Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «ЕQ»
«Қазақстан экономикасы көлік дәліздерін кеңейтуді қажет етеді. Бұрыннан бар жаһандық тауар жеткізу жүйесінің бұзылуы біздің болашақ транзиттік мүмкіндігімізді күшейтті. Біз жаңа сапалы жолдар, қоймалар салып, айлақтардың әлеуетін арттыруымыз керек, саланы локомотивтермен, жүк көлігімен, контейнерлермен қамтамасыз етуіміз қажет. Мемлекет транзиттік дәліздердің жүк айналымы мен өткізу қабілетін арттырады. Сол арқылы ел экономикасына мол инвестиция тартуға тың серпін береміз», деді Президент.
Осы мақсатта транзиттік және экспорттық мүмкіндікті әртараптандыру үшін Транскаспий халықаралық бағытын негізгі байланыстырушы буынға айналдыру көзделген. Теңіз порттары мен флотты нығайту, Каспий теңізінде заманауи контейнерлік хаб құру жоспарда екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы атап өткендей, ауыл шаруашылығы – Қазақстан экономикасының негізгі салаларының бірі. Бірақ оның дамытуда бірқатар маңызды мәселе бар. Оларды шешу үшін кешенді іс-қимыл қажет. Республикада 1 774 мың тоннаға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін (картоп, көкөніс, жемістер) сақтауға болатын мыңнан аса (2021 жылғы мәліметтер бойынша 1077) әртүрлі қойма бар. Бұл ретте инфрақұрылымның жетіспеуі 26,9 пайызды құрайды.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау жүйесін одан әрі дамыту және экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында биыл еліміздің бүкіл аймағында Агрологистикалық орталықтар салу жобасын жүзеге асыру басталды. «Азия даму» банкі бұл жобаға инвестиция салуға дайын. Өнімдерді қайта өңдеуге арналған жаңа технологиялары бар заманауи көкөніс қоймаларын ашу жоспарда бар. Осылайша, дақылдарды сақтау мен өңдеуге шектеу қою мәселесін шешуге болады.
Осы орайда, Оралда төрт кәсіпкерлік субъектісімен төрт көкөніс сақтау қоймасының құрылысына қатысты меморандумға қол қойылғанын атап өткен жөн. Агроорталық жұмысының артықшылығы – ауыл шаруашылығы өнімдеріне қажеттілікті қанағаттандырады. Сол арқылы еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі нығайып, экспорттық әлеует дамиды. Бұдан бөлек, шекара маңындағы сауданың одан әрі дамуына жол ашады. Агрологистикалық орталықтардың ашылуы аймақ басшыларына инвестициялық жобаларды табысты жүзеге асыруына жағдай жасап, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға инвесторлар тартуға мүмкіндік береді.
Көлік саласына келсек, әлемдегі геосаяси жағдайдың өзгеруі халықаралық көлік дәліздеріне әсер етті. Баламалы логистикалық дәліздерді пайдалану саланы құрылымдық қайта құрудың бастамасы саналады. Бұрынғы бағыттардағы жүк тасымалы шектелді. Салдарынан бақылау бекеттерінде үлкен кезектер пайда болды. Осыған байланысты цифрландыру мәселелері бірінші орынға шығады. Әрине, жөндеу және жаңа жолдар салу әлі де маңызды. Бірақ бұл көліктердің кептеліс пункттеріне тезірек келуіне әкелуі мүмкін.
Бұл мақсаттағы жұмысты жетілдірудің бір парасы – БҰҰ келісімдеріне сәйкес жұмыс тәртібін енгізу және жүктер мен құжаттарды тексеру үдерістерін автоматтандыру қажет. Шекараларда «Жасыл жолақтарды» енгізуге негізделген шешімдер де көмектесе алады. Бұл өзгерістер тасымалдау кезіндегі шығындардың төмендеуін анықтайды, олардың негізгі бөлігін бақылау пункттері құрады. Мәселен, биылғы 1 қарашадан бастап Қазақстан-Ресей шекарасында «Бидай» автомобиль өткізу пунктінде электрондық кезек жүйесін енгізу бойынша қанатқақты жоба іске қосылды.
Электронды кезек жүйесін отандық әзірлеушілер мен «CarGoRuqsat» онлайн брондау сервисінің мамандары жасап, жүргізді. Қызмет «Qoldau.kz» цифрлық платформасы негізінде жүзеге асырылады және оны пайдалану тегін. «CarGoRuqsat» электрондық кезек жүйесінің міндеті – тасымалдаушыларға кезекті алдын ала брондау және ақпараттық жүйелерде қажетті құжаттарды тексеруді автоматтандыру мүмкіндігін беру.
Өкінішке қарай, ауылшаруашылық өнімдерін тіркемей тасымалдау әлі тыйылмай отыр. Бұған жол бермес үшін бірқатар шара қабылданды. Енді кем дегенде жүк көлігі мен жүргізуші куәлігі бар кез келген адам көліктік, логистикалық немесе экспедиторлық қызмет көрсету үшін заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркеле алатындай жағдай қалыптасты. Сонымен қатар қызмет көрсету сапасына да айтылатын сын бар. Өйткені мерзімі өткен сайын тасымалданатын жүк бұзылады не жарамсыз болып қалады.
Бәсекелестікке бағынбайтын тасымалдаушылармен күрес үшін көлік компаниялары иелерінің тәуелсіз бірлестігін құру және лицензиялау енгізу ұсынылады. Бұл ретте жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер лицензиясы бар экспедиторлық компаниялармен шарт жасасуға міндетті болады. Бұл ретте экспедиторлық қызметті лицензиялау кәсіпорынның айналымымен, салық шегерімдерімен, негізгі қорларымен, капиталымен, кәсіпқойлық деңгейімен және ұйымның байыпты және сенімді компания ретінде өміршеңдігін дәлелдейтін басқа да талаптармен қатаң реттелуі керек.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында, Жолдауларында көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен орындалып жатыр деп сеніммен айта аламыз. Ең бастысы, атқарылған шаруалар халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған.
Жасұлан ЖАҒЫПАРОВ,
«Kazlogistics» Қазақстан көлік одағы бас директорының орынбасары