Депутаттар Мемлекет басшысының тиісті ұсынымына сәйкес Жоғарғы сот судьясы Мейрамбек Таймерденовті қызметтен босату туралы мәселені қарады. Аталған кандидатура Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің отырысында алдын ала талқыланғанын атап өткен жөн. Отырыс барысында сенаторлар 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заңдарды да талқылап, соңында өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.
Ұлттық қор қаржысы қайда жұмсалып жатыр?
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлттық қор қаржысын пайдаланудың тиімділігіне күмән келтірді. «Самұрық-Қазына» қорының бағалы қағаздары қордың ақшасына сатып алынады, нәтижесінде олар тиімсіз болып шығады. Сенат спикері тәсілдің өзін емес, жобаларды іске асыру тетіктерін сынға алды.
Ұлттық қордың қаржысын жекелеген стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларға пайдалану қажет. Мұндай тәжірибеге тыйым салынбайды. Дегенмен, Мәулен Әшімбаевтың пікірінше, облигацияларға қойылатын талаптар мен ережелерді нарық қалыптастыруға тиіс. «Егер «Самұрық-Қазына» облигацияларды шығарып, оларды нарыққа берсе, олардың қаншалықты орынды және тартымды екенін нарықтың өзі бағалайтын еді. Яғни нарық баға жоғары емес пе, бәрі пысықталды ма және тағы басқа мәселелердің орынды болуын талап етеді. Біз бұл жерде «Самұрық-Қазына» облигация шығаратын, Ұлттық қор сатып алатын және қандай да бір рәсімдерді оңайлатылған түрде жүргізуге болатын тетікті көріп отырмыз. Осы жобалардың процедуралары мен пысықталуын кім бағалайды? Рәсімдер туралы мәселе Жоғары аудиторлық палатаға жетті ме?», деп атап өтті Сенат спикері.
Сонымен қатар мұндай қағаздарды Ұлттық қор есебінен сатып алу кезінде Парламентке хабарлау қажет болатын. Алайда олай жасалған жоқ, Сенат төрағасы осыған алаңдаушылық білдірді. Ол сондай-ақ пайыздық мөлшерлемені субсидиялау мәселесіне де назар аударды. «Егер пайыздық мөлшерлемені субсидиялайтын болсақ және бұл шығындарды Ұлттық қор өз мойнына алса, онда Ұлттық қор тұжырымдамасына және балаларды қолдау тұрғысынан орындалуға тиіс міндеттерге және тағы басқа мәселелерге қайшы келеміз. Бұл – екінші мәселе.
Үшінші мәселе – есеп беру. Ұлттық қор қаражатын пайдалану тұжырымдамасында «Самұрық-Қазына» облигацияларын қаржыландыру және сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Өткен жылғы бюджеттің есебі шеңберінде Үкіметтің Парламенттегі есебі де көзделген болатын. Біз былтырғы бюджет бойынша есепті қараған кезде Ұлттық қор қаржысын пайдаланудың осы бөлігі туралы ақпаратты көре алмадық. Ақпарат жоқ. Осылайша, бұл қаржыны пайдалану туралы есепте проблема бар», деді М.Әшімбаев. Ол Министрлер кабинетінің мүшелеріне сатып алулар бойынша депутаттар алдында есеп беруге дайын болу керектігін ескертті.
«Ұлттық қордан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңда жыл сайын Ұлттық қордан республикалық бюджетке 2 трлн теңге трансферт қарастырылған. Бұл республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге және Ұлттық қордың тұрақтандыру функциясын іске асыруға мүмкіндік береді. Құжатты қарау нәтижесінде сенаторлар заңды мақұлдады. Енді аталған заң қол қою үшін Мемлекет басшысына жіберіледі.
Бюджеттің 40 пайызы әлеуметтік бағытқа арналған
Сенат төрағасы атап өткендей, қаралған «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңда әлеуметтік бағытқа басымдық берілген. Мемлекеттік шығыстардың шамамен 40 пайызы осы салаға бағытталмақ.
«Адами капиталды дамыту, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін жетілдіру, бизнес пен агроөнеркәсіптік кешенді қолдау үш жылдық бюджеттің маңызды басымдықтары екенін атап өткен жөн. Бюджетте аса маңызды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды іске асыруға қажетті қаражат та қарастырылған. Өңірлерді дамытуға 7 трлн теңгеден астам қаржы жұмсалады. Ауылдық жерлерде кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін келесі жылы 100 млрд теңге бөлінеді. Осындай мақсат-міндеттерді іске асыру экономиканың өсуін және азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз етуге тиіс. Бүгін сенаторлар инфляцияны тежеу, шағын және орта бизнесті қолдау, инфрақұрылымды дамыту сияқты бірқатар маңызды бағытқа қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Осы орайда Үкімет мүшелерінен депутаттар назар аударған барлық мәселені алдағы жұмыста ескеруді сұраймыз», деді М.Әшімбаев.
