Үкімет • 28 Қараша, 2023

Тауар өндірушілерге – қосымша 30 млрд теңге

95 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкімет ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолдау көрсету үшін резервтен 30 млрд теңге бөлді. Премьер-министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды. Бұл шара мал өсірушілер алдындағы субсидиялар бойынша берешекті өтеуге мүмкіндік береді.

Тауар өндірушілерге – қосымша 30 млрд теңге

Құжатта Ауыл шаруашылығы министр­лігіне Абай, Жетісу, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақ­стан, Жамбыл, Батыс Қазақ­­стан, Маңғыстау, Павло­дар және Сол­түстік Қазақстан облыс­тары­ның бюджеттеріне асыл тұқы­мды мал шаруашылығын дамыту, өнімділік пен өнім сапа­сын арттыруды субсидиялауға нысаналы трансферттер түрінде 30 млрд теңге бөлу туралы жазылған.

Осы қаулының қосымшасы­на сәйкес, Ақмола облысы­ның әкімдігіне ең көп қаражат – 7,8 млрд теңге бөлінді. Жамбыл облысына – 5 млрд теңге, ШҚО-ға – 4,5 млрд теңге, БҚО мал өсірушілері­не 1 млрд теңге бағытталды. Ауыл шаруашылығы министрлігі­не қажетті шараларды қабылдау, ал Қаржы министрлігіне бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылау тапсырылды. Жалпы, биыл агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға Үкімет барлық көздерден 494 млрд теңге бөлді. Жақын арада инвес­тициялық субсидиялауға және несиелер мен лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемені субси­диялауға қосымша 30 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.