Аймақтар • 23 Қараша, 2023

Зайсан газы, жұртшылық назы

990 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Зайсан ауданының тұрғындары көгілдір отынның мәселесін айтып, редакциямызға бір емес, бірнеше рет хат жолдады. «Egemen Qazaqstan» газеті арқылы аймақтағы мәселені Президент назарына жеткізсек деген. Аудан тұрғындарының айтуына қарағанда, 2013 жылдан бері 8 ауылға газ тарту үшін бірнеше рет қаржы бөлінген екен. Алайда газ әлі жоқ. Осындайда Шерхан Мұртазаның «Алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырмыз» деген сөзін мысал еткің келеді.

Зайсан газы, жұртшылық назы

Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

«2013 жылдан бері 8 ауылға газ тарту үшін бірнеше рет қаржы бөлінгенімен нәтиже жоқ. Биыл Дайыр ауылында газдандыру жұмыстары басталған. Алайда қадағалау кемшін, ауылдықтар бейнетін көрді. Ала жаздай кө­шелерді қазып, қыруар қаржы шашып, қысқа қарай сол шұңқырлардың құбыр салмастан көме салды. Басы дардай, аяғы қылдай жұмыстар үшін ауыл көшелеріне төселетін асфальт та жайылмай қалды. Көшелер ми батпақ. Соның кесірінен тұрғындар үйді-үйге отын-көмір жеткізе алмай отыр. Жаз бойы траншея қазамыз деп, бақшаға келетін арықтарды да құртты. Көрген көзде жазық жоқ, газдың құбырларын жалғау жұмыстарын 7-8-сынып оқушылары жасады. Бұл бассыздыққа бақылау бар ма? Ендігі үмітіміз – Президентте», дейді Дайыр ауылының тұрғыны, қоғам белсендісі Әйгерім Оралханқызы.

Айтса айтқандай-ақ, ауыл ішінің астаң-кестеңі шығып жатыр. Қазылған шұң­қырларға ауылдықтардың малы түсіп те өлген. Қыл аяғы көгілдір отын тартылады деген сегіз ауыл газсыз қалды. Жұрт табан астындағы байлықтың игілігін көре алмай отыр. Есесіне, Қытайға тонналап экс­порттаған деседі жергілікті ел. Ауыл тұр­ғыны Айгерімнің айтуынша, газ тарту жұ­мысын ұтып алған компанияның басшысымен тұрғындар тілдеспек болған. Тіпті аудан басшылығы да мердігерді таппай келе жатқан көрінеді. Кейбір көшелердегі шұңқырлар алаң-ашық қалған. Қараусыз қалған газдың құбыр­лары қолды болып та кетіп жатқан секілді. Көгілдір отын ауданда өткір тұрған проблемалардың бірі екенін аудан басшылығы да айтып отыр. Бірақ мәселе шешімін табатын сияқты.

«Зайсандағы қазіргі газ қоры 7 жылға жетіп тұр. Тағы да зерт­теледі. Егер қосым­ша қор дә­лелде­ніп жатса, 11 жылға жетер еді. Яғни 125 млн текше метр газ әлі барланбаған», дейді Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Ришат Рамазанов.

Ал сегіз ауылға тартылмаған газдың мә­­се­лесін айтып, Энер­гетика министрі Ал­ма­­садам Сәтқалиевке ресми хат жолда­дық. Әуелі сұрағанымыз, осы уақытқа дейін Қытай мемлекетіне қанша көлемде газ жіберілді? Қытайға жіберілген газдан Қа­зақстанға қанша пайда түсті? Осыған жауап берген министрліктің мәліметінше, 2022 жы­лы Қытайға газ экспорты 4,4 млрд тек­ше метрді құраған екен. Экспорттық газ жет­­­кізуден түскен табыс туралы ақпарат ком­­­мер­­циялық құпия деді министрлік өкілдері.

