігер Әсел Саурықова.
Орталықта ем алып жатқан балаларға арнайы Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетәлі ақындардың шығармашылығын таныстырып, ақындар мен батырлар елінің тарихын насихаттай келген Сүйінбай Аронұлы әдеби-мемориалды музейінің меңгерушісі Аяужан Сәдуақасова музей тарихы жайында да түсінікті етіп баяндап берді.
«Менің пірім Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сыйынбай.
Сырлы сұлу сөздері,
Маған тартқан сыйындай», –
деп Сүйінбайдың шәкірті Жамбыл атамыз жырлағандай, ақындардан қалған әуезді ән-күймен, жыр-дастандармен де адам жанына әсер етіп, емдік шаралар жасауға болатыны айдан анық. Осы себепті іс-шара барысында музей қызметкері Серік Шайымханов домбырасының күйін келтіре Сүйінбай атасының бірнеше термесін құйқылжыта орындаған сәтте тыңдап отырған балалардың ерекше күйге бөленгені байқалды. Олардың жанарынан жалын атып, өнерге деген құштарлығы арта түскендей.
«Қамқорлық» орталығының ұжымы мұндай шаралардың жібін үзбей жалғасуын сұрады. Бұл, бір жағынан, еліміздің әр қиырынан келетін балалардың музей жұмысымен танысуына ықпал етсе, екіншіден, көңіл күйлерін серпілтіп, оңалуына оң септігін тигізеді», дейді музей қызметкері Қарлығаш Муширова.
Алматы облысы