Энергетика • 27 Қараша, 2023

Жасыл энергияға көшу қажет пе?

185 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Атом десе, ат-тонымызды ала қа­шатын жөніміз де бар. Олай дей­тініміз, қазақ даласын дүр сілкін­дірген Семей ядролық поли­гоны­ның зардабын күні бүгінге дейін тар­тып отырмыз. Сонау Чер­но­быльдегі АЭС-те бол­ған алапат апат та елдің есінде. Дей тұрған­мен, жасыл энергияға көшудің тиімд­і тұстары да бар екен. Ол туралы энергетика, атом саласының мамандары айтып берді.

Жасыл энергияға көшу қажет пе?

Суретті түсірген – Тілеубек Шаяхмет

Күні кеше атом электр стансасын салу жөнінде Өскемен қаласында жария талқылау өткен. Шығыс Қазақстан облыстық Азаматтық альянс заңды тұл­ғалар бірлестігінің төрағасы Аяужан Әшімова ұйымдастырған шараға энергетиктер мен атом саласының мамандары қатысып, ауқымды жобаның тиімді тұстарын тарқатып айтты. Иә, АЭС – ең әуелі электр қуатын өндіретін станса. Мамандардың пікірінше, күн, жел көздерінен алынатын қуат тұрақсыз. Ал тас көмірдің шығыны көп. Оның үстіне қолданыстағы стансалардың 70 пайызы тозған. Айналып келгенде, ең тиімдісі – атом деседі. Атом электр стансасы салынған жағдайда, қоршаған ортаға бәлендей кері әсері болмайды екен. Тіпті зиянды сәулесі күнделікті тұрмыста пайдаланып жүрген заттарға қарағанда төмен. Салыстыратын болсақ, жылына табиғаттан 2,5 миллизиверт, тұрмыстық техникалардан 0,001, медициналық аппараттардан 1,4 миллизиверт көлемінде радиациялық сәуле алады екенбіз. Ал атом энергетикасының сәулесі жылына 0,002 миллизиверт ғана. Егер ғалымдардың осынау теориясы рас болса, АЭС Қазақстан үшін тиімді болмақ.

– Президент Жолдауында АЭС салыну-салынбауы халықтың талқысына түседі деді. Бірақ талқыламас бұрын халыққа Қазақстан үшін тың саланың тиімді-тиімсіз тұстары түсіндірілуі керек. Ал өзімнің жеке пікірім, атом электр стансасы қажет деп ойлаймын. Өйткені энергия жағынан көрші мемлекеттерге тәуелді болмауымыз керек. Оны шешудің бірден-бір жолы – Қазақстанда АЭС салу. Оның артықшылығы туралы мысал келтірейін: бір килограмм уранның энергия бөлу сыйымдылығы 100 тонна сапалы тас көмір немесе 60 тонна мұнай жағумен тең. Екіншіден, уран өнімін регенерациядан өткізіп, әрі қарай да қолдана беруге болады. Органикалық отындардан қалатын шлак пен күлді қайта пайдалана алмаймыз. Атом электр стансасының экологиялық тұрғыда да артықшылығы бар, – деген, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің сәулет, құрылыс және энергетика мектебінің деканы Айбек Мұратбекұлы АЭС-тің тиімділігін қарапайым тілмен түсіндіріп берді.

Тиімділігін түсіндіргенімен, көпші­лікке АЭС деген сөздің өзі қауіп төндіріп тұрғандай естіледі. Бірақ зерттеушілер апат болған Чернобыль, Фокусимо-1 атом электр стансаларындағы реактор­лар­ға графитті ескі технологиялар қолдан­ғандығын айтады. Ал қазіргі кезде бұ­рынғы апаттарды ескере отырып жасал­ған жаңа реакторлар қолданылады екен. Олардың қауіпсіздігі өте жоғары деседі. Сондай-ақ жоғарыда атап өткендей экологиялық жағынан ұтымды. Мәселен, қазіргі таңда елімізде булы газдың кө­лемі шекті мөлшерден шығып кеткен­ге ұқсайды. Органикалық отын жағу кезін­дегі көмірқышқыл газының өзі 81 пайыз­ға жетіпті. Метан 12,4 пайыз, азот­тың шала тотығы 5,6 пайызды құраған.

