Мирас • 22 Қараша, 2023

Қолөнерден қуат алған

184 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ұлттық өнерге жаңаша реңк үстеп, боялған қой жүнінен қазақы нақыштағы көзайым көркемсурет туындыларын жасап жүрген Аңқауовтар отбасын бүгінде бүкіл Қостанай жұртшылығы жақсы біледі. Ағайынды төрт жігіттің төртеуі де тумысынан сирек кездесетін айықпас дертке шалдыққан. Аяқ-буындары ауырады. Соған қарамастан, таяққа таянып жүріп, ұлттық қолөнерді насихаттаудан танбай, оған қоса, талай жас талапкерді қолөнерге баулып жүрген қайыс мінез қайсар жандардың өнері мен өмірге деген құштарлығы жан сүйсінтеді.

Қолөнерден қуат алған

Қазіргі балалар қарындаш ұстай алмайды

Қолөнердің сирек әрі күрделі түрін кәсіп еткен ағайындылар кемтарлық адам мүмкіндігіне ешқашан шектеу бола алмайтынын дәлелдеп келеді. Бір туған бауырлар осыдан он үш жыл бұрын «Арлан Дизайн» студиясын ашқан. Оған үйдің ортаншысы Арлан Аңқауов жетекшілік етеді. Арлан – аппликация жанрында өзі ойлап тапқан жаңа әдіс бойынша сурет салатын кәсіби қылқалам шебері. Суретші өз туындыларына түтіліп, боялған қойдың жүні мен қазақтың ұлттық ою-өрнегін пайдаланады.

вап

– Сурет салуды педагогика колледжінде оқып жүргенімде Георгий Соков деген ұстазымнан үй­­рендім. Бейнелеу өнері мен кес­кіндемеден де біраз нәрсені үйретті. Одан кейін, мультстудияда муль­типликатор болып жұмыс істедім. Ол кезде Қостанайда мульт­фильм шығаратын студия болатын. Сол жерде жүріп су­ретті әртүрлі ракурста салуды мең­гердім. Ол әдістерді қазір ба­лаларға үйретіп жүрмін. Сурет салуға үйрететін өз әдісім бар. Сол әдісті пайдаланамын. Биыл он бір жыл болды. Сурет сала алмайтын балаға сурет салудың, сурет сала білетін балаға қолөнердің қыр-сырын үйретемін. Қазіргі мектептер баланы жазуға, сурет салуға үйретпейді. Біздің кезімізде бейнелеу өнері деген болатын. Қазір оның орнын технология деген пән басты. Сондықтан қазіргі балалар қарындаш пен қылқалам ұстауды білмейді. Олар қаламды төрт саусақпен бірдей ұстайды. Негізі, үш саусақпен ұстайды ғой, шылдыр шүмек пен шынашақ бос болуы керек. Әйтпесе, қағазды жауып тастайды. Бала ар жағын көре алмайды. Мен ең алдымен балаға қарындашты дұрыс ұстауды, штрих жасауды үйретемін. Одан кейін көз өлшемін дамыту жат­тығуларына көшеміз. Ең бастысы, баланың өздігінен дамуына мүмкіндік туғызу керек. Бәрін өзіне істеткен абзал. Қателесуден қорықпай үйренген баладан түбі бірдеңе шығады. Баланың табиғи икем-қабілеті болса, тіпті жақсы. Тез дамиды. Икемі жоқ балаларды да үйретуге болады. Кейбір балалар суретті жақсы салғанымен, қолөнерге жақын болады: өруге, тоқуға жапсыруға икемі бар. Ондай балаларды әртүрлі түстерді дұрыс таңдауға үйретемін. Талант­ты, болашағынан үміт күтетін шәкірт­терім бар. Олардың ішінен менен де мықты дизайнерлер шықты. Қазір Астана, Алматы қалаларында біреуі стилист, біреуі дизайнер, біреуі қолөнер шебері болып жүр. Біреуі шетелде бейнелеу өнері саласында жұмыс істейді, – дейді шебер.

 

Кенептегі киіз суреттер

Арлан өзіне қажет боялған дайын жүндерді Ресейдің зауытынан арнайы сатып алады. Шебердің қолынан шыққан дүние­лер бір қарағанда киізден жасалған сияқты болып көрінеді. Бірақ бұл – киіз емес. Кенеп бетіне желіммен қатырылған қойдың жүні. Кенептің беті жұмсақ болып көрінгенімен, ұстап көрсеңіз – қап-қатты. Бейнелеу өнерінде мұндай суретті аппликация әді­сімен салын­ған дейді екен. Жаңа техноло­гияны Арланның өзі ойлап тапқан. Қолында мұны растайтын халықаралық патенті бар. Мұндай туынды оңайлықпен салынбайды. Қылқалам шебері бір суреттің өзіне, кем дегенде, бір-екі апта уақыт шығындайды. Мәселен, суретші «Абай» триптихін салып шығуға үш ай уақыт жұмсапты.

ить

«Бір қабатын жапсырғаннан кейін оның кепкенін күту керек. Одан кейін екінші қабаты жапсырылады. Бірінші қабатқа үлкен түтілген жүн, екінші қабатқа орташа, оның үстінен одан да майда жүн жапсырамын. Көзді салу үшін тіпті ұсақ жүн керек», дейді шебер.

