Әскер • 27 Қараша, 2023

Әскери медицинаның басты міндеті

400 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

1992 жылы еліміздің қауіпсіздігін сақтап, қорғаныс әлеуетін қамтамасыз ету үшін құрылған Қарулы күштерімізбен бірге отандық әскери медицина саласы да өмірге келді. Содан бері ширек ғасырдан астам уақыт ішінде азаматтық денсаулық сақтау саласының ажырамас бөлігі саналатын бұл сала бірнеше реформаны бастан кешіп, жаңару мен жаңғырудан өтті. Ендігі мақсат – әскери медицинаны қазіргі заман талабына сай дамыту, бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Әскери медицинаның басты міндеті

Әскери дәрігер денсаулығы мық­­ты, дене бітімі мығым, рухани жа­ғынан әбден шыңдалған, бес қаруы сай, бір сөзбен айтқанда, әмбебап тұлға болуға тиіс. Дана халқымыз: «Бі­­лімдіге дүние жарық, білімсіз­дің күні ғаріп» деген. Әскери меди­ци­­на саласының бәсекеге қабілетті болуы, заманауи талаптарға сай қарыш­тап дамуы білімді жастарға байланысты екенін алға тартқан Қарулы күштер Бас әскери-медициналық басқармасының басшылығы жас буын дәрігерлер мен орта буын медицина персоналының толыққан­ды білім алуы, ғылымды меңгеруі, кли­никалық тәжірибе жинақтауы үшін жан-жақты жағдай жасап жатыр. Соның ішінде медицинаның соңғы жетістіктерін меңгеру үшін отандық және шетелдік медициналық жоға­ры оқу орындарында білім алуына мүмкіндік туғызып келеді.

вввввввв

Қазіргі таңда еліміздің әскери дәрі­герлерінің кадрлық құрамы әскери кафедрадан өткен отандық ЖОО түлектері, Қорғаныс министрлігі жо­ғары әскери оқу орындарының тү­лектері, халықаралық шарттарға сәй­кес шетелде (Ресей, Армения, Түркия және Қытай) кадрлар даяр­лау есебінен толықтырылып жатыр. Сонымен қатар жоғары оқу ор­нынан кейінгі медициналық бі­лім беру бағдарламасы бойынша Қор­­ғаныс министрлігі Ұлттық қор­ғаныс университетінің әскери меди­цина кафедрасында, алыс-жақын ше­телдердің (Ресей, Түркия, Қытай, АҚШ және т.б.) медициналық жоға­ры оқу орындары базасында әскери дәрігерлер дайындалады.

Осы орайда қазіргі таңда Қытай халық азаттық армиясының Әске­ри-теңіз медицина университетінде білімін жетілдіріп жатқан әскери дәрігерлеріміз, майор Бауыржан Нұр­ғалиев, аға лейтенанттар Қуаныш Күмісбек пен Алмас Ақанов және 1-курс курсанты Ернұр Әшірмат жайында айта кетсек болады. Олар Шанхай қаласындағы аталған уни­верситеттің сертификатталған курсында, клиникалық ординатурасын­да және бакалавриатта білімін же­тілдіріп жатыр.

Қытайдағы рейтингі жоғары мың университеттің ішінде 109-орында тұрған Әскери-теңіз медицина университеті (немесе Екінші әс­кери медицина университеті) ең алғаш рет 1949 жылы қыркүйекте ел­дің Шығыс әскери аймағындағы Ха­лықтық медицина колледжі болып құрылған. Оның қызметкерлері негізінен Шығыс Қытайдың әскери кадрлар мектебінен, Үшінші далалық армия медициналық колледжінен, бұрынғы Гоминданның Әскери медицина колледжінен және жергілікті аймақтардан қабылданған медицина мамандары мен профессорлардан құралды. 1950 жылы қазанда оның атауы Шанхай әскери-медицина уни­верситеті болып өзгеріп, 1951 жылғы 9 шілдеде ресми түрде Қытай халық азаттық армиясының Екінші әскери-медицина университеті деп аталды.

