Спорт • 29 Қараша, 2023

Мың бұралған үйлесім

137 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайында эстетикалық топтық гимнастикадан әлем чемпио­наты аяқталды. Төрт күн бойы жанкүйерлерді қуанышқа бөлеген байрақты бәсекеде Аустрия, Болгария, Малайзия, Қытай, Оңтүстік Корея, Грекия, Италия, Испания, Сербия, Израиль, Мысыр, АҚШ, Қырғызстан, Жапония, Қазақ­стан спорт­шылары бақ сынады. Ал Ресей мен Беларусь халық­аралық фе­дерацияның туы астында өнер көрсетті. Барлығы – 17 мемлекет.

Мың бұралған үйлесім

Суретті түсірген – Юрий Беккер

Эстетикалық топтық гимнас­тиканың отаны – Финляндия. Суоми елінің майталмандары ұзақ жылдар бойы әдемілік пен әсемдікке негізделген осы спорт түрін кеңінен насихаттап, ақыры оны үлкен деңгейге көтерді. Алғашқы әлем чемпио­наты 2000 жылы Хельсинкиде ұйымдастырылса, кейіннен аталған жарыстың жалауы Еуропа мен Америка құрлықтарындағы бірнеше мемлекетте желбіреді. Бұл бәсекелер әр жыл сайын үздіксіз өтіп тұрады. Штаб-пәтері Финляндияның бас шаһарында орналасқан аталған халықаралық ұйымға қазіргі кезде 47 елдің ұлттық федерациялары мүше.

Алатау баурайында өткен жа­рыстың алғашқы екі күнін­де «Алматы кубогі» мен «Төрт құрлық біріншілігінің» жүл­делері сарапқа салынды. Бақ сы­наушылар қатарында 8 жас­тағы бүлдіршіндерден бас­тап тәжірибесі толысқан сақа спорт­шыларға дейін болды. Бір­неше жас ерекшеліктері мен түрлі жаттығулар бойынша ұйым­дас­тырылған дүбірлі додада ресейлік «Бриол» мен «Эвита Прима», беларусьтік «Сильфида Микс», оңтүстіккореялық «SJ Tiger» және қазақстандық «Жұл­дыз Орион», «Фиеста», «Блоссум», «Ассол» клубтары бас жүлдені олжалады.

– Күні бүгінге дейін Азияда бірде-бір рет әлем чемпионаты өткен емес. Қазақстан сары құрлықта бірінші болып осындай деңгейі жоғары, мәртебесі биік дүбірлі доданы қабылдап отыр. Сөз орайы келгенде, бізге зор сенім артқан Халықаралық эстетикалық топтық гимнастика федерациясының басшыларына ризашылығымызды білдіреміз. Аталған ұйымның президенті Лилия Морозова Алматыға арнайы келіп, жарысты басынан аяғына дейін тапжылмай тамашалады. Әрине, осындай зор сенімнің бізге бекерден бекер артылып отырмағаны анық. Қазақстанда бұл өнерді дамытып жатқанымызға аса көп уақыт бола қойған жоқ. Десек те айналдырған бес-алты жыл аралығында жерлестеріміз халықаралық аренада ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Бүгінгі таңда шә­кірттеріміз Азиядағы үздік командалар санатында. Әлемдік деңгейдегі додадалардан да ара-тұра олжалы оралып жүрміз. Қазіргі кезде республикамыздың 9 өңірінде федерациялар жұмыс істеп жатыр. Олардың 12 филиалы бар. Бір сөзбен айтсақ, елімізде спорттың бұл түріне деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді, – дейді Қазақстанның Эстетикалық топтық гимнастика федерациясының президенті Мәдина Бектұрғанова.

Кейінгі күндері жастар мен ересектер арасында екі бірдей ірі жарыс өтті. Алғашында «Төрт құрлық біріншілігі – Трофи» тур­нирінің тұсауы кесілді. Жастар арасындағы сайыста Болгарияның «Академигі» алдына жан салмаса, Ресейдің «Рубині» мен Қа­зақ­станның «Ұмайы» екінші және үшінші орындарды иеленді. Ере­сектердің бәсекесінде отан­дық «Кербез-Приманың» бұрым­ды­лары алтыннан алқа тақса, «Эфект» күміспен күптелді. Ре­сей­ден келген «Блеск» клубына қола медаль бұйырды.

Жастардың әлем біріншілігінде іріктеу сынынан іркілмей өткен 12 команда өнер көрсетті. Бұл сайыста алғашқы екі орынды Ресейдің «Викториясы» мен «Ма­донна Жуниоры» жеңіп алса, Болгарияның «National Team» мен Астананың «Самұрығы» қола медальді еншіледі. Ересектер жарысы шиеленіске толы болды. Дуалы ауыз мамандардың өздері ең соңғы сәтке дейін кім­нің озатынын дөп басып ай­туға жүрексінді. Жергілікті жан­күйерлер еліміздің ең үздік коман­далары – «Фридом» мен «Сан­райзға» айрықша сенім артты. Бірақ Мәдина Мұталиева мен Жанет Жабоева жаттықтыратын ұжымдарға жеңіс тұғырына кө­терілу бақыты бұйырмады. Бұл олар­дың осалдығынан емес. Не­гізі жерлестеріміз өте жақсы өнер көрсетті. Оны мамандар да, бас­қалар да мойындады. Бірақ қарсыластарымыз бізден де мықты болды. Мәселен, бас жүлдені ол­жалаған ресейлік «Экспрессия» 2016 жылы әлем чемпионы атанып, сол жарыста тағы 2 күміс пен 3 қоланы еншіледі. Күміс медальді иеленген Болгарияның «National Team» клубы – былтырғы әлем чемпионатының жеңімпазы. Одан бөлек, Софиядан келген сұлулардың қоржынында жаһан­дық доданың 5 күмісі мен 4 қола­сы бар. Үшінші орынға табан ті­реген Мәскеудің «Мадоннасы» дү­ниежүзілік чемпионаттарда

6 мәр­те теңдессіз деп танылып, тағы төрт рет жүлдегерлер санатына қосылды. Міне, осындай атақты клубтар отандастарымыздың алдын орап кетті. Тағы бір қола ме­даль Болгарияның екінші құра­масына бұйырды. Ал жалпы ко­мандалық есепте еліміздің жас гим­нас­шылары екінші орын алса, ере­сектер үшінші сатыға тұрақ­тады.