Министр апорттың бренд ретінде тіркелуі ауыл шаруашылығын дамыту, тауар өндірушілерді қолдау ісінде маңызды рөл атқаратынын айтты. Сонымен қатар бұл бастама туризмді дамытуға септігін тигізеді.
Ботаник М.Поповтың айтуынша, 1934 жылы Кіші Алматы шатқалында 190 гектардай жерді жабайы жеміс ормандары алып жатса, қазір бұдан 9 гектар ғана қалған. Алматы маңында апорт өсіруге қолайлы аймақтар – теңіз деңгейінен 800-900 метр биік Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай аудандарының, Алматының Бостандық, Медеу аудандарының біршама жері, теңіз деңгейінен 900-1 100 метр биік төмен таулы аймақ – Түрген, Есік, Талғар, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің жағалауы; теңіз деңгейінен 1 100-1 350 метр биік Орта таулы аймақ – Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарының жерлері.
Аталған мәселе осыған дейін мемлекеттік деңгейде бірнеше рет көтерілген. 2019 жылы Алматыда өткен жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің қазынасы – апортты жаңғырту қажеттігін атап көрсетті. Қазірдің өзінде бірнеше әрекет жасалды. 2012-2018 жылдар аралығында Алматы облысы әкімдігі жергілікті бюджет есебінен шаруаларға апорт егіп, оны өсіру шығындарын өтеу үшін 670,4 млн теңге бөлді деген дерек бар. Бірақ нәтижесі әлі белгісіз. Ал ғалымдар болса, апорттың азып-тозып кетуінің 14 себебі антропогендік факторларға байланысты екенін айтудан жалыққан емес. Басқаша айтқанда, табиғи емес, адам факторына байланысты. «Апорттың сапасыздық үдерісі жыл санап күшеюде» деген пікірлер жиі естіле бастады.
2016 жылы Алматы әкімдігі «Апортты жаңғырту» жобасын қолға алып, «Apple World» ЖШС-ге аумағы 70 гектарды құрайтын үш жер телімін 40 жылға жалға берді деген деректер бар. «Apple World» ЖШС өкілдері бақты қоршап, 34 мың апорт көшетін отырғызған. Алайда жоба жемісті болмады. Кәсіпкерлер бұл істен бас тартып, шаруаны орта жолдан тастап кеткен.
Алматы апортының даңқы әлемге тарады. АҚШ бұрынғы президенті Джон Кеннедидің інісі, сенатор Эдвард Кеннеди 1973 жылы Алматыға келген сапарында «Мен бүкіл әлемді араладым, бірақ мұндай әдемі, хош иісті және тәтті алманы ешқашан татып көрген емеспін», деген сөзі газет беттерінде қатталып қалған. Көнекөз қарттардың айтуына қарағанда, сенатор сол сапарында бірнеше қорап апорт алмасын өзімен бірге алып кеткен көрінеді. Бірақ мұның бәрін қазір өткен шақпен айтып отырғанымыз өкінішті. Апортымыз да ұсақталып, бастапқы дәмінен айырылып барады.
1908 жылы Германиядағы Мангейм жеміс өсіру көрмесінде қазақ апортына жоғары баға берілген. Бұл жаңалық оның инвестициялық тартымдылығына әр бергенге ұқсайды. Апорт алмасының Ресейді айналып, Сібірге және оңтүстікке – теміржол вокзалдарына жеткізілгені, сондай-ақ пошта сәлемдемелерімен жөнелтілгені туралы мәліметтер бар. ХХ ғасырдың екінші жартысында-ақ апорт Қазақстанның брендіне айналып үлгергенге ұқсайды.
Сарапшылар апорт қана емес, шұбат, жал-жаяның біздің өнімдер екеніне ешкім күмән келтірмеу үшін олардың құжатты болуы керектігін айтады. Бірақ заңдастыруға мүмкіндік беретін хаттама бізде жоқ. Сондықтан бұл өнім біздікі деп әлем алдында меншіктеп алуға заңдық тетік те жоқ. Құқықтық қорғау тек меншікке ғана емес, зияткерлік меншікке де қажет екені осыған дейін жиі айтылды.
