Үкімет • 29 Қараша, 2023

Бала денсаулығына – айрықша назар

133 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Елімізде қызылша дерті күрт өскені мәлім. Кеше Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қызыл­ша сырқатына қатыс­ты мәселе күн тәртібі­нен тыс қаралды. Оты­рыс­та автожол саласын дамыту шаралары да талқыланды. Сондай-ақ тауар биржаларын дамыту мәселелері де қайта пысықталды.

Бала денсаулығына – айрықша назар

Науқастың қаупі

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қызылша ауруы­ның асқынуы бо­йынша әлемнің 167 елінде 415 мыңнан аса жағ­дай тіркелгенін айтты. Ал өз елі­­мізде қызылша сырқатына шал­дыққандардың саны 17 мың­нан асып кетіпті. Олардың 82%-дан астамы балалар, оның көпшілігі вакцина алмағандар екен. Қызыл­ша ауруы барлық өңірде тіркелген. Ең жоғары дең­гейі Шымкент пен Алматы қала­ларында, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Атырау облыстарында байқалады. Оқу маусымы басталып, ұйымдасқан ұжымдарда балалардың жиналуына байланысты биылғы қыркүйек айынан бастап аты жаман сырқатпен ауырудың күрт өсуі байқала бастаған. Салдарынан сырқаттану деңгейі екі есеге дейін өсіпті. Аяқталғалы тұрған айда қызылшаның 6 мыңнан аса жағдайы тіркеліп үлгеріпті.

Қазіргі уақытта елімізде қы­зыл­шамен ауырған науқастар үшін инфекциялық ауруханаларда 3,5 мыңнан аса төсек-орын орналастырылған. Ста­цио­нарлық емдеуде 2 375 бала ем алып жатыр. Бүгінгі таң­да төсек-орынмен қамту жүкте­ме­сі 59,5%-ды құрайды, 1 мың­нан аса орын резервте тұр. Ем­деуге жатқызылғандардың ішін­де 30 бала реанимация бөлім­ше­лерінде ауыр жағдайда жатыр. Олардың арасында 1 жас­қа дейінгі 15 бала бар. Қызыл­ша бойынша жағдайды тұ­рақ­тандыру мақсатында 1 жас­тан 6 жасқа дейінгі 600 мыңнан аса бала жоспарлы им­мун­­даумен қамтылды, бұл вак­ци­наланатындардың 84%-ын құрай­ды. Бұл ДДҰ ұсынымына сәйкес келеді. Жыл соңына дейін осы жас аралығындағы 100 мың­нан аса баланы қамту жос­парланып отыр.

Ауру ошақтарында 15,4 мың­нан аса адамға шұғыл түрде вакцина жасалған. Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі бұрын егілмеген 63,2 мың балаға вакциналау жүргізілді. Науқастардың 65%-ы 5 жасқа дейінгі балалар екені ескеріліп, қараша айынан бастап 1 жасқа дейінгі сәбилерді, сондай-ақ 2 жас­тан 4 жасқа дейінгі балаларды қосымша жаппай иммундау басталды. Сөйтіп, 94 мың адам қамтылды. Биыл барлығы 770 мыңнан аса бала егілген. Бүгінде қызылшаға қарсы вакцинаның қосымша 1,5 млн дозасы сатып алынған. Осы кезде 500 мың доза келіп түсіпті. Алдағы желтоқсан айында 1 млн доза жеткізіледі деп күтіліп отыр. Жалпы, қосымша иммундаудың тиімділігі 2005, 2015 және 2019 жылдардағы қызылшаның алдыңғы өршуі кезінде дәлелденген.

Премьер-министр еліміз­де аурудың таралуын мүмкінді­гін­ше тезірек тоқтату керектігін айтты. «Қызылша асқынып кетсе, балалар денсаулығына аса үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан онымен тек денсаулық сақтау жүйесі ғана емес, бүкіл қоғам болып күресуіміз қажет. Бала денсаулығы басты назарда болуға тиіс», деді Ә.Смайылов.

Сөйтіп, вакцина алудан басқа, мұндай қауіпті вируспен басқаша күресу мүмкін емес екенін атап айтып, тиісті жұмыс­ты барынша күшейтуді тап­сырды. «Денсаулық сақтау ми­нистрлігі мен әкімдіктер вак­цина алудың қажеттілігі тура­лы ақпараттық-түсіндіру жұмыс­тарын күшейтуі керек. Барлық әкім вакциналау мәселе­сін жеке бақылауда ұстап, жұмыс­ты Денсаулық сақтау министр­лігі­мен үйлестіруі қажет», деді Премьер-министр.

