Ғылым • 30 Қараша, 2023

Гелиотехнология болашағы

149 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ғылымды дамыту мақсатында Үкімет алдына нақты міндеттер қойған. Соның ішінде «Жас ғалым» жобасы аясында ізденуші­лердің, постдокторанттардың іргелі және қолданбалы ғылыми зерт­теулерін гранттық қаржыландыру жүйелі түрде жүзеге асырылып ке­леді. Дәл осындай гранттық жобаға ие болғандардың бірі – Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжи­ниринг университетінің постдокторанты, PhD Ләйлім Сабытайқызы.

Гелиотехнология болашағы

Маңғыстау өңіріндегі өзекті мәсе­ленің бірі – су мәселесі. Осыны назарға алған Ләйлім Сабытайқызы құрамында мұнайы бар ағынды суларды тазартудан кейін булану тоғанына тастамай, өндіріс айналымына енгізу үшін стандартқа сәйкестендіріп, технологиялық айналымға қайта қосу мүмкіндігін кеңінен зерттеп жүр. Ол «Битум зауытының ағынды суларын тазартуға арналған гелиоқондырғыны әзірлеу» жобасы бойынша күннен қуат алатын қондырғы жасап шыққан. Қондырғыны сынақтан өткізіп оң нәтиже алған.

– Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жас ғалым» мемле­кеттік қаржыландыру жобасы аясында «Битум зауытының ағынды суларын тазартуға арналған гелиоқондырғыны әзірлеу» тақырыбындағы зерттеуім жүзеге асып жатыр. Бұл аса маңызды жоба. Маңғыстау өңірінде мұнай өңдейтін, өндіретін компаниялар көп шоғырланған. Сол компаниялардан құрамында мұнайы бар су шығатыны белгілі. Сондықтан зерттеу жұмысымда құрамында мұнайы бар суларды тазартқаннан кейін булану тоғанына жібермей оларды қайтадан екінші рет айналымға енгізу үшін буландыру арқылы тазалау әдісін ұсынамын. Бұл әдісті алдымен зертханалық сынақтан өткіздік. Тексеріс оң нәтиже бергеннен кейін сарқынды суларды тазартуға арналған пилоттық гелиоқондырғымызды жасап шығардық. Пилоттық қондырғы күннен энергия алып, жұмыс істейді. Алайда бұлтты күндері жұмыс істеу үшін тоқ көздері де қарастырылған, – дейді жас ғалым.

Зерттеу жұмысы бойынша әзірлен­ген қондырғы күннен қуат алып, 45 градусқа жеткенде буланған су ар­найы тетікте жинақталып, кран арқы­лы ыдысқа құйылады. Қондырғы 4 нүктемен жабдықталған. Бірінші – ағынды суды қондырғыға беру нүктесі, екінші – суды қосымша тазалау үшін азон жіберетін нүкте, үшінші – пайда болған стиляттар ағатын нүкте, төртінші – қондырғының ішіндегі қысымды реттейтін нүкте. Аталған жоба күн энергиясын пайдалана отырып, ағынды суларды тазалап, технологиялық қажеттілік және жасыл-желектерді суаруға жарамды техникалық суды алатын гелиотехнологияны әзірлеуді көздейді.

– Жоба негізінде әзірленген қондырғыны, әдісті қолданысқа енгізу қалдық көздерін азайтып, қоршаған ортаға жүктемені төмендететіні сөзсіз. Сонымен қатар айтарлықтай көлемдегі су көлемінің өндіріс айналымына енгізеді. Сөйтіп, кәсіпорын қаражатты үнемдеумен қатар, күн энергиясын кәсіпорынның энергобалансына енгізіп, қоршаған ортаны қорғаудағы маңызды мәселелердің шешілуіне ықпал етеді, – дейді Л.Сабытайқызы.

Бүгінгі таңда жас ғалымдарға қолдау көрсетіліп, зерттеу жұмыста­рын жүзеге асыруға мүмкіндік бері­ліп жатыр. Соның нәтижесінде Ләй­лім Сабытайқызы зерттеу нәтиже­лерінің жаңалығын растайтын арнайы патентке ие болған. Бұған қоса SCOPUS дерекқорында CiteScore бойынша 52 процентилді «Journal of Ecological Engineering» журналында «Intensification of the Wastewater Treatment Process of a Bitumen Plant with the Production of Recycled Water» мақаласын жариялап, докторлық жұмысын сәтті қорғады.