Қоғам • 28 Қараша, 2023

Әйелдердің баянды бастамасы

101 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан облысы халқының 1 млн 200 мыңға жуығы, яғни 49,2 пайы­зы әйел. Өңірде 177 мыңнан астам көпбалалы ана бар, оның 15 мыңнан астамы – «Алтын алқа», 43 мыңнан астамы «Күміс алқа» иегері. Демографиялық өсу деңгейі жоғары өңірде биыл 9 айда 41 233 бала дүниеге келген.

Әйелдердің баянды бастамасы

Облыстың шағын және орта кәсіп­кер­лік субъектілерінің 32 пайызын­да әйелдер жетекшілік етеді. Яғни әйелдердің іскерлік бастамаларына қолдау көрсету, құқықтары мен мүм­кін­діктерін кеңейту, оларға қатыс­ты жасалатын зорлық-зомбы­лық­тың алдын алу жергілікті биліктің басты назарында болуы заңдылық.

Түркістанда өткен облыстың бар­лық аудан, қаласынан қоғам бел­сенділері санатындағы нәзік жандар қатысып, еліміздің жаңа саяси мә­дениеті шеңберінде әйелдердің қоғам­дағы рөлін ілгерілету мәселе­лері қарастырылған жиында демо­гра­фиялық өсімі жоғары өңірде ана мен бала құқығын қорғау басты міндет екені де айтылды. Жиында облысқа жұмыс сапарымен келген «Amanat» пар­тиясының хатшысы Шолпан Каринова партия әйелдердің мем­ле­кеттік басқаруға және инклю­зия­лық қоғам мен гендерлік паритетті қа­лыптастыруға белсенді қатысуын ке­ңейтуде Әйелдер қанатын құ­ру жөнінде бастама көтергенін мәлімдеді. Әйелдер қанатын құру және оның қызметі әйелдердің күн тәртібін ілгерілету мәселесінде пар­тия­ның әлеуетін нығайтуға серпін беретінін атап өтті. «Әйелдер қана­ты­ның жұмысы әйелдердің әлеу­меттік, құқықтық және басқа да өзекті мәселелерін шешуде үлкен тә­жіри­бесі бар, партия мүшелері болып табылатын танымал, беделді әйел­дер­дің қатысуымен он басым ба­ғыты бойынша жүргізіледі. Оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдерді қолдау, ауылдағы әйелдердің арасында кә­сіп­керліктің дамуына жәрдемдесу, ғылымдағы нәзік жандарды қолдау, жаңадан қабылданатын заң жобаларына гендерлік сараптама жүргізу және қоғамда әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бойынша басқа да өзекті мәселелер», деді Шолпан Таңатқызы.

Ал «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, об­лыстық мәслихаттағы фракция же­текшісі Алтынсары Үмбетәлиев өңір­де әйел-аналардың саяси белсен­ді­лігі артып келе жатқанын жеткізді. Облыстағы 82 мыңнан астам партия мүшесінің 66,6 пайызы, облыстық мәслихат құрамының 13 пайызы әйелдерден тұратынын айтты. Сон­дай-ақ жиын барысында Шолпан Каринова партияның облыстық фи­лиа­лы жанындағы әйелдердің құ­қық­тары мен мүмкіндіктерін ке­ңейту мәселелері жөніндегі кеңес­шісі болып облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жан­төреева тағайындалғанын хабарлады.

Жиында ғылымдағы әйелдерді қолдау шаралары жөнінде Қ.А.Ясауи атын­дағы ХҚТУ ректоры Жанар Темір­бекова, әйелдерді мемлекеттік қол­дау және жұмыспен қамту туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдар­ла­малар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева, әйелдердің кә­сіпкерлік бастамаларын қолдау бо­йын­ша «Атамекен» ҰКП өңірлік кә­сіп­керлер палатасы директорының орынбасары Нұрбол Рысбеков баяндама жасады. Сондай-ақ қатысушылар әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту мен ілгерілетуге бағытталған ұсыныстарын білдіріп, өзара пікір алмасты.

 

Түркістан облысы