Аймақтар • 29 Қараша, 2023

Апаттың алдын алу

173 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Петропавл мен қала маңындағы Пестрое көлінде Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қыс-2023» республикалық команда-штабтық жаттығулары өтті. Жаттығулар азаматтық қорғаныстың қыс айларында болуы мүмкін түрлі төтенше жағдайды жоюға дайындығын пысықтауға арналған.

Апаттың алдын алу

Екі кезеңде жүргізілген жаттығуда алдымен мұздың үстінде көлігімен бара жатқан адамды құтқару жұ­мыс­тары қалай жүргізілетіні көрсетілді. Тө­тенше оқиға ауызша емес, Пес­тр­ое көлінің үстінде іс жүзінде жү­зеге асырылды. Келесі кезеңде құт­қа­­рушыларға шартты түрде жолда соғысқан «ГАЗель» мен жеңіл кө­ліктің апатында болуы мүмкін қиын жағдайды еңсеру жүктелді. Сыртқа шыға алмай қалған жеңіл көлік жүр­гізушісін құтқару оңай болған жоқ. Жағдай көліктің отқа орануымен күрделене түсті. Апат орнына жедел жеткен ТЖ құтқарушылары, өрт сөндірушілердің кезекші қарауылы өртті жылдам сөндірді. Қамалып қалған адам салонның артқы есігінен шығарылып, оған дәрігерлік көмек көрсетілді.

Сондай-ақ Пестрое көліне жақын орналасқан орманда жедел-құтқару жасағының мамандары жергілікті по­лиция қызметі және Ұлттық ұлан­ның 6637 әскери бөлімінің әскери қызметшілерімен бірлесіп, жоғары өтімді ТРЭКОЛ техникасының 3-еуін пайдалана отырып, адасқан адамды іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді. Кинологтің жәрдемімен адасқан адам тез табылып, оған ме­ди­циналық көмек көрсетілді. Жат­тығу кезінде төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерді көл жағасындағы шатырлы лагерьге орналастыру бойынша іс-шаралар да пысықталды. Оларды тіркеуден және алғашқы медициналық көмек көрсетуден бастап, тамақтану мен түнеуді ұйымдастыруға дейінгі іс-шаралардың толық кешені қамта­ма­сыз етілді. Осындай маңызды істе Қызыл Крестің облыстық филиа­лы мен сауда және тамақтану қызметінің қызметкерлері үлкен рөл атқарады. Жергілікті жерде коммуникацияларды ұйымдастыру үшін облыс әкімдігінің, «Қазақ­телеком» АҚ қызметкерлерінің көме­гімен 3 телефон нөмірі ұйым­дастырылып, байланыс пункті ашылды. Тәжірибелік іс-шаралар облыстың ауылдық аудандарында да өткізілді, бұл ретте автожолдардағы шартты ТЖ және коммуналдық және энергетикалық желілердегі апаттарды жоюға, зардап шеккендерге көмек көрсетуге баса назар аударылды. Құрылысы толық аяқталмаған 9 қабатты үйдің аумағында өрт кезінде тұрғындарды құтқару сценарийі де жүзеге асырылды.

Оқу-жаттығуларда бірнеше оқиға қамтылып, олардың бәріне құт­қарушылар бірнеше күн дайындалды. ТЖД баспасөз қызметінің өкілі Евгений Журавлевтің мәлімдеуінше, мұндай жаттығулар еліміздің өзге де аймақтарында өткізілген. Бүгінгі таңда құтқарушылардың жалпы саны 34 мыңдай адам күшінен және 12 мың түрлі техникадан тұрады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы