Қоғам • 23 Қараша, 2023

Нарынды шарлаған жиһанкез

685 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Хамза Есенжанов атын­дағы Батыс Қа­зақстан облыстық балалар мен жасөпірімдер кітап­ханасында ерекше еңбектің тұсау­кесері өтті. «Туған жерім Жаңақала» атты жаңа жинақтың авторы – жергілікті өлкетанушы Тыныштық Өтеш­қа­лиев.

Нарынды шарлаған жиһанкез

Ауылда тұратын қарапайым еңбек ардагері туған жер тарихына қызығу­шылық қалай басталғанын әңгімелейді.

– Біздің Бөкейлік совет билігі кезінде түрлі қиындықты көрді ғой. Екі мәрте құрылып, екі мәрте тарады. Жергілікті халық Қазақстанның 19 облысына және одан тысқары жерлерге де босып кетті. Құм Нарынның қасиетті де қасіретті тарихына әуелден қызығып жүруші едім. 2014 жылы ауданға өкіл имам болып келген Мұратбек қажы Жахатов «өлке­танушылар ұйымын» құруға мұрындық болды. Сөйтіп, 10 жылға таяу уақыт ішінде 77 рет экспедицияға шығыппыз. 45 мың шақырымнан аса жол жүріппіз. Бұл деген – экваторды айналып шыққаннан да артық қашықтық қой, – дейді Тыныштық аға.

Шынында да жергілікті он адамнан құрылған жаңақалалық өлкетанушылар ұйымы Құм Нарынның қойнауын әбден шарлап, талай ескі қонысты, тарихи жерді, көне зиратты анықтаған. Жоғарыдан нұсқаусыз, өз қалталарынан шығарған 10 мың теңгелік жарнаға көлік жалдап, жанармай алып, сапарға аттана беретін жанкешті топтың ақсақалы Қабдығали Текебаевтың жасы 90-ға таяп қалды. Көпшілігі зейнеткер болса да баба тарихы дегенде сергек, құлшынып тұр. Топ жетекшілерінің бірі Тыныштық Өтеш­қалиұлы биыл 70-ке толған. Қа­зақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен «Үздік өл­кетанушы» төсбелгісін алып, респуб­ликалық форумға да қатысып келді.

«Бүгін шыққан кітап біз жинаған дерек-тарихтың бестен бірі ғана. 1892 жылы Бөкейліктің шежіресін 12 адам жазған екен, түпнұсқасы қолымда тұр. Бізді төсекте тыныш жатқызбай жүрген – келер ұрпаққа, немере-шөберемізге қандай үлгі-өнеге қалдырамыз? – деген ой ғой. Туған жердің тарихын терең білген өрен оны сүйе де біледі, Отанының патриоты болады. Біздің мақсатымыз осы» дейді автор.

– Кез келген жаңа кітап – оқырман қазынасы. Біздің кітапхананың тірегі де Тыныштық Өтешқалиев сынды бастамашыл жандар ғой. Жас оқырмандарымыз жаңа кітапты оқып, Құм Нарынның қасиетін терең біле түседі деп ойлаймын, – дейді осы іс-шараны ұйымдастырушы, Хамза кітапханасының жұртшылықпен байланыс және бұқаралық жұмыс бөлімінің басшысы Гүлназ Хамзина.

 

Батыс Қазақстан облысы