Арланның авторлық туынды­ларының ішінде Ахмет Бай­тұр­сынұлының портреті ерекше көз тартады. Бұл туынды былтыр ұлт ұстазының 150 жылдығына орай өткен Торғайдағы тойда көрменің төрінде тұрды. Сатып алғысы келгендер болған екен, бірақ көлемі кішірек болып қалыпты.

«Арлан Дизайн» брендімен салынған «Сиқырлы сексеуіл» туындысы да ерекше көз тартады. Сексеуілдің бұтақтары тырбиып, қисық өсетін ағаш екенін білеміз. Алыстан қарағанда ағаш болып көрінгенімен, суретке жақындаған сайын жаңа бір бейне сұлбаланып шыға береді. Туындыға зер салып көрген адам атпен шауып келе жатқан шабандозды, қыран бүркіт ұстаған аңшыны аңғарады. Баланы аңшылыққа әкесі үйретеді. Салт ат мінген аңшының артынан тай мінген кішкентай баласы шауып келе жатыр. Тазы ит, қошқардың басы, малдас құрып отырған адам бейнесі, түрлі ою-өрнектер айқын көрінеді.

«Бұл өзі аяқ астынан шыққан туынды. Шимайлап отырып істей салған едім. Эскизі жоқ, қалай шы­ғады, солай кете берсін деп бір­ден салдым. Шетелде осындай аяқ астынан туған туындылар жоғары сұранысқа ие. Баста тұрған нәр­сені сол мезетте түсірсең, жақсы бағаланады», дейді суретші.

Арланның көп суреттері сатылып кеткен. Олар бүгінде мектептерде, кәсіпкерлердің кеңсесінде, үлкен үйлердің төрінде ілулі тұр. Шебердің көрерменді терең ойға же­тел­ейтін шығармаларының бірі «Төрт қошқар мүйіз» деп аталады. Суретші бұл туындысында қа­зақтың қошқар мүйіз өрнегі арқылы күннің көзін бейнелеген. Мұндағы сары түс – мәңгіліктің белгісі. Қошқар мүйіз спиральға ұқ­сайды. «Спираль ата-бабамыздан келе жатқан ою-өрнектерде бар. Ол шексіз мәңгілікті білдіреді. Біздің галактика спираль болып келеді. Қошқар мүйіздің өзі де спираль тәрізді ғой. Ол да – шексіз мәңгіліктің, молшылықтың, жақ­сылықтың нышаны», дейді автор.

Ағайынды төрт жігіттің анасы Балдырған Аңқауова да қара жаяу адам емес. Үй шаруасынан қолы қалт еткенде кілем то­қиды. Өзі әжесінің тәрбиесінде өскендіктен, сол кісіге қолғанат болып, көмектесіп жүріп құрақ құрауды да, кілем тоқуды да ерте үйренген. Өзі бұрынғы әжелерінен көрген қараман кілем, араба кілем, батынас кілем, құрақ көрпе, құс жастық үлгілерін бүгінде қайта жаңғыртып жүр. Әжелерден қал­ған дәстүр ұмытылып қалмауы үшін балаларынан қалыспай жас­тарға да үйретіп жатыр.

«Балаларым кішкентайынан еңбекқор болып өсті. Әкелері Қызылбай марқұм да қамшы өріп, астау ойып, үйге керек дүниелерді қолдан жасап ала беретін. Ол кезде қырда отырдық. Арланымыз кішкентай кезінен әтеш, жылқы, сиыр, қой болсын, жан-жануардың бәрінің суреттерін сала беретін. Кейін Қостанайға келіп оқу бітіріп, қолөнерге біржола бет бұрды. Балаларымның бәрі кемтар ғой. Бірақ қазір құдайға тәубе ешкімнен кем емес, бірігіп, кәсіп істеп, ұлттық өнерді насихаттап жүр. Әркім өз міндетін атқарады. Үлкенім – Сәрсен ұйымдастырушы, менеджер, Дәуренім – ағаш ойып, астау, бесік, сандық, торсық жасайды, жүн өңдейді. Арланым суретші-дизайнер, Бағланым құжаттарға жауап береді. Осы ұлттық өнердің арқасында ұлдарым жер көріп, ел аралады. Ел көлемінде, халықаралық деңгейде өтіп жатқан талай көрме, байқауларға қатысып жүлделі орындардан көрініп жүр. Мысалы, 2021 жылы қолөнер шеберлерінің республикалық бай­қауында «Жаңашылдық» аталымы бойынша бірінші орын алды. Қазір Орталық әмбебап дүкеннің төртінші қабатының бір қуысын жалға алып бала оқы­тып жатыр. «Март» сауда ор­талығында галерея жұмыс істеп тұр. Шәкірттерін сол жерге экс­кур­сияға апарады. Бірақ жасыратын несі бар, қолайлы орын таппай қиналып жүрміз. Қазір қолөнермен қомақты табыс табу қиын. Тапқан-таянғанымыздың көбі жалдап отырған орнымыздың ақысына, жүн-жұрқа, ағаш, өңделген тері сатып алуға кетеді. Ұлдарым екі орынды да жалға алып отыр. Енді бір шағын шеберханамыз болса ғой деп армандаймыз. Бәріміз бір жерде отырып кәсіп етсек, одан артық ештеңе керек емес»,  дейді Балдырған Аңқауова.

Бүгінде «Арлан Дизайн» студиясында он шақты бала бейнелеу өнері мен ұлттық өнердің қыр-сырын үйреніп жүр.

 

Қостанай облысы