Денсаулық • 30 Қараша, 2023

Қызылша дерті сейілер емес

167 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қызылшаға қарсы вакцинаны күні бұрын салдырып, аурудың алдын алуды ойлағандардан бөлек, вакцинадан үзілді-кесілді бас тартып отырған тұрғындар да жоқ емес. Соның салдарынан болар, қара­шада қызылшаның тіптен асқын­ғаны байқалып, жұқпалы ауруға қарсы жаппай иммундау басталды. Дәрігерлер қызылшаны өтпелі ауру санап, бейқам жүруге болмайтынын ескертеді. Өйткені ауру асқынып, беті қайтпаса, салдары ес жидырмауы мүмкін. Кейін­гі де­рек­терге сүйенсек, елімізде 17 мың­нан аса адамнан қызылша анық­талған. Олардың 82 пайызы ба­лалар болса, осы қатардағының көпшілігі – вакцина алмағандар.

Қызылша дерті сейілер емес

Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қызылша ауруының асқынып бара жатқанын хабарлап отыр. Оның айтуынша, қызылша әлемнің 167 елінде 415 мыңнан аса адамнан анықталыпты. Бізде де жағдай қалыпты деуге келмейді, аурудың осы түрі еліміздің барлық өңірінде тіркелген. Елде қызылшаның 17 мыңнан аса жағдайы анықталғанын жоғарыда айттық. Оның ішінде 14 465 жағ­дай балаларда анықталса, осы тізім­­дегі балалардың 83%-ы вакцина сал­­дыр­маған. Балалардың 60%-ы ата-ана­ларының бас тартуына байланысты вакцина алмаған. Қалған балалар вакцина алатын жасқа жетпеген немесе медициналық қарсы көрсетілімдері бар. Кейінгі мағлұмат бойынша қызылшамен ауырғандар ең көп Шымкент қаласында – 3 016 жағдай, Алматы қаласында – 2 653 жағдай, Жамбыл облысында 2 370 жағдай тіркелген. Елімізде қызылшамен ауыр­ған пациенттерге арналған 3,5 мың­нан аса орын ашылған. Ауруханаға түскен балалардың ішінде 30 бала жансақтау бөлімшелерінде ауыр жағдайда жатыр. Оның ішінде жасқа толмаған 15 бала бар.

Медицина мамандары қызылша ауруынан сақтанудың бірден-бір жолы вакцина екенін үнемі ескертіп, айтып отырады. Денсаулық сақтау министрлігі де вакциналауға ба­сым­дық береді. Тарқатып айтар болсақ, бүгінде қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундаумен 94 мың бала қамтылған. Осы қатарда 18 жасқа дейінгі бұрын вакцина алмаған 63,2 мың бала бар. Бұл тиісті контингенттің 50%-ын құрайды. Инфекция ошақтарында шұғыл вакцинаны 15,4 мыңнан аса адам алған. Биыл қосымша иммундау туралы қабылданған шешімдерді ескере отырып, барлығы 770 мыңнан аса бала вакцина салдырған. А.Ғиният қызылшаға қарсы вакцинаның қосымша 1,5 млн дозасы сатып алынғанын айтты. Оның 500 мың дозасы жеткізілсе, желтоқсан айын­да тағы 1 млн доза келеді. Тағы бір маңызды ақпарды айтар болсақ, вак­цинадан бас тартатындар көбейсе, өлім­ге әкелетін көкжөтел, дифтерия, по­лио­миелит, В гепатиті сынды инфекция­лар өршуі мүмкін екен. Сондықтан іс насыр­ға шаппай тұрғанда қызылша инфекция­сын дер кезінде ауыздықтаған тиімді.

Бүгінде Астанадағы инфек­циялық стационарлар да қы­зыл­шаға қарсы күшейтілген ре­жімде жұмыс істеуге кіріскен. Мау­сым­­дық вирустық инфекциялармен, оның ішінде қызылшамен сырқаттанғандардың көбеюіне байланысты №3 көпсалалы қала­­лық балалар ауруханасына па­циент­тер жиірек қайырылатын болған. Аурухана 300 төсектік орынға арналған болса, қазір тө­сек­­тік орын 557-ге жеткен.

чпа

– Қызылша туралы ақпарат­тарға қарамастан, ата-аналар арасында осы аурудың қаншалықты қауіпті екенін түсінбейтіндер кездеседі. Жеке сеніміне қарай вакциналаудан бас тартатындар да табылады. Сенімсіз фактілерге сүйенеді. Аурудың бетін дер кезінде қайтармаса, адам бойында басқа да аурулардың асқынуына апаруы мүмкін. Қызылша ауруын жұқтырған балада мидың ісінуі, өкпенің абцессі пайда болып, бұл оның саңырау болып қалуына апаруы ықтимал, – дейді аталған ауруха­на­ның бөлім меңгерушісі Гүлмира Нұртазина.

Денсаулық сақтау басқарма­сының ақпаратына зер салсақ, қалада қызыл­ша бойынша тө­сек­тік орындардың жалпы санының жүктемесі – 42 пайыз. Ересектер арасында стационарлық емдеу­де 63 науқас бар. Олардың жағ­дайы орташа ауыр екен. Алай­да дәрігерлер қызылша жұқтыр­ғандардың арасында ересектер сирек кездесетінін айтады. Сала мамандары қызылшаның алдын алу үшін балалар екпені қаланың барлық емханасынан тегін ала алатынын жеткізді.

