Бұл кітапқа қаламы жүрдек қаламгердің кейінгі жылдары жазған әдебиет туралы ойлары мен танымал қаламгерлерден алған сұхбаттары, көңілді селт еткізер ойлы жазбалары топтастырылған. Әсіресе Әбдіжәмил Нұрпейісов, Әнес Сарай, Сапар Байжанов, Сейдахмет Бердіқұлов, Әділбек Абайділданов, Ғабиден Құлахмет, Ержұман Смайыл, Ербол Шаймерденұлы, Несіпбек Дәутаев, Сейітқұл Оспанов, Қази Данабаев туралы жазған естеліктерінде олардың адами болмысы мен шығармашылығын артық-кем бояу қоспай, дәл суреттейді. Сондай-ақ Мереке Құлкенов, Әлібек Асқаров, Қайсар Әлім, Сүлеймен Мәмет, Бауыржан Омарұлы секілді қаламы қарымды замандастарының шығармашылығы жайында жазған эсселері мен мақалаларын оқығанда қант қиығындай еріп кетесіз. Ал кітапқа атауы берілген «Қарапайым Һәм тамаша тағдырлар» атты зерттеу мақаласында орыстың көрнекті жазушысы Валентин Распутиннің туындыларын жіліктеп талдап, парасатты ой толғайды. Автордың айтулы тұлғалардан алған сұхбаттары да майдан қыл суырғандай шыншылдықпен жазылған.
Бір сөзбен айтқанда, жазушының оқырманға жол тартқан жинағы – әлем әдебиетінде өмірге келген тың бастамаларды қозғауымен, адам психологиясындағы алуан түрлі тартыстарды жеткізудегі әдіс-тәсілдерімен, замандас қаламгерлері туралы толғаныстарымен, ең ақыры, қоғамдағы құбылыстарға жеке көзқарасымен ешкімді бейжай қалдырмайды.