Әскери қызметшілер алты ай ішінде «Шығыс» секторында Үнді бітімгерлік батальонының құрамында тапсырмаларды орындады. Жауапкершілік аймақтарында жаяу, мобильді және әуе патрульдерін жүргізіп, тосқауыл бекеттерінің жұмысын ұйымдастырды, бітімгерлік базасын күзетіп, бейбіт келісімдердің сақталуын қамтамасыз етті.
Бітімгерлерді Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығы бастығының орынбасары – штаб бастығы, полковник Бақытжан Жетпісов бастаған әскери қызметшілер, сондай-ақ туыстары мен жақындары қарсы алды.
– Сол өңірдегі қиын жағдайға қарамастан, бөлімшенің әскери қызметшілері жүктелген міндеттерді лайықты орындап шықты. Біз үйге жақсы көңіл күймен оралдық. Алты ай ішінде кейбір әскери қызметшілеріміздің отбасында сәбилер де дүниеге келді, – деді бітімгерлік бөлімшесінің командирі, капитан Фархат Ақбалиев.
Таяу күндері Ливан Республикасынан келген бітімгерлердің орнына Қарулы күштеріміздің оныншы бітімгерлік контингенті аттанып кетті. Естеріңізге салсақ, «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштеріндегі» миссиясына еліміздің әскери қызметшілері 2018 жылдың қазан айынан бастап қатысып келеді. Осы уақыт ішінде 500-ден астам әскери қызметші Ливанда қызмет етіп, қажетті тәжірибе жинақтады. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын таба береді. Сондықтан Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының базасында БҰҰ бітімгерлік миссияларына жіберу үшін әскери бақылаушылар мен штаб офицерлері лауазымдарына тағайындалатын үміткерлер жиындары үнемі өтіп отырады.
Қазіргі күні өтіп жатқан кезекті жиынға Қарулы күштердің әртүрлі бөлімшелерінен 17 әскери қызметші қатысып жатыр. Оның екеуі – әйел әскери қызметші. БҰҰ бітімгерлік миссияларына қатысу үшін офицерлер қатаң талаптар бойынша таңдалады. Іріктеу барысында әскери дағдылар ғана емес, сонымен қатар моральдық-психологиялық тұрақтылық, дене дайындығы мен шет тілдерін білуіне де баса назар аударылады.
Бір апта ішінде үміткерлер медициналық комиссиядан, психологиялық тестілеуден өтеді. Дене шынықтыру нормативтерін тапсырып, механикалық қорабы бар көлікті жүргізу дағдылары мен ағылшын тілін меңгеру деңгейін көрсетеді.
Жиын аяқталғаннан кейін іріктеуден өткен әскери қызметшілер одан әрі БҰҰ бітімгерлік миссияларына жіберілетін офицерлер резервіне алынады. Әскери бақылаушылар мен штаб офицерлерін іріктеу бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауға бағытталған бітімгерлік қызмет үрдісінің маңызды кезеңі саналады.