Фото: kapital.kz
Қазіргі таңда еліміздегі жолдардың 3 мың 200 шақырымында ақылы жүйе енгізілген. Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша ақылы жолдардан бюджетке 26 млрд 500 млн теңге қаражат түскен. Көлік министрлігі келер жылы ақылы жолдар көлемін көбейтіп, қосымша 1 мың 200 шақырым жолға ақылы жүйе енгізуді жоспарлап отыр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі кезде автожол саласын реформалау бойынша бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр. 2029 жылға дейін реконструкциялау жұмыстарының аяқталуына қарай, ақылы жолдардың көлемі 11 мың шақырымға жеткізілетін болады», деді Марат Қарабаев Үкімет отырысында.
Қазір құрылыс маусымы аяқталуына байланысты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жолдарды қыс мезгіліне дайындауға кіріскен. Жолдарды қыста күтіп ұстау үшін 142 мың текше метр құм және 25 мың тонна техникалық тұз жиналған. Соңғы жылдары құрылыс жұмыстары көлемінің артуына байланысты 4 жолақты жолдардың үлесі артқан. Бұл өз кезегінде жол-пайдалану техникасының санын арттыруды талап етеді.
«Осы қажеттілікті шешу үшін, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы биыл қосымша 379 техника сатып алды, оның 245-і өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы, 25 данасы жол жүру ақысы және 109 бірлігі амортизациялық аударымдар есебінен алынады. Дегенмен де әлі де 1100-ден астам техника жетіспейді. Сондықтан Өнеркәсіпті дамыту қорынан жеңілдетілген несие алу арқылы техникаларды толықтыру жұмыстары жалғасады», деді Көлік министрі.