Президент • 28 Қараша, 2023

Президент: Қазақстан мен Того арасындағы серіктестіктің әлеуеті толық пайдаланылмай отыр

155 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Фор Эссозимна Гнассингбе екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп жазады Egemen.kz.

Президент: Қазақстан мен Того арасындағы серіктестіктің әлеуеті толық пайдаланылмай отыр

Қазақстан Президенті Того делегациясына ілтипат білдіре отырып, достас екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 10 жылдығы қарсаңында Астанада өтіп жатқан бұл сапардың символдық мәні бар екенін атап өтті.

«Бүгінгі келіссөздер екіжақты байланыстардың жаңа кезеңін айқындап, өзара тиімді ынтымақтастығымыздың перспективті бағыттарын зерделеуге зор мүмкіндік береді. Біз Тогомен арадағы ықпалдастықты нығайтуға мүдделіміз және Сіздің еліңізді Африкадағы маңызды серіктес ретінде қарастырамыз», деді Мемлекет басшысы.

Президент екі елдің бір-бірінен алыс жатқанына қарамастан, ортақ тұстары көп екеніне, атап айтқанда, көпконфессиялы және көпэтносты құрамымен ерекшеленетініне тоқталды.

«Қазақстанда 100-ден астам этнос өкілдері тұрады. Конфессияаралық және дінаралық диалогты дамыту – біздің мемлекеттік саясатымыздың басым бағыттарының бірі», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан мен Того арасындағы серіктестіктің әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отыр. Оны дамыту үшін екіжақты құжаттарға, соның ішінде инвестицияларды өзара қорғау туралы келісімге қол қою қажет.

Қазақстан Президенті екіжақты сауда-саттықты өркендету және іскер топтар арасындағы байланысты нығайту маңызды екеніне тоқталып, Қазақстанның Тогодағы Құрметті консулы лауазымына лайықты кандидатты анықтауды ұсынды. Мемлекет басшысы мұндай қадам екі ел арасында B2B форматындағы байланыстарды дамытуға септігін тигізеді деп есептейді.

«Бүкіл әлемдегі халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға атсалысу ісінде Қазақстан мен Того сияқты мемлекеттер мейлінше белсенді және конструктивті рөл атқара алады деп санаймын», деді Мемлекет басшысы.