Бүгінде бұл жерде жергілікті ма­мандардан бөлек, Африка, Америка, Еуразия құрлықтарынан, Океа­ния­дан, яғни әлемнің 100-ге жуық елінен келген 6 мыңға жуық адам бакалавриат, магистратура, докторантура және докторантурадан кейінгі білім бағдарламасы бойынша оқып жатыр. Университет аумағы 670 мың шаршы метрді құрайды. Онда заманауи технологиямен жабдықталған оқу корпустары, жатақханалары, 3 бі­рінші дәрежелі ауруханасы, ғы­лы­ми-зерттеу тәжірибелік орта­лықтары (оның ішінде бауыр ісігіне қарсы ұлт­тық орталық) мен зертханалары, демалу-оңалту үй-жайлары, 500 мың дана кітап жинақталған 11 мың шар­шы метрді құрайтын ауқымды кітапханасы бар.

Айрықша айта кетер жайт, медицина білімі мен ғылымының ордасы тарихы терең «халық медицинасы­ның» ем-домын өз бағдарламасына енгізу арқылы сырқат адамдарды емдеуде үлкен жетістікке жетіп ке­ле­ді. Елімізден оқуға аттанғандар­дың бірі, майор Бауыржан Нұрға­лиев биыл ақпаннан бастап осы бі­лім ордасының Дәстүрлі қытай ме­ди­цинасы кафедрасында, Шан­­хай әскери госпиталінің акупунктура және қытай массажы бөлімшесін­де танымал профессорлар, генерал-майорлар Чаң-хуан Лиң мен Киң-хю Жоудан «Қытай халық массажы және инемен емдеу» әдісінің қыр-сырын үйреніп жатыр. Бұл ем-дом түрі ертеңгі күні әртүрлі ауруға шалдыққан, жарақат алған әскери қызметшілерімізді сауықтыруда зор пайдасын тигізетіні айдан анық.

Ал Қуаныш Күмісбек пен Алмас Ақанов та өз қатарында оза шауып, белгіленген сынақтардан сү­рін­бей­ өткен әскери-дәрігерлер. Нәти­же­сінде, олар – осы білім ордасына бе­йінді маман. Яғни бірі – ЛОР дәрігер, екіншісі – нейрохирург болу үшін 2 жылға оқуға жіберілді. Қазіргі таң­­да олар қытай тілін, авиациялық ме­ди­цинаны, шұғыл медицинаны, зертханалық диагностиканы оқып зерделеп жатыр. Алты айдан кейін өздерінің нақты мамандығы бойын­ша тәжірибелік сабаққа кірісетін болады.

Офицерлеріміз оқудан бөлек университет ауқымында өтетін қо­ғамдық мәдени-спорттық іс-шара­ларға да белсенді қатысып, елімізді, мәдениетімізді, ұлтымызды барын­ша кеңінен танытып, насихаттап келе­ді. Мәселен, биыл 27-28 қазанда Әс­ке­ри-теңіз медицина университе­ті­нің жеке құрамы арасында өткен әс­ке­ри ойындарда Бауыржан Нұрға­лиев шетелдік батальонның капитаны ретінде тағайындалып, өз тобын табандылықпен, қайсарлықпен жеңіске жетеледі. Ал аға лейтенант Алмас Ақанов «ядро лақтыру» спорты түрінен 2-орынға ие болды. Әскери дәрігерлеріміз оқуларын ойдағыдай аяқтап, еліміздің өркендеуіне, соның ішінде отандық әскери медицинаның өрлеуіне өз үлестерін қосатынына сенеміз.

Айта кетейік, елімізде ке­йін­гі жылдары әскери медицинаны дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Күні кеше ғана Қарулы күш­тердің Ұлттық әскери-патриоттық орта­лығында Бас әскери-меди­ци­налық басқарма бас­тығы, меди­цина қызметінің пол­ковнигі Ержан Смайылдың басшы­лы­ғымен дөң­гелек үстел отырысы өткен бола­тын. Кездесуге қаты­су­шылар ве­дом­ствоаралық өзара іс-қи­мыл, инфра­құрылымдық даму, мате­риалдық-техникалық жарақтандыру және медицина саласын цифрландыру мәселелерін талқылады.

Шет мемлекеттерге кететін әс­кери қызметшілер мен олардың от­ба­сы мүшелерінің санитариялық-эпи­де­миологиялық әл-ауқаты, меди­ци­­налық сақтандыру саласында мем­лекеттік қызметтер көрсету, әс­­кери қызметшілерді санаторлық-ку­­рорттық емдеуді ұйымдастыру мә­се­лелері бойынша пікір алмасты.