Облыстық білім басқармасының басшысы Ерлан Сламбековтің айтуынша, мұғалімдерді бос лауазымдарға тарту ережесі дайындалған. Салалық министрлік жанынан конкурс комиссиясы құрылған. Ал облыстық білім басқармасында үйлестіру кеңесі бар.
«Өңірге келетін мұғалімдерге лауазымдық жалақының 150 пайыз мөлшерінде ынталандыру төлемі, оның ішінде жалақыны көтеру, тұрғын үйді жалдау ақысын, коммуналдық төлемдер шығынын өтеу белгіленген. Бос жұмыс орындарына орналасу үшін үміткерлер эссе жазып, тестілеуден, әңгімелесуден өтті. Биыл Атырау облысына бастауыш сынып, тарих, математика, физика пәндерін оқытатын 10 мұғалім келді. Қазір олар мектептерде сабақ беріп жүр. Олардың кейбіріне жаңа пәтер беріп отырмыз. 15 желтоқсанға дейін тағы 4 мұғалімге баспана беру жоспарланған», дейді Ерлан Сламбеков.
Мәселен, Гүлжан Боранбаева білім саласында 20 жылға жуық жұмыс істеп, мол тәжірибе жинаған. Бұрын Батыс Қазақстан облысындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық технологиялық мектеп-лицейінде математика пәнінен дәріс берген. Енді Атырау қаласындағы №31 гимназияда жұмыс істеп жүр.
Көрші өңірден тағы бір мұғалім отбасы келген. Жас маман Ержан Егінбаевтың өзі де, зайыбы да – педагог.
«Мұғалімдерге жас ұрпақтың болашағы үшін үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Біздің міндетіміз – оқушылардың сапалы білім алуына, елдің келешегіне адал қызмет ететін білікті маман болып қалыптасуына үлес қосу. Алаңсыз жұмыс істеуіміз үшін жаңа пәтер беріліп, қолдау көрсетіліп отыр», дейді Ержан Егінбаев.
Атырау облысы