Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Бұрынғыдай малына жеткілікті шөп дайындай алмаса, қоңыр тірлікте не береке қалар дейсің. Жасыратыны жоқ, осы ушыққан жағдайға Жанкелдин ауданының Қызбел ауылымен қатар Албарбөгет шаруашылығы да тап келіп, мал азығын дайындауда әр маусымда бағзыдан тиесілі шабындықтарынан шөп шаба алмай, ыңыршақтары айналып, дәрменсіз күй кешуде. Мұндай келеңсіздік әрі қарай жалғаса берсе, малдан басқа ырыздығы кемшін күйде қалың отырған құйқалы жұрттың берекеті қашып, жан-жаққа босып кетуі әбден мүмкін-ау. Сонымен, мұндай ашық күнгі алаңдаушылықтың, кеспірлі келеңсіздіктің сыры неде болып отыр?
2012 жылғы 26 қарашадағы №1496 Үкімет қаулысына сәйкес Жанкелдин ауданы Қызбел ауылдық округіне қарасты Сарықопа жер көлемінің 52 286 гектары «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватына кіріп кеткен. Оның ішінде 31 456 гектар қорық режіміне қарасты болып, былайғы 20 830 гектары буферлік (аралық) аймаққа кірген. Бұл жерде Аманкелді ауданына қатысты жер бөлінісін есепке алмай отырмыз. Ол жағы – бөлек әңгіме.
Қызбел ауылдық округінің жер көлемі – 71 947 гектар. Елді мекен саны – 4 (Саға, Ұзынқарасу, Ошағанды, Бидайық). Халық саны 800 адамға жуықтады. Аула саны – 140. Ауылдың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. 39 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Былтыр округ бойынша ірі қара саны 6 679 болса, биыл 8 274-ке дейін өсіп отыр. Оның шаруа қожалықтарына тиесілісі – 4 577, жергілікті тұрғындардың үлесі – 3 697. Жылқы саны – 1 784, ұсақ мал 4 527-ге жетті. Қыстан қысылмай шығу үшін жылда шаруа қожалықтарына – 6 мың тонна, ал жеке тұрғындарға 5 мың тонна көлемінде шабындық шөбі қажет.
Ауылдан 8-10 шақырымдағы 20 830 гектар құрайтын шабындық және жайылым жерлері «Алтын дала» резерватына кіріп кеткендіктен, қорықшаның қызметкерлері дер уақытында шөпті шаптырмай кедергі келтіріп жатады. Ауыл, аудан әкімшілігі болып бұл мекеме басшылығына хат жолдап, шөп шабуға рұқсат сұрап, жалбырынады да жүреді. Содан олар оң қабақ танытқанша, піскен шөп сарғайып, құнары кеміп, амалсыздан ағарған шабындықтан өз қажеттерін әрең өтеп алып жатады.
Сонымен, халықтың талабы мынадай жалғыз сұрақ: негізгі күнкөрісі мал шаруашылығы болғандықтан, Қызбел ауылына қарасты Сарықопаның 20 830 гектар буферлік аймақтағы шабындық жерлері жергілікті халыққа қайтарылуға тиіс. Бұл тұрғысында «Аmаnаt» партиясы Қостанай облыстық филиалы жанындағы «Жер аманаты» аймақтық комиссиясы жиналысының хаттамасына сәйкес Парламент Мәжілісінің депутаттары Б.Бейсенғалиев пен Е.Смышляеваға «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваты шекарасын өзгертуге жәрдемдесу жөнінде өтініш те жіберілген еді. Дегенмен нақты нәтиже кешеуілдеп отыр.
Біздіңше, шаруалардың мал азығын дайындаудағы қолын матап-байлап отырған аталған Үкімет қаулысындағы: «Қостанай облысының әкімдігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мекеме жерлері төңірегінде күзет аймағын белгілеп, осы аймақ шегінде экологиялық жүйелердің жай-күйіне және оларды қалпына келтіруге келеңсіз әсер ететін кез келген қызметке тыйым салсын және (немесе) шектесін», деген мәтіннің мазмұнын ауыл тұрғындарының мүддесіне орай, жұмсартқан абзал болар ма еді?
Келесі жылы бұдан да сорақысы күтіп тұр екен. «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваты тарапынан Қызбел ауылының тұрғандарына мүлде шабындық жерден шөп дайындауды тыятын шаралар жүзеге аспақшы дейді. Сонда не болмақ?
Солай бола қалған жағдайда ел малынан айырылады, жан-жаққа амалсыз қоныс аударып, жан сауғалап кетпек. Аштық зобалаңы қысқан сонау топалаң жылдарда да нулы-сулы Сарықопа өңірін паналап, табиғи нәрін талғажу етіп, аман қалған қалың жұрт, әлгіндей жайсыздық жалғаса берсе, мал-жансыз қаңырап қалмасына кім кепіл?
Мұның бетін аулақ қылсын десек те, жанды мазалайтын бұл көкейкесті мәселелерге дереу көңіл аударып, түйткілдің түйінін шешуге тез арада кіріскеніміз жөн болар еді. Қалың қардың астынан мал ырыздығы – шөп қылтиятын кез де жетіп келмей ме?!
Қайсар ӘЛІМ,
Президент сыйлығының лауреаты, журналистика ардагері
Қостанай облысы,
Жанкелдин ауданы,
Қызбел ауылы