 

Алаңдатқан автожолдар

Үкімет отырысында автожол саласын одан әрі дамыту шаралары да талқыланып, тәптіш­телді. Көлік министрі Марат Қарабаев биыл құрылыс-монтаждау жұмыстарымен 10,7 мың км автомобиль жолдары қамтылғанын, оның ішінде 6,5 мың км республикалық маңызы бар тасжолдар, 4,2 мың км жергілікті жолдар екенін мәлімдеді. Жүргізілген жұмыстардың қорытын­ды­сы бойынша республикалық деңгейде нормативтік жай-күйдегі жолдардың үлесі 92%-ға, жергілікті деңгейде 87%-ға жетеді екен. Бүгінде Үлкен Алматы айналма жолы, «Қандыағаш – Мақат» және «Үшарал –Достық» тасжолдары бойынша жұмыстар аяқталған. Бұл ретте тұрғындардан түскен шағымдар­ды ескеріліп, негізгі күш-қуат 4-5 жыл созылып келе жатқан негізгі жолдарға бағытталған. Бұл – «Талдықорған – Өскемен», «Қарағанды – Алматы», «Мерке – Бурылбайтал», «Ақтөбе – Қандыағаш», «Атырау – Астрахан» автожолдары. Аталған жобалар бойынша елді мекендердегі айналма жолдардан басқа, 923 км-де қозғалыс ашылған.

Батыс Қазақстан облысындағы жолдарды күрделі жөндеу жобаларына ерекше назар аударылады. Олардың ішінде «Казталовка – Жәнібек» және «Өнеге – Бисен – Сайқын» бар. Қазіргі уақытта 220 км-де көлік­пен жүруге болады. Бұл жобалар алда­ғы жылы толығымен аяқталады деп күтіліп отыр.

Премьер-министрдің айтуынша, күре жолдарды дамыту экономиканың өсу динамикасына оң әсерін тигізеді. Сондай-ақ күре жолдардың желісі ішкі және сыртқы сауданы дамытуға мүмкіндік береді. «Қазақ­стан толыққанды көлік-логис­тика­лық хабқа айналуға тиіс. Мемлекет басшы­сы біздің алдымызға осындай міндет қойып отыр. Ол үшін автомобиль жолдары­ның құры­лысын, жол бойындағы инфрақұ­рылым­ды дамытып, қызмет көр­сету жобаларын іске асыруды жандандыру қажет», деді Ә.Смайылов.

Оның сөзінше, 2025 жылдың соңына дейін 3,6 мың км жолды күрделі жөн­деуді аяқтау жоспарланып отыр. Содан кейін ұзындығы 4,7 мың км бола­тын жаңа жобаларды іске асыру басталады. «Осылайша, 2030 жылға дейін барлық ха­лықаралық автомобиль дәлізін жаңғырту жұмыстары аяқталады. Басты мәселе – жол құрылысының сапасын қамтамасыз ету», деді ол.

Үкімет басшысы жол сапасының нашарлығы тұрғындардың наразылығына себеп болып жатқанын да айтты. Осы жылдың өзінде мемлекеттік органдарға автомобиль жолдарына қатысты 19 мыңнан аса арыз-шағым келіп түсіпті. «Мысалы, жол азабын тартқан Қостанай облысының тұрғындары «Ұзынкөл» стансасы мен Троебратское ауылы арасындағы әбден тозып біткен жолға қатысты ұжымдық хат жазған. Бұл жол осы өңірді көршілес Солтүстік Қазақстан облысымен байланыс­тырады және Ресейге қарай транзиттік жол болып табылады. Биыл Ақтөбе облысының «Жұрын» стансасы мен Орқаш ауылы арасында қиыршық тас төселмеген сапасыз жол салынған. Тараз қаласының тұрғындары Қарасу шағын ауданында 1 жылдан астам уақыт бойы бітпей жатқан жол жөндеу жұмыстарын аяқтауды талап етіп келеді. Мұндай мысалдар барлық өңірде көптеп кездеседі», деді Ә.Смайылов.

Сондай-ақ жергілікті жолдардың сапасына сараптама жасау жұмысын да дұрыс жүргізе алмай отырғанын айтты. Бұл ретте кейбір өңір құрылыс-монтаждау жұмыстарын техникалық қадағалау тарапынан бақылаусыз жүргізеді. Бұған қоса бұл салада шешілмей келген мәселенің бірі – битум тапшылығы. «Битум бойынша пайдалану технологиясы сақталмайды. Бұл да жолдардың сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Сонымен қатар әкімдіктер құрылыс және жол бойындағы қызмет көрсету объектілерінің жобаларына арналған жер учаскелерін беру уақытын созып жібереді. Осы факторлардың барлығы саланы дамытуға кедергі болып жатыр. Сондықтан жол құрылысына деген көзқарасты өзгерту қажет», деді Премьер-министр.

Ол автомобиль жолдарына қатысты барлық жоспарланған жобаның уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етуді, битумды сақтау инфрақұрылымын құру бойынша шаралар қабылдауды, оны сақтау және пайдалану технологиясының сақталуын бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды. Жөпелдемеде құрылыс және жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын кеңейту жобаларына арналған жер телімдерін беру тәртібін оңайлату мәселесін пысықтау керектігін айтты. «Әкімдіктер азаматтардан жол сапасына қатысты келіп түсетін шағымдар бо­йынша уақтылы шаралар қабылдауы қажет. Өңірлік трассалар – жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігінде. Жол жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіп, оларды жөндеу бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет», деді Ә.Смайылов.

