Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан Ұлттық жоба аясында өңірлерде 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысанын ашу жоспарланып отыр. Оның ішінде 257 медициналық, 238 фельдшерлік-акушерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулатория бар. Биыл 99 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда оның 20-сы аяқталды, қалғаны бойынша жұмыстар жалғасуда.
Сонымен қатар Ұлттық жобада инсульт орталықтары, кардиология, жансақтау, оңалту бөлімдерін ашу, сондай-ақ оларды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету арқылы 32 көпсалалы орталық аудандық аурухананы жаңғырту қарастырылған.
Премьер-министр Қарағанды, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қостанай және басқа да бірқатар облыстың әкімдіктеріне алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің жаңа нысандарын салу бойынша жұмысты жеделдетіп, жыл соңына дейін оларды пайдалануға беруді қамтамасыз ету керек екенін атап өтті.
«Ұлттық жобаны іске асыру – Үкіметтің бақылауында. Министр мен өңірлердің әкімдері бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі қажет», деді Ә.Смайылов.