Құқық • 27 Қараша, 2023

Интернет алаяқтардан қорғанудың 5 тәсілі – маман кеңесі

340 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Интернеттің және онлайн сауда-саттықтың дамуымен виртуалды әлемде отырып-ақ алаяқтық жасайтын қылмыскерлер көбейіп кетті. Оларға алданбау үшін не істеу керек, қандай сақтық шараларын қабылдаған жөн? Бұл сұраққа ІІМ М.Есболатов атын­дағы Алматы академиясының Жедел-іздестіру тактикасы және арнайы техника кафедрасының оқытушысы, полиция полковнигі Болат Байсейітов жауап береді.

Интернет алаяқтардан қорғанудың 5 тәсілі – маман кеңесі

Қаперіңізде болсын

– Интернет адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Желіде отырып-ақ зат сатып алуға, жұмыс істеуге, көңіл көтеруге және танысуға болады. Виртуалды өмірдің көп артықшылығын интернет пайдаланушыларды алдаудың жаңа әдістерін ойлап табатын қаскүнемдердің жаңа алаяқтық қылмыстары бүлдіріп жүр.

Ең жиі кездесетін жағдайларға тоқ­талсақ, біріншіден, сізге белгісіз адам қоңырау шалып, өзін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері деп таныстырып, сіздің картаңыздан рұқсат етілмеген төлем жасалғанын және ақша­ңызды сақтап қалу үшін оларды басқа шотқа аудару немесе төлем картаңыздың деректемелерін айтып беруді талап етті ме? Ендеше, ешқашан қаржы шоттарыңыздың деректемелерін үшінші адамға айтпаңыз. Есіңізде болсын, банк және құқық қорғау органдарының қызметкерлері ондай мәліметтерді еш уақытта телефон арқылы сұрастырмайды.

Екіншіден, сіз көлік ұтып алғаныңыз туралы электронды хабарлама алдыңыз ба және сізден сыйлық алу үшін ақша аударуды сұрады ма? Мұндай жағдайда ешқашан бейтаныс адамдардың электрондық шотына ақша жібермеңіз. Есіңізде болсын, ұтыс ойынына қатыспай жүлдені ұтып алу ықтималдылығы төмен болады, ал қаскүнемдердің анонимді электрондық әмиянына аударылған ақшаны қайтару ықти­­малдығы одан да азаяды.

Үшіншіден, сіз интернет-дүкеннен жаңа ұялы телефон, ноутбук немесе фотоаппаратты өте азан бағамен сатып алуға шешім қабылдадыңыз, бірақ дүкен алдын ала төлем аударуды сұрап жатыр ма? Ендеше, ешқашан электронды әмияндар мен ұялы телефон шоттарына ақша аудармаңыз. Есіңізде болсын, егер сізден тауарға ақы төлеуді экспресс-төлем терминалдары арқылы жіберуді немесе ақшаны электронды әмиянға аударуды сұраса, алаяқ­тар­ға тап болуыңыздың ықтималдығы өте жоғары.

Төртіншіден, сіз ашықхатты, әуендерді, суреттерді немесе бағдарламаларды жүк­теуге сілтемесі бар хабарламаны алдыңыз ба? Ендеше, ешқашан хабарлама арқылы келген сілтеме бойынша өтпеңіз. Есіңізде болсын, сілтемені басу арқылы сіз өзіңіз білмей, телефонға вирусты кіргізе аласыз немесе ақылы қызметтерге жазылуыңыз мүмкін. Хабарлама сіз білетін адамнан келген болса, оның жіберуші екеніне толығымен көз жеткізіңіз.

Қорғанудың 5 тәсілі

  1. Төлем карталарының құпия дерек­терін жария етпеу (құпия сөз, PIN-код, CVV/CVC коды (картаның артқы жағын­дағы үш сан), картаның жарамдылық мерзімі, мобильді және/немесе интернет-банкингтің логині мен паролі, банктен sms арқылы алынған код (sms-код);
  2. Интернеттегі қауіпсіздікті сақтау, әлеуметтік желіде құпия деректерді бөліспеу (ақша аударымы деректері, құжаттардың суреті, чектер, түбіртектер, sms-кодтар, парольдер, банк картасының деректемелері (CVV, қолданылу мерзімі), электрондық пошталардағы немесе хабарламалардағы сілтемелерге өтпеу);
  3. Төлем картасын көзден таса қылмау (барлық операцияларға жеке қатысу, төлем картасын басқа адамдарға бермеу);
  4. Интернеттен зат сатып алу кезінде абай болу (онлайн-банкингте сатып алу лимитін белгілеу, интернетте сатып алу үшін бөлек карта жасау, жалақы картасын пайдаланбау);
  5. Банктің ескертулеріне құлақ асу (банктің ақшаны есептен шығару туралы хабарламаларын қадағалау, егер сіз ақша жұмсамасаңыз, бірақ сізге ақша жұмсағаныңыз туралы хабарлама келсе, бұл туралы дереу банктің Cаll-орталығына хабарлау және картаны уақытша бұғаттау).