Сенаторлар республикалық бюджет жобасын концептуалды тұрғыдан мақұлдады. Алайда Сенат құжатқа 180 түзету енгізіп, оны Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады. Палата депутаттары бірқатар негізгі бағытты қаржыландыруды ұлғайтуды ұсынып отыр. Атап айтқанда, ауылдың дамуын қолдау үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыруға қосымша 18,1 млрд теңге бөлу ұсынылды. Таза ауыз сумен қамтамасыз етуге қатысты проблемаларды шешу бағытында осы салаға тағы 19,8 млрд теңге бөлу керектігі айтылды. Бұл қаражат халықтың сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділігін қалаларда 99,5 пайызға дейін, ауылдық жерлерде 97,8 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Ауыл түйткілдері алаңдатарлық
Сенат спикері су ресурстары бойынша түйткілдер еліміз үшін ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының шешімімен осы бағыттағы проблемаларды шешу үшін арнайы министрлік құрылғанына назар аударып, алдағы уақытта депутаттар тарапынан тиісті қолдау көрсетіле беретінін атап өтті.
«Бұл – өте ауқымды проблема. Сондықтан Сенат осы мәселеге үнемі назар аударып келеді. Бұған дейін сенаторлар Үкіметке, тиісті министрлікке бірнеше депутаттық сауал жолдады. Алдағы Палата отырыстарының бірінде салалық мемлекеттік органдардың өкілдерін шақырып, депутаттарымыздың сауалдарына ауызша жауап алуды жоспарлап отырмыз. Сол кезде осы мәселеге қатысты нақты проблемалар көтеріліп, жан-жақты талқылау болады деп сенемін», деді М.Әшімбаев.
Сенаторлар өңірлерде жергілікті тұрғындармен кездесу барысында газдандыруға қатысты мәселе жиі көтеріледі. Осы саладағы жағдайды да жақсарту үшін депутаттар қосымша 5,1 млрд теңге қарастыруды ұсынды. Бұл тәсіл газдандыру деңгейін 61 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Еліміз үшін тағы бір өзекті проблема – жол мәселесі екені белгілі. Сенаторлар көлік инфрақұрылымын дамытуға қосымша 13,3 млрд теңге бөлуге ұсыныс жасады. Осылайша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автожолдардың үлесі – 43 пайызға, жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 89 пайызға дейін жеткізілмек.
Сондай-ақ сенаторлардың республикалық бюджетке енгізген түзетулерінде 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстар көзделген. Оған 25,9 млрд теңге бөлінеді. Одан бөлек, депутаттар бюджет қызметкерлерінің жалақысын ұлғайтуға қосымша 4,9 млрд теңге бағыттауды қолдап дауыс берді. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бюджеттік сала қызметкерлеріне ең төменгі жалақы мөлшерін арттыруды тапсырған еді. Бұл өсім ел бойынша әлі де 85 мың теңгеден төмен жалақы алатын 354 мың адамға әсер етеді.
Субсидиялау ережелеріне 50 рет өзгеріс енген
Ауыл шаруашылығы саласына берілетін субсидия жыл сайын артып келе жатқанына қарамастан шетелден ауыл шаруашылығы өнімдерін көп көлемде импорттауды әлі де жалғастырып келеміз. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осы мәселені назарға алып, Үкімет мүшелерін сынға алды.
2018 жылдан бастап ауыл шаруашылығын субсидиялауға 1,8 трлн теңге бөлінген. Бұл бұрынғы көрсеткіштерден 2 есе көп. Төрт жыл ішінде республикалық бюджеттен 874,8 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 858,3 млрд теңге бөлінді. «Біз қарастырып отырған бюджетте аграрлық секторды қолдауға алдағы үш жылға 1,2 трлн теңге қарастырылған. Мұндай қаржы бөлінетін басқа саланы табу қиын. Сонымен қатар кейінгі 5 жылда бізде азық-түлік импорты да 2 есе өсті. Мұнда өндірістер бойынша белгілі бір ілгерілеушілік болғанымен проблемалар әлі де бар. Бұл жағдайда ауыл шаруашылығында қайта өңдеу кәсіпорындарының көбеюін қамтамасыз ету аса маңызды міндет екені сөзсіз. Мемлекет басшысы біздің алдымызға осындай нақты міндеттер қойған болатын», деді Сенат төрағасы. Ол сондай-ақ жүктелген міндеттерді сапалы әрі уақтылы іске асыруға қажетті негізгі шарттарды атап өтті.