 

Биржа ережесі қайта байыпталады

Отырыста тауар биржаларын дамыту мәселелері де Үкімет талқылауына түсті. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев баяндағандай, Мемлекет басшы­сының тапсырмасын іске асыру үшін бир­жалық сауда мәселелері бойынша жаңа заң жобасы әзірленген. Онда биржаларға қойылатын реттеуші талаптарды күшейту, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу рәсімдерін айналып өту мүмкіндігін болдырмау және бизнес үшін тауар биржаларына шығу бойынша кедергілерді жою шараларын қарастырады. Бұдан басқа, көмір, бидай, мұнай өнімдері және бірқатар әлеуметтік ма­ңызы бар азық-түлік өнімдерін сату кон­­курс­тық негізде Үкіметтің шешімімен ай­қын­­далатын арнайы тізімге енгізілген тауар бир­жаларында ғана жүзеге асырылатын бола­­ды. Бұл аталған тауарларға ашық баға белгі­­леуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ ел ішін­д­е де, сыртқы экономикалық қызметте де тауар ағынын бақылауға мүмкіндік береді.

Биржаға шығуды ынталандыру ретінде: отандық өндірушілер үшін – ҚҚС төлеу кезінде есепке алу әдісін қолдану; Ұлттық экспорттаушылар үшін – ҚҚС қайтарудың жеңілдетілген тәртібін енгізу, мысалы, 5 күнге дейін; ҚТЖ-мен бірлесіп, биржалық мәміле жасалған жағдайда логистикаға арналған теміржол тарифтерін қайта қарау ұсынылады. Қазіргі таңда Қазақстанда астық, мұнай өнімдері, көмір және басқа да тауарлар бойынша сауда-саттық жүргізе­тін 10 тауар биржасы бар екенін Үкімет басшысының өзі атап өтті. Сонымен қатар биржаның басты міндеті – ашық нарықтық баға мен бәсекелестікті қамтамасыз ете отырып, сауданы ұйымдастыру. «Біз биржалық саудаға үлкен үміт артып келдік. Кейінгі 5 жылда заңнама 2 рет өзгерді. Соған қар­амас­тан, биржалар әлі күнге дейін нарық­тағы өз қызметін толықтай орындай алған жоқ», деді Ә.Смайылов.

Премьер-министр сауда-саттықтың құқық­тық базасын және оның қатысушы­ларына қойылатын талаптарды түбегейлі қайта қарау қажеттігін Мемлекет басшысы көтергенін еске салды. Бұл орайда, негізгі проблеманың бірі жер қойнауын пайдаланушылардың тауар биржаларын өз мүдделеріне қарай пайдаланып кетуі болып отыр. «Бүгінде биржалық сауданың негізгі бөлігі жергілікті қамтуды сақтау жөнінде міндеттемелері жоқ дәл осындай сатып алуларға қызмет көрсетуге бағыт­талған. Салдарынан жыл сайын 1 трлн теңгеден астам қаражат біздің бизнеске жетп­ей қалады. Бұлай болмау керек. Жер қой­науын пайдаланушылардың сатып алу­лары ел мүддесіне жұмыс істеуге тиіс. Жергі­лікті қамтуды кеңейтіп, өндірісті әртарап­тандырудың маңызы өте зор», деді ол.

Тауар биржаларын микрокәсіпкерлік субъектілеріне жатқызу тағы бір мәселеге айналып отыр. Бұл оларға аз салық төлеуге және тексерулерден құтылып кетуге мүмкін­дік беріп жатыр. «Анықталған кемшілік­тер­дің барлығы жаңа заңнама шеңберінде жо­­йы­луға тиіс», деп атап өтті Премьер-министр.

Сөйтіп, екі күн ішінде биржалық тауарлар мәселесі бойынша заң жобасына Үкімет қорытындысының жобасын келісуді, қа­зір­гі әлемдік стандарттарды ескере оты­рып, тауар биржаларын бағдарламалық қам­та­ма­сыз етудегі ақпараттық қауіпсіздікті арт­тыру мәселесін пысықтауды және Әкімші­лік құқық бұзушылық туралы кодекске тауар биржалары мен оның қатысу­шылары­ның жауапкершілігін қатаңдату бо­йынша түзетулер топтамасын әзірлеуді тапсырды. «Ұлттық экономика, Көлік ми­нистрлігі және «Самұрық-Қазына» қоры бірлесіп, биржалық тауарларды, оның ішінде биржалық сауда-саттық механизмі арқылы экспортқа сатуды ынталандыру бо­йынша шаралар кешенін әзірлеу қажет», деп түйіндеді сөзін Үкімет басшысы.