Мәселе • 24 Қараша, 2023

Жасөспірімдердің жай-күйі алаңдатады

248 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Балалардың қалыптасуында қоршаған орта­сының әсері айрықша. Әсіресе мектептегі кезең оқушыға қызық та күрделі. Дәл осы шақта балалар психологиялық тұрғыдан кедер­гілерге ұшы­райды. Оқушы кемінде 5-6 сағатын мектепте өткізетіндіктен, мекеменің балалардың өміріне бейжай қарамауы, психологиялық көмек көрсетуді жүйелеуі қажет-ақ.

Жасөспірімдердің жай-күйі алаңдатады

Көп мектеп­те психолог маманның жұ­мысы жүйе­ленбеген. Білім беру мекемелерінде маман  болға­нымен, ол барлық оқу­шы­мен тығыз жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ. Өйткені бір психолог бүкіл баланың жай-күйін жеке-жеке қадағалай алмайды. Деген­мен бірнеше жылдан бері Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйым­дарында психологиялық қол­дауды институттандыру­ бо­йынша кешенді жұмыс жүр­гізіп келеді. Мысалы, бір ғана маманға 500 оқушының жауапкершілігін артуға болмайтынын ескеріп, осы жүктемені азайту мәселесі қарастырылып жатыр.

Сонымен қатар психо­ло­гия­­­лық қолдау қызметін кү­шей­ту мақсатында Оқу-ағарту министрлігі биыл тамыз айын­да бала­ларды зорлық-зомбылықтан қор­ғау, суицид­тің алдын алу және олардың құқықтары мен сала­­маттылығын қамтамасыз ету­дің 2023-2025 жылдарға ар­нал­­ған кешенді жоспарын, сон­дай-ақ педагог-психологтер мен әлеу­меттік педагогтерді даяр­лау­ға қойылатын талаптарды қам­ти­тын «Педагог» кәсіптік стан­дартын қабылдаған болатын.

«Мамандардың неғұрлым тиім­ді жұмыс істеуі үшін білім беру ұйымдарында пси­хо­логиялық қызмет ере­же­лері қабылданды. Міндетті құжат­тар­дың тізбесі қысқартылды. 8 өңірде психологиялық қол­дау­ орталықтары құрылып, «Цифр­лық кабинетті» ашу жоспарланған. Педагог-психо­лог­тердің жұмыс уақыты бекі­тіліп, оқыту курстары ұйым­дас­ты­рылды. Мәселен, биыл 4,5 мыңға жуық педагог-психолог біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Аталған қадамдар балалар арасындағы келеңсіз құбылыстардың үлесін азайтып қана қоймай, позитивті ойлау­ды қалыптастыруға мүм­кін­дік бермек», дейді Оқу-ағар­ту министрлігі Балалардың құқық­тарын қорғау комитетінің төра­ға­сы Насымжан Оспанова.

Министрліктің мәліметінше, білім беру бағ­дарлама­ларын жа­ңар­­ту және білім беру ұйым­да­рында мамандар санын арттыру жұмыстары жүргі­зіліп жатыр. Бұдан бөлек еліміздің бар­лық өңірінде психоло­гиялық қыз­мет орталықтарын ашу жос­пар­­ланған. Бүгінде елімізде 8 мыңнан астам педагог-психолог жұмыс істейді.

«Балалардың қауіпсіздігін қам­тамасыз ету, олардың мен­таль­ды денсаулығы мен дамуын қор­ғау, суицидтерді болдырмау және кәмелетке толмағандар ара­сында буллингтің алдын алу мақ­сатында дәйекті қадамдарды жүзеге асыруға ортақ күш-жігерді біріктіру қажет. Бүгінде бар­лық мемлекеттік органды, үкіметтік емес секторды, стейк­холдерлерді, сондай-ақ ата-аналар мен балалардың өздерін тарта отырып, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасы­лар­ды уақтылы анықтау жүйе­сін­ дамыту маңызды»,  дейді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Кейінгі кездері жасөспірімдер ара­сындағы жанжал жиі­леп кеткені байқалады. Бала­лар­дың бойындағы қатыгездігі, өзім­шілдігі, ортадан бөлектенуі – қоғам­ дерті. Сондықтан оларға дер кезінде тиісті көмек көр­сету қажет. Осы орайда Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан өңірлерде кәмелетке толма­ғандар арасында құқық бұзу­шы­лық­тың алдын алу жұмыстары да қарқынды жүріп жатқанын атап­ өткен еді.

«Бұған дейін Балалардың құқық­тарын қорғау комитеті мек­­теп ішінде есепке алуды жүр­гі­зудің әдістемелік ұсыным­да­рын әзірлеп, бекіткен болатын. Олар мектептерге баса на­зар аударуды және көмек көр­­сетуді қажет ететін балалар­ды анықтау мақсатында ұсы­ны­лады. Мұнда есепте тұр­ған әрбір балаға қосымша сабақ­ ұйымдастыру, бала­ның­ шығармашылық, спорттық әлеуетін ашу, әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық қолдау көмегі қарастырылған»,  деді Еділ Оспан.