Ғылым • 25 Қараша, 2023

I Халықаралық түркі әлемі биология конгресі өтті

215 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ахмет Ясауи университетінде I Халықаралық түркі әлемі биология конгресі офлайн һәм онлайн форматта өтіп, оған Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Грекия, Жапония, Үндістан, т.б. мемлекеттерден, нақты атағанда барлығы 24 елден 150-ден астам ғалым қатысты. Биыл алғаш рет ұйымдастырылған конгресті алдағы уақытта та дәстүрлі түрде ұйымдастырып отыру көзделіп отыр, деп жазады Egemen.kz.

I Халықаралық түркі әлемі биология конгресі өтті

Фото: gov.kz

Ашылу салтанында университет ректоры Жанар Темірбекова сөз алып, «Биология конгресінің алғаш рет университетімізде өтуі – үлкен қуаныш! 24 елдің ғалымдары, 20-дан астам секция – мұның барлығы оңай жұмыс емес. Бұл – ұйымдастырушылық қабілет пен университеттің ғылыми потенциалының тағы бір айғағы. Биология кафедрасында жыл сайын студенттер саны да артып отыр, себебі – биология мамандарын дайындауда қарқынды жұмыстар жүргізіліп келеді», деді.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше екі күнге созылған конгресс жұмысында қазіргі биология және биотехнология мәселелері мен болашағы; құрылымдық ботаника, микрология және микробиология ғылымының мәселелері; ғылыми зерттеулер мен биологиялық білім берудің инновациялық технологиялары; биоалуантүрлілікті қорғауда ерекше қорғалатын табиғи аймақтың рөлі; Қазақстанның биология саласы зерттеулерінің қазіргі жағдайы және т.б. мәселелер ғалымдардың талқысына түсті.

Халықаралық жиында биология саласындағы бірлескен жобаларды одан әрі зерттеу және жүргізу жоспары нақтыланды.

Іс-шара биология ғылымының дамуына айтарлықтай үлес қосып, әртүрлі елдердің ғалымдары арасында білім мен тәжірибе алмасуға ықпал етіп, конгреске қатысушыларға арнайы сертификаттар табыстау рәсімімен мәресіне жетті. 

 gov.kz