Ірі жобалар
Биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнімнің көлемі 12,6%-ға өсіп, 695,5 млрд теңгені құраған. Жылдың 10 айында барлық индикаторлар бойынша жоспар артығымен орындалыпты. «Экономиканың өсу қарқыны 112,9%-ға жетті. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіштің бірі. Құрылыс жұмысының көлемі 1,5 есе ұлғайды, тұрғын үйді пайдалануға беру – 22,6%. Облыс экономикасына 20% өсіммен 240,7 млрд теңге инвестиция тартылды, жеке инвестициялар – 143,4 млрд теңге. Мемлекеттік бюджетке 241 млрд, республикалық бюджетке 180 млрд теңге түсті. Сондай-ақ жергілікті бюджет түсімдері 25% өсіп, 60 млрд теңгені құрады», деді Б.Исабаев.
Биыл облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 31,9 млрд теңге бағытталыпты. Оның 25,4 млрд теңгесі – субсидиялар. Дәнді дақылдар 324 мың гектарға себіліп, 870 мың тонна астық жиналған. Орташа өнімділігі – гектарына 27 центнер. Бұл республика бойынша жоғары көрсеткіш екен. Алдағы екі-үш жыл көлемінде өңірде 1 млн тонна дәнді дақыл жинауға мүмкіндік бар көрінеді. Мал басының барлық түрлері мен өнім өндірісінің өсімі артығымен қамтамасыз етілген. Төрт түліктің саны 3,2 млн басқа жетіпті.
«Облыста 120 ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Олар 10 айда 70,2 млрд тг азық-түлік өндірді. Өңірдегі ауыл шаруашылығы шикізатының 35%-ы облыстағы кәсіпорындарда қайта өңделеді. Ақсу қант зауыты жөндеуден өтіп, қайта жұмыс істей бастады. Қызылшаны субсидиялау нормативі тоннасына 15 мыңнан 25 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл қант қызылшасының алқабын 2 есе көбейтіп, 8,5 мың га дейін жеткізуге мүмкіндік берді. Биыл қант зауыттарына 330 мың тонна тәтті түбір өткізіліп, жыл соңына дейін 42 мың тонна қант өндіру жоспарланған. Бұған қоса қант құрағынан 29 мың тонна қант өңделеді. Барлығы – 71 мың тонна», деді облыс әкімі.
Облыста «Ірі жобалар» бойынша алдағы екі жылда 25 млрд теңгеге 10 ірі жоба іске асырылады екен. «Ауыл аманаты» жобасы аясында бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлініп, игерілді. Жоғары өнімді дақылдар алқаптарын ұлғайту үшін су шаруашылығының 11 нысанының құрылысы жүргізіліп, 16 объектінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.
Өнеркәсіпті дамыту
Өңірде 535 кәсіпорын тіркелген, онда 26 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Онда өңдеу секторының үлесі 80%. Негізінен ашытқы (уыт), электрлі аккумуляторлар, жоғары вольтты электр тарату желілеріне арналған темір бетонды және металл тіректер өндіріледі. Облыс құрылғаннан бері 23 жаңа кәсіпорын іске қосылып, істеп тұрған 5-уі кеңейтілген, сөйтіп, 759 жаңа жұмыс орындары ашылыпты. «Биыл құны 39 млрд теңге болатын 12 кәсіпорын іске қосылып, 500-ден астам жұмыс орны құрылады. Олар – «Алмаз Керамикс», «Майами Солар» және «EcoWattAKA» жел электр стансасы. Біздің баламалы энергетиканы дамытуда әлеуетіміз зор. Облыс аумағында Жоңғар қақпасы аумағында қуаты 1ГВт ірі жел электр стансасын салу жоспары бар. Оған Сауд Арабиясынан 883,5 млрд теңге инвестиция тартылады. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр», деді өңір басшысы.
Тау-кен саласын дамытуда металлургия комбинатының құрылысы іске асырыла бастапты. Оның құны – 1,3 трлн теңге, қуаты жылына 860 мың мыс концентратын өндіруге жетеді, 2 мыңнан аса жұмыс орны ашылады екен. Қазір құрал-жабдықтар мен тауарларды сақтау үшін қоймалар мен басқа да техникалық ғимараттардың құрылыстары аяқталған.
«Комбинаттың құрылысы 2025 жылы басталып, 2 жылда аяқталады. Жалпы, облыстың 2030 жылға дейінгі инвестициялық портфеліне құны 2,2 трлн теңге болатын, 9 мыңнан астам жұмыс орнын ашатын 184 жоба енгізілген. Облыс аумағында «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА мен «Қорғас» ХШЫО жұмыс істейді. Онда қазір 2030 жылға дейін инвестициясының жалпы көлемі 622 млрд теңге болатын 52 жобаны іске асыру жоспарда тұр. Сондай-ақ көлік-логистика саласына ірі инвесторларды тартып, өңірдің транзиттік әлеуетін дамыту ойда бар. Мәселен, «Достық» стансасында құны 12 млрд теңге, қуаты 150 мың контейнерлік «ЕТТ Dostyk» ЖШС-ның мультимодалды көлік-логистикалық орталығы салынды. Тағы екі көпфункционалды жүк тиеу терминалы перспективалы жобаны жүзеге асырамыз. Оның құны – 68,6 млрд теңге, жалпы қуаты – 650 мың контейнер», деді Б.Исабаев.