Біздің елде «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары, географиялық белгілер және тауарлардың шығарылған жерінің атаулары туралы» заң сонау 1999 жылы қабылданған еді. Дегенмен бұл жерде әйгілі тауарлардың халықаралық саудасы туралы айтып отырмыз. Біздің елдің ДСҰ шеңберіндегі көпжақты сауда келісімдеріне, соның ішінде Зияткерлік меншік құқығының сауда аспектілері туралы келісімге қосылуы маңызды. Меншік құқын заңдастыру туралы ережелердің бәрі сол келісімге лайықталып жазылу керек. Үкімет апортты меншіктеп алып, экспорт мәселесіне кірісуге дайындалып жатса, отандық ғалымдар сол апортты қайдан аламыз деген мәселені тағы да жаңғыртып отыр.
Биология ғылымдарының кандидаты, Қазақ бау-бақша шаруашылығы ғылыми зерттеу институты бау-бақша дақылдарының биотехнологиясы зертханасының меңгерушісі Светлана Долгих журналистермен кездескен кезде тау бөктерінде, теңіз деңгейінен 900-1200 биіктегі құрылыс Алматы апорты үшін қолайлы аймақты жойып жібергенін айтыпты. Тиянақты әрекет ету арқылы сапалы нәтижелерге қол жеткізуге болады. Ал қосымша қолдаусыз ұлттық мұраны жаңғырту, оны сапалы жаңа деңгейге шығару тым қиын болады. Мұның бірқатар себебі бар.
Ғалымның айтуынша, сол биікте өсіп, күн жеген алманы ғана апорт деп айтуға болады екен. 900 метрден төмен биікте өскендер апорт емес, жай «Суслепер» және «Столовка» деген жазғы сортқа айналады. Апорт сапасының нашарлап кетуінің бірінші себебі сорттың тамырларында вирусты инфекция жинақталып қалды. Ал екінші себеп, алманы сабағынан тамырлап көбейту мәселесі бақылаудан шығып кетті. Жүйе бұзылып, сапаға емес, санға басымдық берілді.
«Біз апортты бренд дегенде 1970-1980 жылдардағы бір данасы 0,5 немесе 1 кило тартатын апортты еске аламыз. Қазір апорттың өзін тоқырауға ұшыратып алдық, қазір ол апорт жоқ. Тіпті апорт өсіп шығатын алма ағашы да жоқ қазір. Шындыққа тура қарайтын кез келді», дейді С.Долгих.
Оның айтуынша, жағдайды түзетуге болады. Апорт алмасын тек біздің ғана бренд деп айтуға оңай. Егер Сиверстің бастапқы қалпын жаңғыртсақ, әрбір алма ағашын 10 еуродан бағаласақ, жан-жағымыз алмасын да, өскінін де сатып алуға дайын. Апорт ағашын қалпына келтіруге мүдделі топ та жетеді.
«3-5 жылдың ішінде алма алқабын қалпына келтіре аламыз. 2024 және 2025 жылдары апорттың таңдалған түрлеріне генетикалық талдау жүргізуді жоспарлап отырмыз. Апорттың «қанқызыл» немесе «Алматы апорты» екенін дәлелдейтін ең жақсы сұрыптарын өсіріп шығаруға дайынбыз», дейді маман.
