Ол оқу ордасымен танысып, білім алушылармен кездесті және студенттік оркестрмен бірге танымал күйлерді орындады.
Димаш Құдайберген ЕҰУ-дағы Күлтегін ескерткіші және Жазу тарихы мұражайымен танысты.
Студенттермен кездесуде Димаш Құдайберген өзінің балалық шағы, қалыптасуы, өскен ортасы туралы айтып, сүйікті кітаптарымен бөлісті, өмірге деген жоспарлары, спортқа бейімділігі туралы сұрақтарға жауап берді.
ЕҰУ жастары әншіден өзінің бойындағы маңызды адами қасиет –қарапайымдылықты қалай сақтауға болатынын сұрады.
«Өз ісіңізде қаншалықты кәсіби болсаңыз да, ең бастысы қарапайымдылық және рухани бай болу. Бойыңызда адамдық қасиет болмаса, кәсіби шеберлігіңіз қанша жерден жоғары деңгейде болсын, оның құны көк тиын», - деп атап өтті әртіс.
Кездесу барысында Димаш Құдайберген мен Еуразия ұлттық университетінің «Дала сазы» студенттік оркестрі импровизалық өнерімен тәнті етті. Олар домбырамен қазақтың әйгілі күйлерін орындады.
«Ата-анамның отандық мәдениеттегі қызметі менің тағдырымды айқындағаны сөзсіз. Өмірде жақсы тәлімгерлерді кездестіру бақытына ие болдым. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Марат Олжабайұлы кезінде анамды, кейін мені вокал өнеріне баулыды.
Ата-анам мен үшін әлі де алаңдайды, мен әр басқан қадамымды отбасымның, халқымның батасы мен қолдауымен жасаймын. 100 жасқа келсем де, ата-анамның ой-пікірін, көзқарасын құрметтейтін боламын», – деп бастады алғашқы жауабын танымал әнші.
Әнші жастардың білім мен ғылымдағы жетістіктері туралы көпшілік арасында ақпараттандырудың маңыздылығына назар аударды.
Димаш Құдайберген өзінің сүйікті кітаптары туралы да айтты. Әсіресе, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» мен Черчилльдің «Ешқашан берілмеңіз» шығармаларын ерекше атап өтті.
«Мен 5 жасымнан бастап музыка мектебінде оқи бастадым. Содан әжем аяғы ауырғанына қарамастан мені арқасына салып мектепке алып баратын. Мен оны қуантып, оның маған салған еңбегі мен жұмсаған күш-жігерін ақтай білсем, жүректе шынайы бақыт пайда болады», - дейді жас дарын.
Іс-шара соңында ЕҰУ басшылығы Халық әртісіне құрмет көрсетіп, қойылған сұрақтарға қызықты жауаптары үшін алғыс білдірді және университеттің жоғары марапаттарының бірі – Күлтегін медалін табыс етті.
Сондай-ақ университеттің барлық жастар қауымы атынан әншіге естелік ретінде ЖОО-ның фирмалық жемпірі мен ЕҰУ студенті өз қолымен тіккен ұлттық шапан табысталды.
Димаш Құдайберген университет ұжымына жылы қарсы алғандары үшін алғыс айтып, студенттерге оқуда табыс тіледі.