Әдепті адамдар үшін мәдениетті болу қоғамға табиғи түрде енуге мүмкіндік беретін әдеттердің бірі болғанымен, ризашылықтың мағынасы әлдеқайда кең. Алғыс айту – көрсетілген жақсылық үшін ризашылық білдіру. Бұл өмірді және оның барлық ғанибетін бағалаудың жалғыз жолы. Егер алғыс болмаса, біз бір-біріміз үшін ештеңе жасамас едік. Еліміздегі және әлемдегі волонтерлік қозғалыстың белсенді дамуы, біртіндеп танымал бола түсуі осыған дәлел.
Еліміздегі волонтерлер мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек, экобелсенділік, мәдени жобалар және спорттық іс-шара секілді қоғам өмірінің түрлі саласында көмек қолын созып келеді. Бүкіл әлемді әбігерге түсірген пандемия кезінде волонтерліктің белсенді көрінісі байқалды. Волонтерлеріміз коронавирустың таралуына қарсы күреске және оның жалпы халық үшін де, әлеуметтік осал топтар үшін де жағымсыз салдарын азайтуға елеулі үлес қосты. Осылайша, пандемия кезінде волонтерлер қатарына 500 мыңға жуық азамат қосылып, 1 миллионға жуық халыққа көмек көрсетілді.
Оқыс жағдай мен апаттың айтып келмейтінін біз жақсы білеміз. Қостанай және Абай облысындағы өрт, Екібастұз қаласындағы төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында Ұлттық волонтерлер желісі қайырымдылық акциясын бірден жариялады. Еліміздегі волонтерлік пен қайырымдылықтың тағы бір жарқын мысалы – Түркияға көрсетілген көмек.
Волонтерлердің ауқымды үлесін ескере отырып, мемлекет тарапынан да шаралар кешені іске асырылды:
- Мемлекет басшысының бастамасымен 2020 жылды Волонтер жылы аясында өткізу, сондай-ақ интернет және әлеуметтік желілер арқылы волонтерлер қызметінің мүмкіндіктері туралы ақпарат таратылды.
- Волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы қолға алынды. Жол картасы Мемлекет басшысының Волонтер жылы шеңберінде берілген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар кешенін көздейді. Аталған шаралар азаматтардың волонтерлік қызметке қатысуын жандандыруға, олардың күнделікті игі істерге ұмтылуына ықпал етуге, сондай-ақ бұл бағытты одан әрі жүйелі дамыту үшін жағдай жасауға арналған.
- Республикалық фронт-офис және 20 өңірлік фронт-офис атынан волонтерлік инфрақұрылым құрылды, олар волонтерлік топтарға, ұйымдар мен волонтерлерге консультациялық көмек көрсетеді. Волонтер болуға ниетті әрбір азамат Qazvolunteer.kz онлайн платформасына тіркелу арқылы қайырымды ісін бастай алады. Қазіргі уақытта 56 мыңнан астам белсенді волонтер, волонтерлер үшін мыңнан астам жоба ұсынатын 3,5 мыңнан астам ұйым тіркелген.
- Волонтерлік ұйымдармен бірлескен жобалар шеңберінде түрлі әлеуметтік іс-шараларға – 6 700-ден аса, экологиялық акцияларға 7 300-ден аса волонтер қатысты. Денсаулық жағдайын жақсарту мақсатында 7 339 адамға көмек көрсетілді. «Күміс волонтерлікке» 1 000-ға жуық азамат қосылды.
- Волонтерлердің ынталандыру мәселесі – ең маңызды әлеуметтік құбылыс. Жыл сайын үздік отандық және шетелдік волонтерлерді көтермелеу үшін «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы тағайындалды. Осы уақыт ішінде (2020-2022 жылдар) Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан 141 волонтер сыйлық алды. Сондай-ақ, волонтерлер жыл сайын мемлекеттік наградалармен және алғыс хаттармен марапатталады.
- Халықаралық волонтерлік те қарқынды дамып келеді. БҰҰ Даму бағдарламасымен жұмыс аясында 7 отандық волонтер БҰҰ-ның Иордания, Кения, Тайланд және Түркиядағы түрлі құрылымдарда жұмыс істеді. 2023 жылы отандық волонтерлердің БҰҰ құрылымдарындағы жұмысын жалғастыру туралы келісімге қол қойылды.
Волонтерлік әлем бойынша кең таралып, жалпы ғаламдық қозғалыс пен белсенді күшке айналды. 2022 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Армения, Өзбекстан волонтерлерінің қатысуымен Орталық Азия волонтерлер форумы, шілде айында волонтерлердің халықаралық форумы өтті. Форумның мақсаты – волонтерлік қозғалысты қолдау және дамыту, еріктілердің мәртебесін арттыру, ынтымақтастық пен өзара әрекеттесуді нығайту. Форум аясында волонтерлердің қызметіне қатысты түрлі сала, атап айтқанда 34 елдің 40 білікті спикері волонтерліктің қыр-сырын талқылады. Жүргізіліп жатқан жұмыстың арқасында волонтерлік ұйымдардың – 3 (2020 жылы – 224, 2023 жылы 680-нен аса), белсенді волонтерлердің 4 есеге (2020 жылы – 50 мың, 2022 жылы – 200 мыңнан аса) өскені байқалады.
Адами байланыс түрлі ұлттық ерекшелік пен адами қатынастардың алуан түрлігіне сәйкес өзгеше болады. Адам жақсы сөз, жақсы іске өте сезімтал. Бұл әсіресе жоғары гуманизм қарым-қатынасын ұстанатын, үлкендерге құрметпен, кішілерге ізетпен қарап, өскелең ұрпаққа ұқыпты қарайтын қазақ халқының өнегесі. Қазақ – қайырымдылық сөзінің этикасы мен эстетикасына үлкен мән берген ұлт. Ал қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру – біздің алдымызда тұрған үлкен мақсаттардың бірі. Елімізде әр волонтердің алдағы уақытта керемет жобаларды іске асырып, бастама алуына сенім мол.
Ақбілек ТАҒАБАЕВА,
Қазақстан қоғамдық даму
институтының сарапшысы