Апортты қалпына келтіру мүмкіндігі уыстан шығып бара жатқаны – бәрімізге белгілі жайт. Апорт белдеуіндегі салынған құны 1,5 млн доллар тұратын зәулім үй иесіне барып «үйіңді сүреміз, оның орнына алма егеміз» деп айтуға ғана оңай. Сарапшы айтып өткендей, тау белдеуіндегі зәулім үй иелеріне өтемақы төлеу мәселесі мемлекеттік бағдарлама арқылы шешу керек. Тым болмаса 5-10 гектар жерді мемлекет иелігіне қайтара алсақ, қалған мәселелер рет-ретімен шешіледі. Мұндай пікірді Отырғызу материалдарын өндірушілер қауымдастығының басқарма төрағасы Серік Садықов та қолдайды екен. Оның айтуынша, қосымша қолдаусыз ұлттық мұраны жаңғырту, оны сапалы жаңа деңгейге шығару тым қиын. Соның ішіндегі ең өзектісі – мәселенің экономикалық қыры. Кәсіпкерлер бірінші кезекте пайдаға басымдық береді. Алманың өзге түрлері алғашқы 2-3 жылда өнім берсе, апорт 7-8 жылда өнім береді. Тұрақты түрде жыл сайын өнім бермейді, жыл аралап демалып тұратыны кәсіпкерлер үшін тиімсіз.
«Алманың, оның ішінде Алматы апортының тағдыры қыл үстінде тұр. Апорттың көлемі кішірейіп, дәмі мен иіс сапасы да төмендеп кеткен. Бірақ үміт үзілген жоқ. Апорттың Александр және қанқызыл сорттары әлі сырын берген жоқ. Оның 19 түрі бар. Ештеңе жасамасақ, апорт брендін жоғалтып, өзге елдерге тәуелді болып қаламыз», дейді С.Садықов.
Сарапшының айтуынша, апорт өсіретін белдеудегі бақтарды қалпына келтіру үшін күш керек, қаржы керек. Бірінші кезекте отырғызу материалын дайындап алу маңызды. Бұл жұмысты апорт алқаптарын қалыпқа келтіру жұмыстарымен қатар жүргізу керек. Жоңғар Алатауына ғылыми экспедиция жіберіп, сол жерден ең құнды көшеттерді тауып, ең жақсы сорттарын сонда отырғызу керек.
«Алматы облысы Талғар ауданындағы мамандандырылған бақта апорттың 120 түрі бар. Біз солардың ішінен ең қажеттілерін іріктеп алып, көшет отығызу керек. Қазір елде жеміс-жидек дақылдарының 20 шақты тәлімбағы жұмыс істейді, оның 3-4 ғана апортпен айналысады», дейді сарапшы.
Ғалымдардың айтуынша, апорт ағашы өзіне қолайлы ортада ғана көктейді, табиғи қалпын бұзбайды. Апорт болашақ ұрпаққа жету үшін Жоңғар Алатуындағы апорт белдеулерін қалыпқа келтіріп, ұлттық гермоплазма орталығын ашу керек. Бұл міндет заңнамалық базаны қалыптастырудан басталады.
Ұлттық ғылым академиясының Биология және медицина ғылымдары бөлімінің академик-хатшысы Владимир Березин өткен жылы Орман кодексіне, Сорт туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар, қоршаған ортаны басқаруды реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге кейбір толықтырулар қажет болуы мүмкін екенін айтыпты. Мұндай талаптар қолданыстағы заңдарда да айтылған. Нақтыласақ, заң жабайы жеміс бақтарының генофондының сақталуын, қалпына келтіруін құп көреді. Сарапшы осы ретте біздің аймақта агробиоәртүрлілікті сақтау бойынша ұлттық саясатты қалыптастыру қажеттілігін күн тәртібіне шығаратын кез келгенін де айтып өтті.
«Жер бетінде тұратын халық жылына 40 млн тонна алма жейді екен. Олар бірінші кезекте будандастырылған немесе химиялық қоспалар арқылы бастапқы қалпынан айырылып қалған клон алма емес, тау бөктерінде күн сүйіп толысқан табиғи алманы қалайды. «Қазақстан – алманың отаны» деген идеяны мемлекеттік идеологияға айналдыру керек. Осы идеяны жүзеге асырсақ, алма ел бюджетінің негізгі донорларының біріне айналар еді», дейді В.Березин.
АЛМАТЫ