Іс-шара қарсаңында комитет төрағалары екіжақты кездесу өткізіп, оның барысында әртүрлі бағыттар мен салалардағы үкіметаралық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін егжей-тегжей талқылады.
Комитет отырысы аясында екі елдің орталық мемлекеттік органдарының бірінші басшыларының қатысуымен сауда, кедендік реттеу, энергетика, көлік және логистика, ғылым, мәдениет, қоршаған ортаны қорғау, су шаруашылығы қызметі және т.б. салалардағы жұмыс бойынша мәселелер қаралды. Бұдан басқа аталған бағыттардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша нақты қадамдар белгіленді.
«Бүгінгі отырыстың қорытындысы мемлекетаралық қатынастарды нығайтуға жаңа серпін беретініне сенімдімін. Өткен 2 жыл ішінде барлық шағын комитет өз бағыттары аясында уағдаластықтарды іске асырып, одан әрі өзара іс-қимыл жасау үшін жаңа бағдарларды белгіледі», деді Р.Скляр.
Өз тарапынан ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Дин Сюэсян қазақстандық тараптың бастамаларына қолдау білдіріп, ҚХР-дың бұрын қол жеткізілген және жаңа уағдаластықтарды іске асыру үшін белсенді түрде жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті.
«Екі ел арасындағы қарым-қатынас жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне жетті. Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға екі рет сапармен барды. Екі ел басшыларының кездесулері өте мазмұнды өтті. Біздің міндетіміз – қол жеткізілген барлық уағдаластықты іске асыру», деді Дин Сюэсян.
Отырыс соңында тараптар қорытынды хаттамаға қол қойып, 2025 жылы Қазақстан-Қытай Ынтымақтастық жөніндегі комитетінің 12-отырысын Қытай аумағында өткізуге келісті.
Роман Скляр мен Дин Сюэсянның қатысуымен мәдени орталықтарды өзара құру туралы үкіметаралық келісімге, сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Бас кеден басқармасының Қазақстаннан жаңа сүйекті жеміс дақылдарының экспорттық партияларына қойылатын фитосанитарлық талаптарды келісу жөніндегі жұмыс хаттамасына қол қойылды.