Сайысқа қатысып жатқан жастар – еліміздің әр аймағынан үздік шыққан студенттер. Вице-премьерге «кірпіш қалау», «шаштараз», «мейрамхана сервисі» секілді бағыттар бойынша жарыс өтіп жатқан алаңдар көрсетілді.
«Қазір елімізде «Баршаға қолжетімді сапалы білім» атты ұлттық баяндама жобасы талқыланып жатыр. Онда колледжде берілетін білім мен біліктілікке көп көңіл бөлінген. Цифрлық технологиялар қанша дамып жатса да, дәнекерлеуші, сантехник, тұрмыстық техниканы жөндеушілер, көлік механиктері, т.б. кәсіби мамандарға сұраныс азаймақ емес. Бұл чемпионаттың жастар арасында осы мамандықтарды дәріптеуде маңызы зор. Жарыста сіздерге сәттілік тілеймін!», деді Т.Дүйсенова.
Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырып жатқан жарыс «ЭКСПО» халықаралық көрме орталығында өтіп жатыр. Чемпионатта автокөлік жөндеу, сантехник, жылу желілері, электроника, мобильді роботтехника сынды 30 түрлі біліктілік бойынша үздіктер анықталады.
Жарыс қорытындысы бойынша оза шапқан студенттер келер жылы Францияда өтетін әлемдік сайыста ел намысын қорғамақ.