– Халық келісімін берсе, АЭС салу­дың бірнеше сатысы бар. Алдымен орны бекітіліп, жобалау жұмыстары басталады. Жобалаудың өзіне 5 жыл уақыт қажет. Әзірше тұрғындардың көбі пайдалы жағын түсіне қойған жоқ. Бірақ АЭС ертелі-кеш елімізге келеді. Біздің тараптан атомнан өндірілетін энергия көзі, түсетін табыс, экологиялық жағынан зиянының бар-жоқтығы сараланады. Мұның барлығын «Атом туралы» заң аясында халықпен талқылаймыз. Қолдау тауып, жобасын жасап алсақ, құрылыстың өзі бес жылға созылады, – деді Ұлттық ядролық орталықтың атом-электр институты директорының орынбасары Ерболат Қоянбаев.

Оның мәліметінше, Қазақстанда бұл жұмысты ойдағыдай жүзеге асыратын мамандар жеткілікті. Бұған Кур­чатов қаласындағы Ұлттық ядролық орта­лы­ғынан мысал келтірді.

Қазіргі таңда дамыған бірнеше мемлекет атомнан энергия өндіріп отыр. Алақандай ғана Чехияның өзінде – алты, Бельгияда бес атом реакторы жұмыс істеп тұр. Сол секілді табиғаты төрткүл дүниені тамсандырып отырған Швейцарияда төрт бірдей реактордан өндірілетін атом энергиясын пайдаланып отыр. Мамандардың мысал етіп көрсеткен әлемдік картаға зер салсақ, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

– Электр энергиясы жағынан өзге мемлекеттерге тәуелді болмауымыз үшін АЭС салынуы тиімді. Мәселен, осыған дейін көршілес елден сағатына 426 млн киловатт электр энергиясын сатып алып отырдық. Осыны өзі­міз­де өндіруіміз керек. Бізде тиісті зерт­теу реакторлары жеткілікті, – деді Энергетика министрлігінің өкілі Гүлми­ра Мурсалова.

Айтқандай, елімізде АЭС салу үшін екі орын таңдалып отыр. Ол туралы «Қазақстан атом электр стансасы» ЖШС директоры Тимур Жантикин айтып берген. Анықталғандай, АЭС салу үшін төрт мемлекеттен техникалық-коммерция­лық ұсыныс түсіпті. Атап айтсақ, Оңтүстік Корея, Франция, Қытай және Ресей елдерінің 6 вендоры тәжірибесімен бөлісуге әзір көрінеді. Егер халықтың талқылауынан өтіп, қоғам болып қолдап жатса, атом электр стансалары Абай облы­сының Курчатов қаласына және Алматы облысының Үлкен елді мекенінде салынады. Себебі бұл аймақтардың географиялық орналасу жағынан да әлеуеті атом электр стансасын салуға қолайлы деп тапқан мамандар.

Қауіпсіздік үшін заманауи атом электр стансалары екі тізбекті жүйемен жұ­мыс істейді. Екі тізбек те бір-бірінен гид­рав­­ликалық түрде оқшауланған және тек жылу алмастырғышпен өзара байланысады. Контурлардағы су ластанып кетпеуі үшін үнемі бақылауда болады. Бірінші тізбек ядролық реакторды салқындатуға және ондағы жылуды тасымалдауға ар­налған. Екінші тізбек генератордың роторын жұмыс істетіп, бірінші тізбектің жылуын пайдаланады, суды буға айналдырады. Содан соң оны турбина қалақтарына береді. Генератордың роторы қозғалған кезде электр энергиясы пайда болады. Ал конденсатор турбина буын қайтадан суға айналдыру үшін қолданылады. Балқаш көлінің суы конденсаторды салқындату үшін ғана қарастырылған. Конденсаторларды салқындатуға арналған су тікелей көлден емес, арнайы тоғаннан келеді. Сөйтіп, халықтың әлеуетін арттыру үшін әрі экологиялық тиімді болғаны үшін атомды бейбіт мақсатта қолдану көзделген.

Әрине, жария талқылау жиынында ел аумағында атом электр стансаларын са­луға қарсылық білдіріп келген топ та болды. Олардың пікірінше, құры­лыс жұ­мыстарында сапа болмаса, соңы үл­­­кен апатқа әкелуі мүмкін. Десе де, атом, энер­гетика мамандары шетелдік тә­­­жі­­­ри­­белерге сүйенетіндіктерін жет­кізді.

 

Шығыс Қазақстан облысы