Қала тұрғыны Нұрсәуле Нәзір қызылша ауруы тарап жатқаны туралы ақпаратты естігенімен, вакциналауға асықпағанын айтады.

– Күнделікті тіршіліктің қамы­мен жүріп, әні-міне вакцина аламыз деп жүргенде, өзіміздің балалар да қызылша жұқтырды. Үш баламыздың үсті бірінен кейін бірі бөрте бастады. Қайбір жылдары елімізде қызылшамен ауырғандар қаптап, кейін беті қайтып еді ғой. Тура сол секілді ауруды балалар жеңіл қабылдайды деп ойлаппыз. Әйтсе де, балалардың қызуы көтеріліп, сырқатпен біраз алысты. Әрине, ол уақытта үй жағдайында дәрігердің нұс­қауын орындадық. Бала-шаға­мен қоса біз әбігерге түстік. Ем­ха­­наға барып-келіп жүргенде жас­­қа толмаған нәрестелер де қы­зылша жұқтырады дегенді ес­тіп, таңғалдым. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген дөп айтылған сөз екен. Соған тағы бір көз жетті, – дейді ол.

Қызылша – жұқпалы ару. Ауа ар­қылы тарайды. Қызылша жұқтырған адаммен қатар тұ­рып әңгімелескенде екінші адам­ның сырқаттануы әбден мүмкін. Дегенмен вирус тез өледі. Ол тұр­мыстық заттар, киім-кешек ар­қы­лы жұқпайды. Алғашқы бел­гілері 3-5 күнде байқалады. Ұй­қышылдық пен тез шаршау пай­да болады. Сосын баланың басы ауырып, мұрнынан су ағып, жөтел қысуы мүмкін. Қы­зуы жоғарылайтын жайттар да кез­десе­ді. Үй жағдайында қызыл­шаның ал­ғаш­­қы белгілерін қәні­гі тұмау деп ой­­лайтындар көп. Осы кезеңде қызыл­шаның негіз­гі белгісі – тіс түбінде, ауыз-қуы­­сында бөртпе пайда болуы ық­ти­мал. Егер баладан осындай белгілер байқалса, онда ауру­­ды ерте диагностикалауға, қажет болса, оқшаулау шарасын жүр­гізуге мүм­кіндік пайда болады. Қызылшаның екінші кезеңінде бөртпелер анық көріне бастайды. Бөртпе құлақтың артында, бас терісінде пайда болып, мойынға, бетке, кеудеге тарайды. Кейін иық, қол, арқаға өтеді. Содан соң барып бет бозарып, саусақтармен қоса аяққа да бөртпе тарайды. Сондықтан ата-аналар баладан қызылшаның алғашқы белгілерін байқаса, дәрігерге жүгінгені абзалырақ.

Биыл Денсаулық сақтау минис­тр­лігі, Көліктегі санитарлық-эпи­де­миялық бақылау депар­та­мен­­ті­нің бақылауындағы объекті­лер­дің қыз­меткерлері арасында да қы­зылша жұқтырғандар көбейген. Бүгінде онда қызылша жұқтырған 121 адам анық­талса, былтыр нақ осы мез­гіл­де 1 адам ғана тіркелген. Соның ішін­­де теміржол көлігі қыз­мет­кер­ле­рі арасында қызылша жұқ­ты­ру жағ­­дайының үлес салмағы 78,4%-ды, әуе көлігінде 21,05%-ды құ­рап­­ты. Көліктегі са­нитарлық-эпи­­демиялық бақылау депар­та­мен­­тінің басшысы Жанар Ура­зали­­наның айтуынша, жолаушы­лар ара­сында сырқаттанған 102 адам тірке­ліпті (теміржол кө­лігі – 50, әуе көлігі – 52). Кө­лік кә­сіпорындарында жағ­дай­ды тұ­рақ­тандыру мақсатында сани­тар­­лық-эпидемияға қарсы са­ни­тарлық-профилактикалық іс-шара­лар уақтылы жүргізіліп жатыр екен. Осылайша, сырқаттан­ғандармен байланыс­қан 3 475 адам анықталып, тұрғылықты жері бойынша емдеу мекемелеріне жіберілген. Сонымен қатар науқас­тардың жұмыс орындарын дезинфекциялау шаралары жүргізіліпті. Департамент басшылығы да қызылшадан қорғаудың ең сенімді әдісі уақ­тылы вакцина алу екенін айтып отыр.

Қызылшамен ауырған адам­ның төңірегіндегілерге ауру жұқ­тыруы мүмкін ең қауіпті мезгіл бөртпе пайда болғанға дейінгі және кейінгі 4 күн екен. БҰҰ деректері бойынша әлемде 67 миллионнан аса бала пандемияға және вакцинаға деген сенімнің азаюынан және басқа да бірнеше факторға байланысты жоспарлы иммундауды өткізіп алған. Мұның салдарын әлем ел­дері­­нен, бізбен қатар көрші ел­дер­­дегі ахуалға қарап біле бер­сек болады.