вп

Карикатураны салған – автор

Газ өндірілетін Зайсан ауда­нының бір­не­ше ауылына (Дайыр, Сарытерек, Біржан, Қуаныш, Көк­жыра, Бақасу, Жарсу...) кө­гіл­дір отынның жеткізілмеу се­бе­біне келер болсақ, 2023 жылы министрліктің 003 «Облыстық бюджеттерге, рес­пуб­ликалық маңызы бар қала­лардың, астананың бюджет­теріне газ тасымалдау жүйесін дамытуға берілетін нысаналы даму трансферттері» бюджет­тік бағдарламасы бойынша рес­публикалық бюджеттен «Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауда­ны­ның 8 елді мекенінде (Дайыр, Көкжыра, Қуаныш, Бір­жан, Сарытерек, Жарсу, Бақа­су, Саржыра) кент ішіндегі және орам ішіндегі газдандыру желіле­рін салу» жобасын жүзеге асыруды жалғастыруға 939 млн 950 мың теңге бөлу көзделді. Алайда 2023 жылға арналған республикалық бюджетті түзету кезінде Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі аталған жобаға түзетулер енгі­зуіне байланысты бөлінген қар­жыны республикалық бюджетке қайтарған.

Иә, халық көтерген сұрақтар­дың барлы­ғын министрлікке жолдадық. Мәселен, тұрғын үйлерді айтпағанда, газ ма­гистралі өтіп тұрған Қарабұлақ ауы­лының мектебі, мәдениет үйі көгілдір отынға қол жеткізе алмай отыр. Себебі қандай? Жалпы, мемлекеттік мекемелер көгілдір отынға қашан қосылады? Келіп түскен жауапқа көз жүгіртсек, министрлік 00 3 бюджеттік бағдарламасының әкімшісі ретінде жергілікті атқарушы органдардың бюджет­тік өтінімдерін қарайды және өтінімдерді одан әрі Қаржы министрлігіне жолдайды. Яғни министрлік елді мекендерге жет­кізуші және газ таратушы желі­лерін салуға бағытталған жоба­ларға қаражат бөледі. Бұл ретте «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңның 12-бабының 4-тармағына сәйкес газ тарату жүйесіне қосылуға арналған техникалық шарттарды осындай объектіні пайдаланушы газ тасымалдау, газ тарату ұйымы немесе топтық резервуарлық қон­дырғының иесі береді. Бұл ретте берілген техникалық шарттар газбен жабдықтау жүйелерінің жаңадан салынып жатқан, жаң­ғыртылатын және реконструкцияланатын объектілерін жобалау үшін негіз болып табылады. Осыған байланысты газға қосылу үшін тұтынушы (мемлекеттік мекеме, жеке немесе заңды тұлға және т.б.) газ тарату ұйымынан (мысалы, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ) техникалық шарт алып, өз қаражаты есебінен тиісті жоба әзірлеп, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуі қажет.

Аудан әкімінің орынбасары Ришат Рамазанов мәлімдегендей, Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов та газдың қалдық қоры Зайсан ауданын 10-11 жыл бойы көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтты. Бірақ қашан? Бұл сауалды Зайсан аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының басшысы Данияр Серіковке қойғанбыз.

«Ең бастысы, газ тарту жұ­мы­с­тары аяқталады. Жобаға тү­зету енгізу үшін бөлінген қар­жы­ны республикалық бюд­жет­ке қайтардық. Қайта қарау жұмыстары үш айға созылады. Жобаның жаңа бағасы әзір белгісіз. Шұңқырларды құбыр­сыз жауып жатыр дейді тұрғын­дар. Айта кетейін, газ тарту жұ­мыстары 11 шақырымға арнал­ған. Ал мердігерлер шұңқырды артығымен қазып тастаған. Олар сол жерлерді құбырсыз жауып жатыр. Оған мемлекеттен шығын шығып жатқан жоқ. Газ тарту жұмыстары қатаң қада­ға­лауымызда, – дейді Зайсан аудандық ТҮКШ басшысы Данияр Серіков.

Сегіз ауылдың сенімі ақта­лып, өз байлықтарын өз игілік­теріне пайдаланса екен дейміз. Рас, қыруар қаржы жұмсалған ны­санға қадағалау қажет. Билік тарапынан ғана емес, қоғамдық қадағалаудың болғаны да дұрыс шығар.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Зайсан ауданы