Облыста шағын және орта бизнесті дамыту жақсы жолға қойылған. Бүгінде 59 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркеліп, онда 110 мың адам жұмыс істейді екен. Өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі – 31%. Алдағы екі жылда бұл көрсеткішті 5-7%-ға арттыру межеленіп отыр. 10 айда облысқа келген туристер саны 2 млн адам, оның 1,5 млн Алакөлге келген.
«Инфрақұрылымды дамыту мақсатында Алакөл мен Балқашқа апаратын «Талдықорған – Өскемен», «Үшарал – Достық», «Лепсі – Балқаш жағалауы», «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» жолдарының құрылысы алдағы жылы аяқталады. Келер жылы Балқаш жағасында инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысы басталады. Сөйтіп, 2025 жылдан бастап демалыс орындары, қонақүйлер салына бастайды. Экологиялық туризмді дамыту мақсатында биыл «Алтынемел» ұлттық паркі аумағында құны 2 млрд теңге тұратын визит-орталығы салынды. Шаңғы-биатлон кешенін салу және Бұрханбұлақ сарқырамасына дейінгі жолды жөндеуге жобалық құжат әзірленіп жатыр. Осы сынды бірқатар игі жобалар қолға алынды», деді облыс әкімі.
Инклюзивті игі істер
Қолжетімді тұрғын үй, сапалы ауыз су, газдандыру, жол салу халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға қажет. Тұрғын үй алу кезегінде 30 мың адам тұр. 15 мыңнан астамы Талдықорғанда кезекте екен.
«Биыл 323 мың шаршы метр үй пайдалануға беріледі. Мақсатымыз – 4-5 жылда кезекте тұрғандар санын 40-50% азайту. Жыл соңына дейін 199,5 шақырым облыстық және 80 елді мекеннің жолдары жөнделеді. Нәтижесі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автожолдар үлесі 93 пайызға жетеді. Жыл соңына қарай 2 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылады, облыстың тағы 15 елді мекенінде ауыз судың сапасы жақсарады. Газдандыруға жататын 192 елді мекеннің 26-сы, Талдықорған қаласын қосқанда 298 мың адам газға қол жеткізді. Халыққа әлеуметтік қызмет көрсету және жұмыспен қамту, инклюзивті қоғам құру шарасы да жалғасып жатыр. 29 мыңдай жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар қызметке тартылды. Жаз мезгілінен бастап Алакөлде 6-18 жас аралығындағы мүгедектігі бар балаларға арналған 35 орындық сауықтыру жазғы лагері жұмыс істей бастады. Талдықорған қаласында «Қамқорлық» қорымен бірлесіп аутизм және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған орталық және мүгедектігі бар азаматтарға арналған «Асар» спорттық-оңалту кешені ашылды. Бүгінде Талдықорған қаласы бойынша 300 адамға, оның ішінде 54 балаға оңалту қызметі көрсетіліп жатыр», деді Б.Исабаев.
Білім, мәдениет және саламаттылық
Өңірде апатты және үш ауысымды мектептер жоқ. Алайда бейімделген мектептердің проблемасын шешу өзекті екен. Осы жылы жоспарланған 6 мектептің 5-еуі іске қосылған.
«Жыл соңына дейін тағы 1 200 орынды бір мектеп пайдалануға беріледі. Сондай-ақ 5 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жалпы, 2026 жылға дейін 21 жаңа мектеп салынады. Денсаулық сақтау саласында 8 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның 2-еуі биыл қолданысқа берілді. Қалғандары келесі жылы тапсырылады. Облыста барлығы 361 медициналық мекеме бар. Мәдениет және спорт салаларында 18 нысан тұрғызылу үстінде. Оның 8-і пайдалануға берілді. Сонымен қатар биыл жыл соңына дейін жергілікті бюджет есебінен 4 блокты-модульдік спорт кешені орнатылады. Жеке демеушілер есебінен Талдықорған қаласында «Жетісу Арена» жыл бойғы жабық мұз аренасы іске қосылды, «Жетісу» волейбол клубы үшін 4 қабатты тұрғын үй жыл соңында беріледі. Үстел теннисі орталығы келесі жылы бітеді», деді өңір басшысы.
Облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіштері мен алдағы мақсат-міндеттерін жан-жақты қорытып айтты.
«Әрине, жаңадан құрылған өңірдің барлық проблемалық мәселесі шешілді деуге әлі ерте. Тұрғын үймен қамтамасыз ету, ауылшаруашылық жерлері мәселесі, ауыл ішіндегі жолдардың сапасы, газдандыру, облысқа инвестиция тарту, Талдықорған қаласын абаттандыру, үйлердің шатыры мен фасадын жөндеу бойынша алдымызда әлі де атқаратын іс жеткілікті. Түрлі саладағы жұмыс барысында жіберілген олқылықтар мен кемшіліктер болса, түзеп, халықтың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға күш салудамыз. Заң үстемдігін қамтамасыз етіп, халықпен ашық, әділ жұмыс істейтін білікті, жауапкершілікті мойнына ала білетін жергілікті билік органдарының қызметін ұйымдастыру – менің ең басты міндетім», деп сөзін түйіндеді Б.Исабаев.