Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміздегі аграрлық саланың өзекті мәселелеріне ерекше назар аударғанын атап өтті.
«Қазақстандағы аграрлық сала қуатты болуы керек, ғылымға және жоғары білікті мамандарды даярлауға ерекше назар аударылуға тиіс. Өкінішке орай, шаруаларға керектінің көбісін шетелден аламыз. Бидай тұқымын, минералды тыңайтқыштарды, техниканы сырттан тасимыз. Жердің құнарлығын жақсартатын ғылыми негіздерді де енгізе алмай жүрміз. Кейбір техника мен технологияны басқа елден алып келуге біз қарсы емеспіз. Мүмкін, ол тиімді болар. Бірақ жердің құнарлығын арттыру, себетін тұқым мен органикалық тыңайтқыштарды өндіру, өз жағдайымызға бейімделген шаруашылықты дамыту, оның өнімділігін көбейту, әлемге ұлттық өнімдерді шығару – тек өзіміздің міндетіміз, ғылымның міндеті», деді Ж.Асанов.
Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев отырыс барысында еліміздегі аграрлық сала әлі де зор шығындарды талап ететінін жеткізді.
«Еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде – өндірісті ғылыммен ұштастыру, ғылымды жаңа деңгейге көтеру арқылы жаңа технологияларды енгізу, сондай-ақ осы салада еңбек ететін білікті мамандарды даярлау маңызды рөл атқаратыны бәрімізге белгілі. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда қазіргі ауыл шаруашылығы жоғары технологиялы сала болуға тиіс, оны жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді деген болатын», деді Ә.Бектаев.
Үкімет сағаты отырысына Сенат депутаттары, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, аграрлық саладағы жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, тәуелсіз сарапшылар және басқалар қатысты.
Сенатор Ә.Бектаев Үкімет сағатының жұмысын қорытындылай келіп, басқосуда талқыланған мәселелер мен олардың шешімдері және ұсыныстар пысықталатынын, одан кейін Үкімет атына жіберілетін ұсынымдарға енгізілетінін атап өтті.