Сонымен қатар ол азық-түлік импортын төмендетумен бірге саланы дамыту үшін бюджет қаржысын барынша тиімді пайдаланудың негізгі міндеттерін де белгіледі. «Ең алдымен – бюджеттен бөлінетін қаржыны ұтымды пайдалану керек. Біз ауыл шаруашылығына, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өндірушілерін субсидиялауға ауқымды қаржы бөлеміз. Ең маңызды мәселе – қаржыны бақылау болып отыр», деп атап өтті Палата төрағасы.
Тағы бір мәселе – үнемі өзгеріп отыратын субсидиялау ережелері. Фермерлер әрдайым жаңа талаптарға дайын бола бермейді, ал инвесторлар мұндай тұрақсыздықтан кейін салаға инвестиция салуға асығар емес. «Субсидиялау ережелері кейінгі жылдары 50 рет өзгерді. Бұл өндірушілердің көңіл күйіне оң әсер етпейтіні және қосымша қиындықтар тудыратыны анық. Мұндай үрдіс кейінгі жылдары жалғасып келеді. Алдағы уақытта осы бағытта белгілі бір өзгерістер болады деп үміттенеміз. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласындағы бағдарламалық құжаттар кейінгі жылдары 3 рет өзгерді. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жобаның да 1 қаңтардан бастап күші жойылады. Жаңа құжат осы бағытта болуға тиіс. Яғни егер біз субсидиялау тәсілдерін үнемі өзгертетін болсақ, бағдарламалық құжаттарды ауқымды қаржы бөлу аясында өзгертсек, мұның бәрі қаншалықты тиімді жұмыс істейді? Сондықтан әріптестер, мұнда сенаторлар үнемі көтеретін мәселелер қамтылған және біз бұл оларды бақылауда ұстауды жалғастыра береміз. Бұл жерде дәйекті және болжамды мемлекеттік саясат қажет», деді М.Әшімбаев. Ол ауыл шаруашылығы министріне арнаған сөзінде алдағы уақытта ортамерзімді перспективаға нақты әрі дәйекті қадам болады деген үмітін білдірді.
Атырау облысында газ тапшы
Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Сенатор Әлібек Наутиев Премьер-министрдің атына Атырау облысы тұрғындарының проблемалары туралы депутаттық сауал жолдады. Облыс орталығында газ тапшы, ал ауылдардың бірі су астында қалуы мүмкін.
Депутат тұрғын үйлерді жылытуға қажетті көгілдір отынның жиі-жиі жетіспей қалатыны туралы шағымдар көптеп түсе бастағанын атап өтті. «Өткен жылыту маусымдарында газды көп мөлшерде тұтыну кезінде газ қысымы көрсеткіштерінің күрт төмендету фактілері тіркелді. Бұл мәселенің шешімі – Атырау облысы магистралдық газ құбыры тармағын салу. Жоба жылумен жабдықтау мәселесін шешу үшін Махамбет ауданы мен Атырау қаласында тұтынушыларға берілетін табиғи газ көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Аталған жоба іске асқан жағдайда 150 мыңнан аса адамды құрайтын қаланы және қала маңындағы кенттерді газбен қамтамасыз ету саласындағы әлеуметтік міндеттер шешілетін болады», деді сенатор.
Депутат сонымен қатар Атырау облысы Махамбет ауданы Алға ауылы территориясындағы Жайық өзенінің жағасының шайылуына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, бұл елді мекен тұрғындарына зор қауіп төндіріп отыр. «Осы кезеңде жағалаудағы тұрғын үйлерге дейінгі қашықтық 60-70 метр қалды. Көктемгі су тасқыны кезінде жылына жағалау 15-20 метрге құлап келеді. Бұл мәселенің шешімі – ұзындығы 3,2 шақырым құрайтын Жайық жағасын бекіту жұмыстары. Аталған мәселе Үкімет тарапынан қолдау тауып, жағаны бекіту жұмыстары 2021 жылы басталған. Алайда жұмысты 2024 жылы аяқтауға қажетті қаржы келер жылдың бюджетінде қаралмай отыр. Егер ол қаржы бөлінбеген жағдайда өткен жылдардағы жасалған жұмыстарды және жеке тұрғын үйлерді көктемгі тасқын су шайып кету қаупі бар», деді депутат. Осыған байланысты Үкімет басшысына проблемаларға назар аударуды, сондай-ақ оларды шешуге жәрдемдесуді сұрады.
Отырыста сондай-ақ Бекболат Орынбеков Премьер-министрдің атына мемлекеттік сатып алудың сапалы жүйесіне, Айнұр Арғынбекова ядролық медицинаны дамыту мәселелеріне қатысты сұрақтарын жолдады.