Мектеп • 24 Қараша, 2023

Қазталовтағы жаңа мектеп

216 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазталов ауданы орталығында су жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Тарихы 150 жылдан асатын Алма Оразбаева атындағы мектеп оқушылары самаладай жарық та кең білім ұясына қадам басты.

Қазталовтағы жаңа мектеп

Шыны керек, мектептің жаңа ғимаратын ауыл халқы көп күтті. Бұрынғы мектеп үйі апатты деп танылған соң, 600 орындық жаңа ғимараттың құрылысы 2019 жылы басталған еді. 1,5 жыл ішінде аяқталуға тиіс құрылыс тым созылып кетті. Әуелі пандемия, кейін қымбатшылық бүйірден қысты. Оқушылар қиындық көрді. Жастар орталығы, саз мектебі, кітапхана секілді түрлі мекемеге бөлініп оқыды. Мердігерге де оңай болмады. Әйтеуір, абырой болғанда бәрі жақсылықпен аяқталды. Ауылдың кіре берісінде үш қабатты білім сарайы есігін айқара ашты. Жап-жарық бөлмелер сыңғыр күлкіге, бақытты балаға толды.

Жаңа мектептің ашылу салтанатына Қазталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бисенбек Насимуллин, құрылыстың мердігері «Жиенбай» компаниясының директоры Алек­сандр Қарағойшин, Алма Ораз­бае­ваның туысы, Бөкей Ордасы ауданы Хан ордасы ауылы Жәңгір хан атындағы орта мектептің қызметкері Ринат Ораз­баев бас­та­ған­ қонақтар, барша ауыл тұрғыны арнайы келді.

«Ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сын­ұлының: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керек­тердің жолында жұмыс істеу керек», деп айтқан қанатты сөзі баршамыздың есімізде «Жеті түрлі ілім білетін» ұрпақ тәрбиелеу – қазіргі күннің негізгі міндеті. Бүгінгі қуанышты жаңалық мек­те­­біміздің ашылғанына 155 жыл және қоғам қайраткері Алма Оразбаеваның туғанына 125 жыл толуымен қатар келді. Мек­те­бі­міз­дің құрылысын толық аяқ­тауға қол­дау көрсеткен барша аза­матқа, құрылыс жұмыстарын соңына дейін жеткізген мердігер ком­панияның ұжымына алғыс білдіремін», деді аудан әкімі Аслан­бек Сарқұлов.

Мектеп басшысы Інжумар­жан Әділгерейқызына жаңа нысан­ның рәміздік кілті табыс етілген соң, ардагер ұстаз Гүлжиян Ғариф­қызы, Алма Оразбаеваның туы­сы­ Ринат Иусупұлы, мектеп мақ­та­нышы, олимпиада жүлдегері, «Алтын белгіге» үміткер Әлихан Жаныбеков және облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бисенбек Насимуллин мектеп лентасын қиып, меймандарды ішке шақырды. Іс-шарада Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиевтің құттықтауы оқылып, жаңа мектепке өңір басшысы атынан LED экран сыйға тартылды.

Жаңа мектептің іші заман талабына сай безендіріліп, толық жабдықталған. Мектепте әр балаға арналған 600 шкаф орнатылған. Ғимарат іші жарық әрі жылы. Оқушылардың алаңсыз білім алуы­н­а толық мүмкіндік бар.

Ауылда 2018 жылы ашылған Алма Оразбаеваның бюсті де осы күні жаңа мектептің алдынан орын тапты. Ескерткішке гүл шоғы қойылып, айналасына терек көшеті егілді.

Тарихқа көз салсақ, Ішкі Бөкей ордасына қараған Талөпке қисы­мында старшындық мектеп 1868 жылы салынып, алғаш шәкірт қабылдаған екен. Оның ашылуына сол кездегі Қамыс-Самар мен Талов бөлімдерін басқарған тарихи тұлға Мұхамед-Салық Бабажанов мұрындық болыпты. Ал 1959 жылы ақпанда мектепке қоғам қайраткері Алма Оразбаеваның есімі берілген. Симбирскіде чуваш мектебін, Ордада қыздар мектебін бітірген, кейін үшжылдық мұғалімдер курсын аяқтаған Алма Дінмұхамедқызы Жаңақазан ауы­лында мұғалім болған алғашқы қазақ қыздарының бірі еді.

 

Батыс Қазақстан облысы