Суретті түсірген – автор
Катонқарағайлық ақсақалдар бұрын-соңды естімеген жер-су атауларының қайдан пайда болғанына аң-таң. Пайда болғаны былай тұрсын, жергілікті тұрғындар мен туристердің санасына сіңісті етіп жіберген.
Шыңғыстай ауылының тұсынан Марқакөлге асатын асуды «Староавстрийская дорога» деп жүр қазір. Оны ауыл тұрғындары әлімсақтан Ирек дейтін. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін аустрия-мажар тұтқындары сол жолды қайла-күрекпен қашап шыққанын жоққа шығармаймыз. Ол рас. Бірақ тұтқындарға дейін де дәл сол жерде соқпақ болған. Ауыл малшылары жайлауға шыққан, Марқакөл, одан әрі Қытай асқан. Тауды қабырғалай жатқан тау жолы етектен ирелеңдеп көрініп тұрады. Сол үшін де Ирек аталған.
– Жер-су атауларына мұқият қарамасақ, сан соғып қалуымыз мүмкін. Бір жылдары Н.Блох деген маман «Катонқарағай» ұлттық табиғи паркінде қызмет істеп жүргенде Сарымсақты бағытындағы жол бағыт бойына кілең орысша ат қойып, карта жасаған. Ол маманмен мен сотқа дейін бара жаздап, аяғында қашып құтылып еді. Қазірде сондайлар қайта шыға бастады. Бұл жерде ұлттық парктің қызметкерлері тиянақты жұмыс істеу керек. Менің білуімше, бұдан бірнеше жыл бұрын парктің министрлікке жіберген картасында Өрел ауылы Орел болып кеткен. Енді ондай немқұрайдылыққа жол беруге болмайды. Бұрынғы қателерімізді түзететін уақыт келді, – дейді ардагер журналист Жәнібек Қызыр. Алтайдың ең биік шыңы – Мұзтау. Айбарлы шың. Биіктігі теңіз деңгейінен 4 506 метр. Сол таудың бөктеріндегі үш шыңға туроператорлар болса керек, «Вера, Надежда, Любовь» деген айдар тағыпты. Ал Мұзтаудың етегіндегі Қаракөлді «Язевая» деп кеттік. Бүйте берсек, Рерихтер мен Сапожниковтер қойып кеткен атауларды қайта тірілтіп, тарихи атаулардан мүлдем айырылып қаламыз. Жазушы Әлібек Асқаров айтқандай, Рерихтер Өр Алтайдың қойын-қонышын зерттегенде қазақтың қойшысымен сөйлеспегені анық. Әйтпесе, түпкі атаулардың қаймағы бұзылмас еді.
Сол секілді түу биіктен құлап ағып, Рахман көліне құйып жатқан сарқыраманы «Коса Верноики» деп жүр. Тіпті көлді кешіп өскен, радон суын ішіп өскен жергілікті жұрт та тілдерін бұрап, Верониканың бұрымына теңеген. Верониканың кім екеніне де бас қатырып жатқандары шамалы. Шынтуайтына келсек, географиялық атауы – Рахман сарқырамасы. Оны бесенеден білеміз. Туристердің табаны тиген жердің атауы жаңарып салатыны несі? Биылғы туристік маусымда ғана Катонқарағайға 119 мың саяхатшы келіпті. Демек осыншама туристі жолдан адастырмасақ та, жер-су атауларынан адастырдық дей беріңіз. Ұлттық идеология қайда? Иә, айтамыз, жазамыз. Тығырықтан шығудың жолы қайсы? Жас туристер де бұл мәселе шымбайға бататындығын айтқан. Шешу жолын да ұсынған.
– Туризм саласында серпіліс бар. Дегенмен Катонқарағай, Марқакөл, Күршім өңірлерінде инфрақұрылым өте баяу дамып келеді. Жолдың жағдайын айтып, жазып жатыр. Оның бәрі уақыт өте түзелетін шығар. Бірақ біз тарихи атаулардан айырылып қалмауымыз керек. Сол үшін көлдің көпшілік баратын тұсына тайға таңба басқандай етіп, тақтайшаға негізгі атауын жазып қоюымыз керек. Егер нақты атауы болмаса, зерттейік. Туроператорлар мамандарды да курстан өткізу керек, – дейді жас саяхатшы Айдана Алтайбекқызы.
Ұсыныс орынды секілді. Мәселен, «Коса Вероники» деп жүрген сарқыраманың көрікті тұсына, көпшілік суретке түсетін тұсқа тақтайша орнатып, «Рахман сарқырамасы» деп қойсақ, ешкім басқа айдар таға алмас еді. Бұл ұсынысты туризм басқармасы мамандары да қолдаған. Сол секілді Қаракөлдің жарқ етіп көрінген тұсына да табиғатпен үндесетін дизайнда дұрыс атауын басып қойған жөн. Айтқандай, Қазақстанның ең Шығыс нүктесінде Шәңген көлі бар. Әп-әдемі қазақша атау секілді. Алайда негізгі атауы – Бұқтырма көлі. Бұқтырма өзені де сол маңайдан бастау алады. Шәңген сөзі қайдан шықты дейсіз ғой. Тоқетері 1745 жылы туған Ресейдің саяхатшысы Петр Иванович Шангиннің құрметіне орай «Шангин» аталып кеткен. Біз оны тілге икемдеп, Шәңген дедік. Интернеттегі деректерге қарасақ, ол кісі Алтайдың қойын-қонышын аралап шыққан дәрігер, географ, зоолог, биолог маман екен. Сондықтан да бұдан былай көлденең атаулардан арылып, түп-төркінін зерттеп алсақ жөн. Жалпы жер-су атауларына абай болмасақ, туристік операторлар табиғатпен таныстыруды ғана емес, үлкен идеологиялық жұмыс та жүргізіп жүр.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы