Тұлға • 24 Қараша, 2023

Журналистика мен әдебиеттанудың өзекті мәселелері талқыланған конференция ұстаз мерейтойына арналды

516 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында Журналистика және саясаттану факультетінің ұйымдастыруымен, Бас редакторлар клубының қолдауымен филология ғылымдарының докторы, профессор, Білім беру ісінің үздігі Сәуле Есембекқызы Тапанованың 70 жасқа толуына орай «Журналистика мен әдебиеттанудың өзекті мәселелері және даму парадигмалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Журналистика мен әдебиеттанудың өзекті мәселелері талқыланған конференция ұстаз мерейтойына арналды

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қайрат Өмірбайұлы модераторлық еткен рухани шараны Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Басқарма мүшесі –  Академиялық мәселелер жөніндегі проректор, экономика ғылымының докторы, профессор Мақыш Серік Биханұлы университет ректоры Ерлан Сыдықовтың құттықтауымен ашып, 26 мың студентті оқытып отырған үлкен ұжымның атынан құттықтады. Сонымен қоса Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Құрмет грамотасын мерейтой иесіне табыс етті.

Бұдан соң, мерейтой иесі туралы «Профессордың парасат кеңістігі» атты видеофильм көрсетілді. Сәуле Тапанованың 70 жылдық мерейтойы қарсаңында шығарылған «Ұстаз. Ғалым. Әдіскер», «Сәулелі жылдар» атты кітаптары таныстырылып, тұсаукесер рәсімі өтті.

ЕҰУ

Мұнан соң, Бас редакторлар клубының вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин Парламент Сенатының депутаты, Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбайдың құттықтауын оқып беріп, барлық бас редакторлар атынан құттықтап, сый-сияпат жасады.

Кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықұлы: «Ғылымның қайнар бұлақтары аймақтардан басталады, Жезқазғанда педагогикалық институт ашылып, білім-ғылым, мәдениет келді, үлкен бастамаларды өткіздік. Академик Рымғали Нұрғалиевтің «әйелдер бейнесін сенен артық кім жазады» деген сөзі әлі күнге жадымызда тұр. Қазақ әйелдерінің бейнесін көрсетуде еңбегіңіз зор» деп, ғалымның ғылымға қосқан мол еңбегі туралы атап өтті.

Айта кетсек, Сәуле Есембекқызының мерейтойы осыдан бір ай бұрын туған жері Жезқазған қаласында басталған болатын. Осы орайда, Жезқазғанда өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция сәттерінен шағын  видеокөрініс көрсетілді.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті журналистика кафедрасының меңгерушісі филология ғылымдарының кандидаты Жанар Рамазанова, филология ғылымдарының докторы, профессор Вера Абишева, Байқоңыр атындағы Жезқазған университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының өкілдері Кәмшат Омарова, Эльмира Хамитова, Астанадағы С.Сейфуллин атындағы аграрлық университеттің өкілі Төлеген Хамитұлы, елордадағы Экономика және бизнес университетінің өкілдері Қанағат Алтайбекова, Төлеутай Махметұлы құттықтау сөз сөйлеп, аталған университеттердің ректорларының құттықтау хаттарын оқып берді, сонымен қоса, Ұлытау облысы әкімінің «Құрмет» грамотасы және Жезқазған қаласы әкімінің «Құттықтау хаты» табыс етілді.

Баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі Амангелді Мейрамұлы, саясаттану кафедрасының меңгерушісі Бағыш Ахметқызы, Телевизия және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Серікзат  Дүйсенғазы мерейтой иесін құттықтап, белгілі ақындар Жанат Әскербекқызы мен Серікзат Дүйсенғазы ғалымға арнаған өлеңдерін оқыды.

Айта кетсек, «Журналистика мен әдебиеттанудың өзекті мәселелері және даму парадигмалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясысының материалдары кейін жеке жинақ болып шығады.

Сәуле Есембекқызы Тапанованың «Қазақ романдарындағы ғашықтық сарын» (2007), «Қазақ басылымдарындағы әйелдер бейнесі» (2013) «Қазақ романдарындағы әйелдер бейнесі» (2017) атты монографиялары жарық көрді. Көптеген жинақтарды құрастырушы. Үш жүздей ғылыми мақалалардың авторы. 2 мақаласы ҚХР, Синдян Жастар-Өрендер баспасынан, 6 мақала Ресей, 2 мақала Франция (Париж), 1 мақаладан Польша, Австрия, Индия, Түркия  т.б. елдерінен жарыққа шықты.

ЕҰУ