Кәсіпкер • 24 Қараша, 2023

Кәсіпкерліктің кедергілері

145 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Нарықтың талабымен шағын және орта кәсіпкерлікке бет бұрғандар аз емес. Өйткені мемлекет тарапынан бұл саланың кең қанат жаюына барынша қолдау көрсетіліп келеді. Алайда жергілікті атқарушы органдар әлі де кәсіпкерлерге кедергі келтіруін доғармай отыр.

Кәсіпкерліктің кедергілері

Мәселен, Атырау облысында кәсіп­керлер кезігетін, олардың жұмысын тежейтін кедергінің сан алуан түрі бар. Тіпті кәсіпкерлер­дің түрлі кедергіден көз ашпауы көкейкесті мәселеге айналып барады. Сыбай­лас жем­қорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігі пре­венция қыз­меті­нің басшысы Саян Ах­мет­жановтың пікірінше, шағын және ор­та бизнес иелеріне қарсы жасалған ке­дергі­нің ең көбі жер қатынастары мен инф­ра­құрылым саласында анықталып отыр.

«Мәселен, Атырау қала­сында әкімдік кәсіпкерге бизнесін кеңейту үшін ұзақ уақыт жер алуға құқық бермей келген. Бірақ бұған заңды негіз болмаған. Сол себептен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің араласуынан кейін ғана бұл мәселе оң шешімін тапты. Кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды. Кәсіпкер қажетті жер учаскесін алды», дейді Саян Ахметжанов.

Оның айтуынша, жалға алуды ұзарту тәртібін регла­менттеудің болмауына байланысты жүйелік кедергі жойылған. Қазір Антикордың ұсынысымен бұл тәжірибе тоқтатылды.

«Кедергілердің бір бөлігі мем­лекеттік сатып алулар мен са­лық­тарға байланыс­ты туындайды. Мемлекеттік сатып алу желісі бойынша негізгі проб­лема орын­далған шарттарға сәй­кес қаржыны уақтылы төлемеуге қа­тысты болып отыр. Атырау облы­сының 150-ден аса кәсіпкері сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынысынан кейін ғана тапқан ақша­ла­рын алуға қол жеткізді. Жүйелі түрде кездесетін мұндай жайтты жоюға ықпал етеміз. Қаржы министрлігі төлемнің кешігуін автоматты түрде анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу порталының функционалын пысықтайды. Кәсіпкерлерді кез келген проблемалық мәселемен Атырау облысының кәсіпкерлер палатасына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне жүгінуі қажет», деп мәлім етті Саян Ахметжанов.

Өңірлік департаменттің басшысы Ерұлан Серікқалиевтің айтуынша, жыл басынан бері «Бизнеске жол» жобасы аясында 853 кәсіпкердің құқығы қорғалған. Аталған жоба шеңберінде департаментке кәсіпкерлік субъектілерден 66 өтініш түсіпті.

«Кәсіпкерлерден түскен өтініштің 34 пайызы оң шешімін тауып отыр. Об­лыс­тық департаменттің ұсынысымен кәсіп­кер­лердің құқықтарын бұзғаны үшін 5 адам тәртіптік жауапкершілікке, мем­­ле­кеттік органның 2 лауазымды тұл­ғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мемлекеттік сатып алу, ке­ден­дік және салықтық әкімшілендіру саласында квази­мем­лекеттік сектор мен мемлекеттік органдар 155 кәсіпкерлік субъектісіне 1 млрд теңге көлемінде берешекті төледі», дейді Ерұлан Серікқалиев.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің бас­шысы Саян Ахметжановтың айтуынша, Антикордың басты міндеті – бюджет қаражатын жымқыруға жол бермеу.

«Атырау облысында жемқорлық тәуекелі картасына 8 нысан енгізіліп отыр. Бұл – Қызылқоға, Махамбет аудан­­да­рындағы мәдениет үйлері, Исатай, Мақат аудандарындағы 60 пәтерлік тұрғын үйлер, Индер ауда­­нын­да­ғы 80 пәтерлі тұрғын үй, Талқайраң ауылындағы 9 қабатты 90 пәтерлі тұрғын үй, кәріз және сумен жабдықтаудың инженерлік желі­лерін салу құрылысы. Исатай ауда­нының Ақ­қыс­тау ауы­лындағы өрт сөн­діру депо­сының құ­ры­лысы да атал­ған картаға енгізілді. Бюджет қара­жатын жымқыруға жол бермеу үшін аталған нысандарға мо­ниторинг жүр­гізіледі. Мониторингтік топқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы ерік­тілер де, жұртшылық та қосылды», дейді С.Ахметжанов.

Ал облыстық прокуратура баспасөз қыз­метінің мәліметінше, өңірде 18 инвес­тор­дың жобаларына 4,6 трлн теңге инвес­тиция салынған. Алайда инвесторлардың жоба­сын іске асыруына жергілікті атқа­ру­шы органдар тарапынан қолдау көр­се­тіл­мей келген.

«Прокуратураның негізгі міндеті – проб­лемаларды тиімді шешу, инвес­тор­лардың құ­қықтары мен заңмен қор­ғалатын мүд­десін қалпына келтіру. Қадағалау органы инвес­тициялық жобаларды сүйемелдеу бо­йынша жұмысты жалғас­тырып жатыр. Прокурорлар уәкілетті органдар тарапынан инвес­тор­­лармен жұмыс тиісті дең­гей­де ұйым­дас­тырылмағанын, өзара іс-қимылдың жоқ­тығын, инвесторлардың заңды құқықтарының бұзылғанын анық­тады», деп хабарлады прокуратураның бас­пасөз қызметі.

Мәселен, 2020 жылы «Олимпик-Атырау» ЖШС туристік база мен атқыштар клубын салу жобасы мақұл­данған. Сол кезде жергілікті атқарушы орган жаңа нысан­ды инже­нерлік коммуникациялармен қамтуды міндетіне алған.

«Алайда жергілікті атқарушы органдар үш жыл бойы өз міндеттемесін орындау жөнінде мүлдем шаралар қабылдамаған. Осылайша, Үкіметтің 2019 жылғы 31 жел­тоқсандағы «Жеке кәсіпкерлікті мем­ле­кеттік қолдаудың кейбір шаралары тура­лы» қаулысының 32-тармағы бұзылған. Жер­гілікті атқа­ру­шы орган жобаны іске асыру үшін үш жұмыс күні ішінде шара қабылдауы қажет еді. Қолдау көр­се­тілмеген соң инвестор 50 млн теңге инвес­тиция салынған жоба құрылысын жү­зеге асыруды мәжбүрлі түрде тоқтатты. Про­куратураның қадағалау актісімен ин­женерлік желілерді салуға бюджеттен 49 млн теңге бөлініп, инвестордың құқығы қорғалды», деп мәлім етті об­­лыс­тық про­кура­тураның баспасөз қызметі.

 

Атырау облысы