Тарих • 29 Қараша, 2023

Алаңда бас та жарылды, басқа да жарылды: Әзірбайжан Мәмбетовтің Желтоқсан оқиғасы туралы естелігі

11431 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желіде белгілі режиссер, педагог, қоғам қайраткері Әзірбайжан Мәмбетовтің Желтоқсан оқиғасы туралы жазған естелігінен үзінді тарап жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Алаңда бас та жарылды, басқа да жарылды: Әзірбайжан Мәмбетовтің Желтоқсан оқиғасы туралы естелігі

Автор Тәуелсіздік өзі үшін 1986 жылдан басталғанын жазады. Әуелде алаңға "не болып жатыр екен" деген әуестікпен барғанын да жасырмайды.

"Репетициядан кейін, бүкіл қаланы шулатып бара жатқан не жағдай екенін көрейін деген ниет болды. Әрине, жалғыз емеспін. "Жүз естігеннен бір рет көрген артық" дейді ғой қазақ. Сол көргеннен басталды тәуелсіздік.

Сол алаңда бас та жарылды, басқа да жарылды. Бүкіл өмірім қақ жарылғандай болды. Оқыдым, еңбек еттім, атақ алдым. Менің кеңес өкіметіне өкпем болмауы керек. Бірақ, сол басыма тиген таяқ қоғамның болмысын көрсетті. Әркімнің басына бір таяқ төніп тұрады екен, тек ол біреуге тиеді, біреуге тимейді. Осыны түсіндім", деген өнер қайраткері.

Ол мұны – тағдырдың ісіне балайды. Тағдырға атағың да, ақшаң да, беделің де түк істей алмайды деген пайым жасайды.

"Бір-ақ сәтте бәрінен айырылып, жұмыссыз қалдым, Ғазизадан және айырылдым. Жалғыз қалдым. Сол кезде мені қорғап, тиісті жерлерге бір ауыз сөз айтпады деп Қалтай, Әбдіжәміл, Зейноллаға, тіпті Сәкен Жүнісов пен Әкім Таразилерге өкпеледім де. Өйткені мен билігім, білігім жеткенше олардың пьесасын сахнаға шығардым, елге танылуға көмектестім, өкпелеуге құқым бар деп ойлаймын.

Естелікте сол тұста театр екіге жарылып, кеше ғана "Әзекелеп" соңында жүргендер сатып кеткенде, қатты күйінгенін айтады режиссер.

"Себебі – олардың қалыптасуына, өсуіне, атақ алуына, тұрмысының түзелуіне жағдай жасаған едім. Олар менің жағдайымды неге түсінбейді деп өкпелеуге хақым бар ма? Біз барлық мәселені бірге талқылайтынбыз, ақылдасып шешетінбіз. Сөйтіп сенген адамдарым...

Әй, қойшы соларды!.." дейді Әзірбайжан Мәмбетов

Айта кетейік, бүгінде қоғам қайраткерінің атында Астана қаласында жастар театры бар. Әзірбайжан Мәмбетов 1932 жылы дүниеге келген, 2009 жылы өмірден озды.